Accessibility links

Тіркеу мен жәрдемақыдан үміттенген шарасыз жандар


Данияр Ғұбайдуллин қарындастары Динара (сол жақта) және Дананы құшақтап отыр.
Данияр Ғұбайдуллин қарындастары Динара (сол жақта) және Дананы құшақтап отыр.

Алматыда екі бөлмелі пәтерде тұрып жатқан алты адамның төртеуі - мүгедек. Әке-шешелерінің пәтеріне тіркелу қиындығына байланысты отбасының үш мүшесі мүгедектігін ресімдей алмай отыр.

30 жастағы Данияр Ғұбайдуллиннің мүгедек туыстарымен бірге тұрып жатқанына 10 жылдан асқан. Екі бөлмелі пәтердің балалар бөлмесінде Данияр құрбы қызымен тұрады, інісі Дамир асүйде ұйықтайды, ал анасы мен қарындастары залда жатады.

- Әуелі екі қарындасым мен анама көмектесемін де, сосын інімнің күтіміне кірісемін. Бұл менің күнделікті міндетім, - дейді Данияр.

Данияр күн сайын жұмыстан кейін науқас анасы, 26 жастағы қарындасы Дана, 20 жастағы қарындасы Динара мен 21 жастағы інісі Дамир күтіп отырған үйіне асығады. Кедей отбасындағы төртеуі де ерекше күтімге мұқтаж жандар. Оның бір қарындасы ғана мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақы алады, ал қалғандары әке-шешесінің пәтеріне қатысты туған даудың кесірінен мүгедектікке шыға алмай жүр. Ол науқас қарындастарының памперсін өзі ауыстырып, тамақ пісіреді, кір жуады. Данияр енді «оңалту бағдарламаларының біріне ілігерміз немесе жыл сайын арнайы медициналық емделуге бөлінетін квота тиіп қалар» деп үміттеніп, мемлекеттен қайыр күтеді. Бұл үйдегі мүгедек жандар пәтерлеріне тіркеле алмағандықтан, квота да ала алмай отыр.

Данияр Ғұбайдуллин.
Данияр Ғұбайдуллин.

- Әкем өмір бойы әскери адам болған, ал қартайған шағында ең кәрі студент атанып, журналистика факультетін бітірген. Ол инсульт алып, сал болып қалды, 1996 жылы 65 жасында қайтыс болды, - дейді Данияр Ғұбайдуллин Азаттыққа.

Даниярдың анасы, Алматы облысындағы Нарынқол ауылының тумасы Гүлжан Ғұбайдуллина тіс дәрігері пен аспаздың оқуын бітірген, Алматы мақта-мата комибинатында жұмыс істеген. Жүзу, дзюдо сияқты спорт түрлерімен көп шұғылданған.

Бірақ бір күні шаңырақтың берекесі қаша бастаған. Отағасы көз жұмғаннан кейін отбасында кикілжің басталған, оған әлі күнге дейін шешілмей келе жатқан пәтер дауы қосылған. Жаңа отбасын құруға тырысқан әрекетінен ештеңе шықпаған анасы ауыр сырқатқа шалдыққан. Сөйтіп ерекше күтімге мұқтаж інісі мен екі қарындасының бүкіл ауыртпалығы Даниярдың иығына түскен. Пәтердің негізгі құжаттары жоқ және тіркеуде болмағандықтан, Даниярдың інісі мен екі қарындасының мүгедектігін ресімдеуде қиындық туған.

Азаттық фоторепортажы: Ғұбайдуллиндер отбасы

ҚАРЫНДАСТАРЫНЫҢ ДЕРТІ

Данияр Ғұбайдуллин Еуразия қаржы-экономикалық колледжін, 2010 жылы Еуразия институтын бітіріп, экономист мамандығын алған. Заңгер болуды армандап, мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Бірақ заң факультетіне түсе алмаған. Бірақ заң білімі жоқ болса да, жуырда оны бір адам жұмысқа алған.

- Қайырымды жандар табылып, жұмыс табуға көмектесті. Отбасы жағдайына байланысты сұрансам, жағдайымды түсініп, босатып отырады, - дейді Данияр Ғұбайдуллин.

Данияр «бір сәтте жарымжан болып қалатындай біздің үйде ешкім көлік немесе ұшақ апатқа ұшырамаған еді» дейді. Оның қарындастары Дана мен Динараның сырқаты елеусіз басталған. Екеуі дені сау, кәдімгі бала болып өскен. Мектепте екеуі де жақсы оқыған, мұны үздік оқығаны үшін алған, қазір үйде сақтаулы тұрған мақтау қағаздары растайды.

- Балалардың күтімін жасауға анамның жалғыз шамасы келмейтін. Дананың денсаулығы мектепте жүргенде сыр бере бастады, ол сабақтан жиі қалатын. Қол-аяғы істемей, төсекке таңылып қалды, - деп еске алады Данияр.

Жасөспірім баланың иығына өмірдің бүкіл тауқыметі осылай біртіндеп түскен. Мектептегі кезінен жұмыс істеген Данияр тапқан азын-аулақ ақшасын үйге әкелетін.

- Данамен әбден азаптандым, бұрын оның бүкіл денесі ісіп кетіп, буындары сырқырайтын. Алматы қаласындағы ревматологиялық орталық бір жыл бойы жүгіріп, құжат жинаған соң бізді әрең қабылдады. Мүмкін өзім дұрыс істемеген шығармын, құжаттарды күнделікті жинай беру керек еді. Бірақ оған мұршам болмады, қазіргідей жұмыс істеп, тамаққа ақша табу керек болды, - дейді Данияр.

Бізге жекеменшік клиникаға барып, анализ тапсырыңдар деді. Ақшамыз макарон, күріш, қарақұмықтан аспайтын болған соң, ол жаққа хабарласып, ақысы қанша екенін де сұрамадым.

Жас жігіт бір апта жұмыс істесе, бір апта жұмыстан қалып қарындасының ауыр науқас екенін растайтын құжаттарды жинаған. Бір жылдан кейін ол қарындасын тексертуге қол жеткізген. Бірақ тексеру нәтижесі шыққан кезде дәрігерлер оған «қарыңдасыңды әлі тексерту қажет» деген, бірақ «қызыл жегі» деп аталатын сирек кездесетін дертті анықтайтын биохимиялық реактивтер мемлекеттік ревматологиялық орталықта жоқ болып шыққан.

- Бізге жекеменшік клиникаға барып, анализ тапсырыңдар деді. Ақшамыз макарон, күріш, қарақұмықтан аспайтын болған соң, ол жаққа хабарласып, ақысы қанша екенін де сұрамадым, - деп еске алады жас жігіт.

Қазір екінші қарындасы Динараның денсаулығы сыр берген, сондықтан Данияр оның да құжаттарын жинастыра бастаған. Данияр қарындасының нақты диагнозын білмейді.

БАЛАЛЫҚ ШАҚ ЕСТЕЛІКТЕРІ

Динара мемлекеттен ешқандай жәрдемақы алмайды. Дана мүгедектігі үшін 2014 жылдың желтоқсанынан бері 33 мың теңге жәрдемақы алады. Кейін олардың анасы Гүлжанның денсаулығы да сыр берген. Ағасының айтуынша, Динараның аяқтары бүгілмейді әрі психикасында проблемалар пайда болған.

Динара Ғұбайдуллина.
Динара Ғұбайдуллина.

- Ең қиыны, енді анама күтім керек болып қалуы мүмкін. Сондықтан жәрдемақыларын тезірек ресімдеуге тырысып жүрмін. Менің тапқан ақшама күн көрсек, ал анам мен қарындастарымның жәрдемақысын күтім жасайтын адамға төлер едік, - дейді Данияр.

Әуезов аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығы Жанболат Әлиевтің Азаттыққа хабарлауынша, биыл наурызда Дана Ғұбайдуллина жеті айлық есептік көрсеткіш (шамамен 42 АҚШ доллары) көлемінде материалдық көмек алуы тиіс. Мұндай көмек жылына бір рет көрсетіледі. Әлиевтің айтуынша, тиісті құжаттары жоқ болғандықтан, отбасының өзге мүшелері мүгедектікке шықпаған.

- Дана Ғұбайдуллина бізден арба мен памперстер алды. Тұрғынүй жәрдемақысын ресімдеп берейік десек, олардың шешесі Гүлжан Ғұбайдуллинаның дербес есеп-шоты жоқ. Әлеуметтік көмек 18 жасқа толмаған балаларға беріледі, ал бұл отбасында бәрінің жасы 20-дан асып кеткен. Дана Ғұбайдуллина үшін жеке оңалту бағдарламасы қарастырылмаған, ол - арбамен жүретін мүгедек. Құжаттарын жинасын, мұндай жағдайда қарастырылған өзгедей көмек көрсетеміз, - дейді Жанболат Әлиев.

Данияр анасы бассейнге апаратын, тәтті жүгері мен ойын қондырғыларын сатып алып беретін балалық шағын еске алады. «Өмірдің тауқыметін әбден тартқан анам қазір 56 жаста, әйел үшін жалғыздықтан ауыр ештеңе жоқ қой» дейді Данияр.

Тұрғылықты жері бойынша орналасқан ауруханада тексерілуге болатынын жас жігіт білмеген. Қазір оның отбасын Әуезов ауданындағы №6 емханаға тіркеген. Бірақ пәтердің құжаттары жоқ болғандықтан, Данияр Ғұбайдуллин енді не істерін білмейді. Заңгер Ержігіт Сегізбай «пәтердің құжаттарын жөндетуге болады, бірақ Ғұбайдуллиндер пәтер дауын әуелі сотта шешіп алуы тиіс» деп кеңес береді.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG