Accessibility links

Қорқыту - үркіту, қара күш қолдану қимылдары тек қана тәуелсіз баспасөзге қарсы бағытталуда


БАҚ туралы заңға енгізілген үстірт түзетулер тәуелсіз журналистердің жұмысына кедергіні көбейтті. Бақылаушылардың пікірінше, Ақорда ақпараттық кеңістікті басқаратын тиімді құралды өз қолында қалдырды.

БАҚ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢДА АЛҒА ЖЫЛЖУ БАЙҚАЛАДЫ, БİРАҚ КЕРІ КЕТУШІЛІК ОДАН ГӨРİ БАСЫМЫРАҚ

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз бостандығын қорғау ұйымдарының негізгі ескертпелерін есепке алмастан, 6 ақпанда “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңға қол қойды. Бақылаушылар Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қарсаңында БАҚ туралы заңнан билік тарапынан жасалатын қатаң шаралар алынып тасталар деген журналистік ұйымдардың үміті ақталмады деп атап көрсетеді.


Алайда Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед БАҚ туралы жаңа заң журналистердің құқы мен кәсіби мүдделерін қорғайтын болады деп, оны құптап қарсы алды деген сөздерді келтіреді.

Жергілікті сарапшылар болса, жаңа заңды Қазақстандағы баспасөз бастан кешіп отырған қатаң шектеулерді сәл-пәл жеңілдететін көзалдарлық шара деп бағалауда.

Айта кету керек, Мәдениет және ақпарат министрлігі даярлаған жаңа заңның кейбір тұстарында алға жылжу аңғарылады. Оның бірі — электронды БАҚ-ың тіркелуі кезіндегі қайсыбір рәсімдердің және барлық бұқаралық ақпарат құралдарын басшылық құрамы немесе пошталық адресі өзгерген сайын мемлекеттік қайта тіркеуден өтуге міндеттейтін тәртіптің жойылуы.

Дегенмен, биліктің заңдағы жағымсыз тұстарды қалдыруы бақылаушылардың қарсылығын туғызуда. Ондай тұстардың бірі — бұрынғыша бүкіл бұқаралық ақпарат құралдарын тіркеуден өтуге міндеттейтін бап. Бұл — үкіметтің ақпарат кеңістігін бақылауда ұстауына қажет тиімді тетік.

Журналистерді қорғау комитетінің пікіріне сәйкес, елдегі билік тіркеудің талаптарын тәуелсіз және оппозициялық баспасөзге тосқауыл қою және үркіту құралы ретінде қолданады.

Сондай-ақ, жаңа заң жала жабу мен ар-ожданын қорлауды қылмыс қатарынан шығарады, бірақ, ол БАҚ-қа қатысты тұстарында ғана.

Журналистердің қорғау комитетіне “Әділ сөз” баспасөзді қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Калееваның хабарлағанындай, жала жабу және ар-ожданды қорлауға қатысты қылмыстық заңнаманың өзі өзгермейді. Оның сөзінше бұл қадам, бар-жоғы, бұқаралық ақпарат құралдарына деген нақты сілтемелерді жойған, сол себепті, жаңа тәртіпті биліктің қалай қолданатыны түсініксіз. Сонымен бірге Тамара Калеева блогер мен интернет журналистерін үкіметтің БАҚ-қа жатқызатын-жатқызбайтыны да анық емес деп санайды.

- Үкімет БАҚ-қа деген қарым-қатынасын өзгерткеніне Батысты сендіргісі келеді, сөйте тұра ұлттық заңнамаға нақты ешқандай құрылымдық өзгеріс енгізбейді. Журналистер баяғыша қауіп үстінде, әлі де мемлекеттік органдар тарапынан қастандыққа ұшырауда, - деді Тамара Калеева Журналистерді қорғау комитетіне.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ АЛДЫНДАҒЫ УӘДЕ ОРЫНДАЛМАДЫ

БАҚ туралы жаңа заң қабылданған соң билік қарамағындағы бұқаралық ақпарат құралдарының көбісі жаңа заңның журналистер алдындағы мәселелердің көп бөлігін қалай шеше алатынын жазды.

Журналистерді қорғау комитеті мысалға алған “Қазақстан бүгін” ақпараттық агенттігінің хабарлауынша:

“Заң жекелеген нақты мәселелерді де шешеді: мәселен, ол журналистерге арнайы рұхсатсыз-ақ жазба құралдарын пайдалануға және мемлекеттік орын ақпарат беруден бас тартқан жағдайда, сотқа шағымдануға мұрсат береді”.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығының қарсаңында осы ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстан билігін БАҚ туралы заңды либералдандыруға шақырған болатын.

ЕҚЫҰ-ға мүше елдер министрлерінің 2007 жылғы қарашада Мадридте болған кездесуінде сыртқы істер министрі Марат Тәжин жала жабу үшін қылмыстық қудалауды жойып, тіркеу туралы заңдарды ретке келтіру арқылы БАҚ туралы заңнаманы халықаралық талаптарға сәйкестендіруге уәде берген болатын. 2008 жылдың шілдесінде Астанада өткен ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының мәжілісінде сөйлеген президент Нұрсұлтан Назарбаев үкімет тарапынан ұлттық қауіпсіздік және ұлтаралық қатынас турасындағы жариялымдардың қатаң бақыланатынын жеткізе отырып, үкіметтің артық бюрократтық кедергілерді жою ниетінің бар екенін растады.

Сонда да үкімет жергілікті баспасөз бостандығын қорғаушылар мен медиасарапшылар тобы даярлаған БАҚ туралы заң жобасын қабылдамады. Қаңтарда премьер-министр Кәрім Мәсімов құжатта БАҚ диверсификациясы және зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бастамалары болғанын мойындады, бірақ олардың жүзеге асуы мемлекеттік қаржыландыруды талап ететінін, оған бюджетте қаражат қарастырылмағанын алға тартты.

Журналистерді қорғау комитеті БАҚ сарапшыларының болжамынша мемлекет бюджетінен қаражаттың болмауы — сөз бостандығын қорғау жөніндегі тәуелсіз ұйымдардың ұсынысына жол бермеуі үшін биліктің сылтауы болды деп жазады.

ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ТӘУЕЛСІЗ БАҚ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДЫҢ АСТЫНДА ҚАЛДЫ

Көп қызметінің бірі БАҚ қызметкерлерін оқыту боп табылатын “Халықаралық зерттеулер мен алмасулар” (International Research and Exchanges Board) атты вашингтондық ұйымның зерттеу тобы 2008 жылғы БАҚ-тардың тұрақтылығы индексінде Қазақстанның хабар тарату ақпарат құралдары шын мәнінде мемлекет бақылауында болған деген қорытынды келтіреді.

Аталмыш ұйымның қорытындысында “жергілікті биліктің бақылауы мен журналистердің өзін-өзі қадағалауының әсерінен жаңалықтар біркелкі таратылады әрі мағынасы жағынан мемлекеттің мүддесін қорғайды” делінген.

Журналистерді қорғау комитетінің жазғанындай, БАҚ-қа бақылауды кеңейту үшін үкімет наурыз айында жеке иеленушілерден “Хабар” медиахолдинг акцияларын өз иелігіне өткізді. Медиахолдингке “Хабар” мен “Ел-Арна” телеарналары, “Каспионет” спутниктік арнасы және “Хабар” радиобекеті қарайды. Осы бекеттер ел аумағының басым бөлігіне хабар таратады. “Хабар” холдингтік компаниясы оған дейін жартылай мемлекеттік басқаруда болған.

Лондондағы Соғыс және бейбітшілік институтының (IWPR) ақпараты бойынша, “Хабар” акциялары Қазақ биржасы арқылы жабық аукционда сатылған. Лондон институтына Алматыдағы “Медианет” журналистика орталығының директоры Әділ Жалилов “акциялар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне анағұрлым икемді, тосын жағдайларсыз сатылды” деп хабарлаған:

- Бұл қандай да бір оқыс жағдайларды болдырмау мақсатында жасалды, - деген Әділ Жалилов Лондон институтына.

"1989 жылдан президент тағында отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың билігіне шамасы ештеңе қауіп төндірмейді" деп жазады Журналистерді қорғау комитеті. Назарбаев 2012 жылы президенттік мерзімі аяқталғанда сайлауға тағы түсе алады; 2007 жылы парламент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сайлауға түсу шектеуін алып тастады; шектеу тек одан кейінгі президент үшін белгіленеді, бірақ лайықты үміткер әзірге көрініп тұрған жоқ.

Мұның бәріне 2007 жылғы парламент сайлауының нәтижесінде бірпартиялы заң шығарушы органның пайда болуының арқасында қол жеткізілді. Парламенттің төменгі палатасындағы барлық орынды “Нұр-Отан” президенттік партиясының мүшелері иеленіп отыр.

Айта кетерлігі, билік мұның сыртында тағы Интернеттегі ақпараттарға бақылау орнату мақсатында да шара қолданды. Сәуірде қазақстандық билік біздің Азаттық радиосының веб-сайтына және оның ел ішіндегі өзге де сайттарына тосқауыл қойды. "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" билік пен "Қазақтелекомға" шығып, сайттарды қайта ашуды сұрады. Содан 7 апта үзілістен кейін, маусым айында ғана Азаттық радиосының сайтына кіру мүмкін болды.

2008 жылдың қазанында қазақстандық интернет пайдаланушылар танымал блог-қызмет “Живой Журнал” да жабылғанын хабарлады деп жазады Журналистерді қорғау комитеті.

Сол кезде көптеген бақылаушылар “Живой Журналдың” жабылып, жұмысының тоқтатылуы президенттің бұрынғы күйеу баласы - Рахат Әлиевтің айналасында болып жатқан оқиғалармен байланысты деп санаған болатын.

2007 жылы елді тастап шыққан президентрің күйеу баласы Рахат Әлиев ажырасу процесі мен иелігіндегі банктер, медиахолдингтерге қатысты талас-тартыс алдында өз блогында қайын атасы мен жоғары лауазымды шенеуніктерге қарсы түрлі әшкерелеу деректерін жариялап отырған.

Ал, “Қазақтелеком” компаниясы “Живой журнал”-дың және өзге де сайттардың құрсауланғанына өздерінің қатысы жоқ екенін бар дәрменімен мәлімдеуде болды.

БОСТАНДЫҚ ИНДЕКСІ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН 169 ЕЛДİҢ İШİНДЕ 125-ОРЫНДА ТҰР

Австрияда орналасқан халықаралық баспасөз институты осы аптада “Әлемдегі сөз бостандығына шолу — 2008. Фокуста -Азия” атты баяндамасын жариялады. (Wrold Press Freedom Review 2008. Focus on Asia).

Халықаралық баспасөз институтының мәліметі бойынша, Қазақстанның қиындықтары - БАҚ-тарды құрсаулап отырған цензураның болуы және журналистерге қарсы әрдайым болып тұратын қастандықтар.

Халықаралық баспасөз институты сарапшыларының пікірінше, жергілікті баспасөз құралдарының басым бөлігі республика президенті мен оның айналасындағыларға тиесілі. Оппозициялық БАҚ өкілдеріне неше түрлі қысым жасау тәсілдері — қорқытып-үркіту, күш көрсету, тағы басқалар.

“Шекарасыз репортерлер” халықаралық ұйымы жасаған шолуға сүйенсек, сөз бостандығы индексіндегі 169 орынның ішінде Қазақстанға 125-шісі бұйырған. Халықаралық баспасөз институты сарапшыларының пікірінше, бірақ бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету құқына кедергі келтірмеген.

Кейбір халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сөз бостандығы Орталық Азия аймағының басқа елдерімен салыстырғанда анағұрлым тәуір деп санағанымен, тәуелсіз және оппозициялық БАҚ өкілдері биліктің нысанасында қалып отыр.

2007 жылдың наурызында Алматыда журналист Оралғайша Омаршанова жоғалып кетті. “Әділ сөз” ұйымының айтуынша, жоғалар алдында Астанада шығатын “Закон и правосудие” апталығының тілшісі Оралғайша Омаршанованың сол басылымда шешен мен қазақ жұрты арасындағы қанды қақтығысты бүге-шігесіне дейін сипаттаған мақаласы жарық көрген. Онда қақтығыстың өртіне май құйғандардың аты аталып, түсі түстелген.

Оралғайша Омаршанованың тағдыры әлі күнге беймәлім. Бақылаушылар бұл іс бойынша ешбір алға жылжушылықтың, қимыл-қозғалыстың жоқ. екендігін айтады.

XS
SM
MD
LG