Accessibility links

Кейт Тестер: Ұлттық банк шағаланы қолданғанын мойындасын


500 теңгелік банкнот пен Кейт Тестер "түсірген" шағала.
500 теңгелік банкнот пен Кейт Тестер "түсірген" шағала.

Қазақстан теңгенің жаңа банкнотында суретімді қолданды деген канадалық фотограф ұлттық банктен жауап күтеді. Даулы банкноттағы суреттердің иесімін деген шетелдік фотографтар авторлық құқықтарын қорғау үшін біріге бастады.

Бұған дейін швейцариялық фотограф Марсель Буркхард ұлттық банк шығарған 500 теңге банкнотта түсірген суретінің қолданылғанын айтып, банк тарапынан сертификат талап еткен еді. Енді оған канадалық фотограф Кейт Тестер қосылды. Ол да банкноттағы шағаланың бірі өзі түсірген суреттен алынғанын айтады. Тестер «Қазақстан мен түсірген шағаланы банкнот дизайнына қолданғанын мойындауы керек» дейді.

Фотограф Кейт Тестер.
Фотограф Кейт Тестер.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Кейт Тестердің айтуынша, сурет 2010 жылы маусымның 8-і күні Канаданың Принц Эдуард аралындағы Сэндбанк провинциялық саябағында түсірілген. Сол жылы маусымның 24-і күні Deviantart сайтында жарияланған. Кейттің өзі суреттің қолданылғанын жақында ғана білген.

- Бұл Рождество күндері болатын. Мен Deviantart сайтындағы аккаунтымды ашып, екі хабарлама келгенін көрдім. Біріншісін ашып қарасам, сайт мүшелерінің бірі менің суретімнің ұрланғанын айтып, сілтемесін жіберіпті. Сілтемені ашсам онда тек даудың жай-жапсары ғана баяндалыпты, суретімді көре алмадым. Екінші хабарламаны ашсам, онда Марсельдің (Марсель Буркхард - ред) түсірген шағаласы мен өзім түсірген суреттерді көрдім. Deviantart сайтындағы аккаунтыма сілтеме жасап қойыпты. Таң қалдым. Маған хабарлама жіберген адам Марсельге хабарласқаның жөн депті. Мен содан бері яғни желтоқсанның 26-нан бері Марсельмен байланыстамын, - дейді Кейт Тестер.

Адвокат жалдауға қаржы жоқтығын айтқан фотограф Қазақстанның ұлттық банк суретті қолданғанын мойындаса дейді. Әзірге банк өкілдері фотографке хабарласпаған.

- Елдегі (Қазақстандағы – ред) баспасөз құралдары мен үкіметке де хабарластым бірақ олардан әлі жауап жоқ, - дейді ол.

500 теңгелік жаңа банкнот.
500 теңгелік жаңа банкнот.

29 жастағы Кейт Канаданың Онтарио штатындағы Пиктон қалашығында тұрады. Айтуынша, Пиктонда дүкенде кассир болып жұмыс жасайды. Фотоға түсіру - 15 жылдан бергі хоббиі.

"ӨЗГЕ ШАҒАЛАЛАРДЫҢ АВТОРЛАРЫН ІЗДЕП ЖАТЫРМЫЗ"

Қазақстандық ақпарат құралдары өткен аптада Буркхард пен Тестердің бірігіп, авторлық құқықтарын қорғау үшін қазақстандық заңгер Руслан Қожахметке жүгінгенін хабарлады. Заңгердің айтуынша, қазіргі кезде даулы банкнотта бейнеленген өзге шағалалардың авторлары да іздестіріліп жатыр.

Ұлттық банк шығарған 500 теңгелік банкнотта бейнеленген шағалалардың интернеттен алынуы мүмкін екені туралы болжам 2017 жылы қарашада айтылған еді. Желтоқсанның басында швейцариялық фотограф Марсель Буркхард банкнотта бейнеленген шағаланың бірі өзінің суретінен алынғанын айтып, банктен еңбегін бағалауды талап еткен.

Ал ұлттық банк құстардың қимыл қозғалыстары бір-біріне ұқсас бола беретінін, дизайнерлер суреттерді графикалық программаларды қолданбай қолмен салатынын мәлімдеген.

Көре отырыңыз: "Басқаның шағаласында нең бар еді"

"Басқаның шағаласында нең бар еді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:19 0:00

Дегенмен фотограф Марсель Буркхард ұлттық банктің жауабына байланысты Азаттық тілшісіне “шағаланы дәл осындай қимылда екі рет суретке түсіру мүмкін емес. Банкноттағы шағала өзім түсірген суреттегі шағаладан аумайды” деген еді. Оның айтуынша, бұған дейін ұлттық банк Буркхардқа хат жазып, шағаланың көшірілгенін жоққа шығарған.

“Суретім Қазақстан банкнотында қолданылғандықтан маған сертификат қажет. Егер банк мойындамаса, онда сотқа шағым түсіреміз. Ақша түрінде компенсацияны да талап етеміз. Ол ақшаны Қазақстандағы отбасыларға қайырымдылық ретінде берер едім. Бірақ іс бұған жетпейді деп үміттенем” деген еді ол Азаттыққа.

Азаттық тілшісі өткен аптада бұл мәселеге байланысты ұлттық банкке ресми сауал жіберген. Әзірге Ұлттық банктен жауап келген жоқ.

Қазақстанда 500 теңгенің жаңа банкноты 2017 жылы қарашада айналымға енген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG