Accessibility links

Қазақстанды алманың арғы отаны атайды


Алматы теміржол вокзалында сатылатын алмалар. 2 қазан 2014 жыл.
Алматы теміржол вокзалында сатылатын алмалар. 2 қазан 2014 жыл.

Батыс баспасөзі Қазақстанның экономикалық өсімі, көшпенді халықтар арасында кең тараған көкпар ойыны жайлы және Тянь-Шань тауы баурайында өсетін алманың шығу тегін қазіргі Қазақстанмен байланыстыратын зерттеуге қатысты комментарий жазған.

СТАТИСТИКА ЖӘНЕ ШИКІЗАТҚА СҮЙЕНГЕН ЭКОНОМИКА

Америкалық Stratfor сараптама орталығының сайты журналист Чарльз ван дер Лееувтің «Қазақстан: экономикалық дамуға қатысты болжам мен нақты жағдай» деген мақаласын жариялаған. Мақалада елдің ұлттық статистикалық агенттігі дерегінше, Орталық Азиядағы ең ірі ел – Қазақстанның экономикасы биыл алғашқы жарты жылда 4,2 пайызға өсті деп көрсетілген. Салыстырсақ, биылғы бірінші тоқсанда өсім 3,6 пайызды, ал 2016 жылдың алғашқы жарты жылында бар-жоғы 0,1 пайызды құраған болатын.

Бұл деректер халықаралық экономикалық ұйымдардың болжамдарына қайшы келеді. Мысалы, Азия даму банкі (АДБ) Қазақстанның биылғы экономикалық өсімі 2,6 пайыз, ал келер жылға 2,9 пайыз деңгейінде болады бағалайды. Бірақ АДБ комментариінде «2017 жылдың бірінші тоқсанындағы күтпеген экономикалық өрлеу» жайлы айтылған. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) сарапшылары елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІІ) өсімі - 2,5 пайыз, ал Өзбекстанда - 6 пайыз, Түркіменстанда - 6,5 пайыз болады деп санайды. Ең төмен болжам жасаған Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) мәлімдеуінше, 2017 жылғы өсім 2,4 пайыз болады. Бірақ Чарльз ван дер Лееув бұл ұйымдардың ешқайсысы ЖІІ өсіміне қатысты «дұрыс жүйеленген немесе сегменттік талдау» жасамайды деп жазады.

Алақандағы мұнай. Қызылордадағы кен орнынан түсірілген сурет. 22 қаңтар 2016 жыл.
Алақандағы мұнай. Қызылордадағы кен орнынан түсірілген сурет. 22 қаңтар 2016 жыл.

Мақалада Қазақстанның шикізат саласында ежелден тәуелді ел екенін көрсеткен. «Ұлттық статистика агенттігіне сілтеме жасаған Reuters агенттігінің жуырдағы есебіне сәйкес, 2017 жылдың алғашқы алты айында Қазақстан 35,863 миллион тонна мұнай мен 6,691 миллион тонна газ конденсатын өндірген, бұл тиісінше 8,7 және 15,6 пайыз өсім» деп жазады Stratfor.

«Мұнай сатуға үнемі тәуелді болу өнеркәсіп өндірісі мен капитал жұмсалымы моделіндегі тенденцияны айтарлықтай ауырлатып отыр. Өнеркәсіп өндірісі көрсеткішінен көп үміт күтуге болатындай көрінгенімен, инвестициялардың жалпы көрсеткіші Қазақстан экономикасының түрлі салаларында қаржы ресурстары тапшылығы барын көрсетеді, бұл тіпті ауыр тиеді, өйткені инвестицияның көп бөлігі жер қойнауын пайдалануға салынып, ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс сияқты өзге салаларға жанама зиян келтіріп жатыр» деп жазады Stratfor.

Көкпардан Азия чемпионаты. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.
Көкпардан Азия чемпионаты. Астана, 12 қыркүйек 2013 жыл.

КӨКПАР ЖӘНЕ ӘЛЕМДЕГІ АЛҒАШҚЫ АЛМАЛАР

Ұлыбританияның Guardian газетіндегі «Тақымымдағы лақтан айырылмаймын: қазақстандық ежелгі спорттың қазіргі күйі» деген мақаласында журналист Уилл Бост ат үстінде ойналатын спорт түрі - Қазақстанда кең тараған көкпарды «Көкпар спорты – доптың орнына басы кесілген лаққа таласатын поло ойыны сияқты.Тіпті Қазақстан өзін қазіргі заманға лайықты, озық технологиялы ел ретінде көрсетуге тырысқанымен, әлгі ежелгі ойын оның мәдениетінің негізгі бөлігі ретінде насихатталады» деп сипаттаған.

Мақалада көкпардың шығу тарихы «13-ғасырдың басында, тіпті одан да ертеректе өмір сүрген Шыңғысханның шабандоздарынан» басталады, әдетте бұл ойын ауылдар арасында ойналады, ойын алаңы көбінесе көшпенділердің қоныстары арасындағы қашықтыққа созылатын деп жазылған. Автордың жазуынша, қазір көкпар «кәсіпқойлар ойынына» айналып барады. Қазақстан тарихының негізгі дәуірлерін шолып өткен Guardian «өткенді жаңғырту мен Қазақстанның 21-ғасырдағы жылтыраған, жетілдірілген постмодерндік архитектурасын, сән-салтанаты келіскен дүкендерін, жасыл энергияны насихаттау қилы аномалиялар мен салыстыруларға ұласты. Шыңғысханнан тараған тайпалар бүкіл Моңғолия мен Орталық Азияға өз мәдениетін таратты, бірақ Қазақстандағы сияқты қазіргі заман мен ежелгі дүние арасындағы контраст аймақтың еш жерінде анық білінбейді. Бұған қоса, бұл өзара әрекеттестік қазақтың кәсіпқой көкпарындағыдай еш жерде білінбейді» деп түйіндейді.

Осы аптада Батыс басылымдарындағы Қазақстан тақырыбы алғашқы алмалар қазіргі Қазақстан территориясында өскен деген мәлімдемелерді жариялаумен жалғасты. Үндістандық Hindu газетінде «Қазіргі алмалардың шығу іздері Қазақстанға жетелейді» деген мақалада америкалық Boyce Thompson институтының қатысуымен жүргізілген жуырдағы зерттеу деректері қазіргі алмалардың отаны Қазақстанның таулы бөлігі, нақты айтқанда – Тянь-Шань тау тізбегінің батыс бөлігі екенін көрсетеді деп жазған. «Жиханкездер Жібек жолы арқылы шығыс пен батысқа барып жүрген кезде жабайы ағаштарда өсіп тұрған ең шырынды жемістің – алманың дәнегін әкеліп жүрген […] Зерттеушілердің айтуынша, ақыры бұл ежелгі сұрыптау қазіргі кезде өсетін алманың жеті жарым мың түрінің пайда болуына ұласты» деп жазады The Hindu.

Алматы апорты мен алмалары жайында өткен «Алматы деген біз » көрмесіне келген көрермен. Алматы, 30 қыркүйек 2015 жыл.
Алматы апорты мен алмалары жайында өткен «Алматы деген біз » көрмесіне келген көрермен. Алматы, 30 қыркүйек 2015 жыл.

Тақырыпты Лондонда жалғастырады. Ұлыбританияның Daily Mail таблоидында «Алманың шығу тегі: Еуропаға жемісті 10 мың жыл бұрын Жібек жолы арқылы саяхаттаған саудагерлер әкелген, олар Қазақстанда жұлып алған [жемістердің] тістелген қалдығын лақтырып тастап отырған» деген мақала шықты. Бұған қоса, мақалада жер жүзінен жиналған алманың 117 түрінің ДНК-сын салыстырып, алғашқы алма ағаштары қазіргі Қазақстанның таулы аудандарында өскен деп ұйғарған ғылыми зерттеудің жуырда жарияланған нәтижелерін сипаттайды. Алманың қазіргі түрі «қазақ» алмасы Еуропадағы дәмі қышқыл ранет алмасы ағаштарымен будандасып, қазір біз білетін сорттардың пайда болуына түрткі болды делінген зерттеуде.

Апорттың екеуінің салмағы бір килограмнан асады. Алматы, 16 қыркүйек 2012 жыл.
Апорттың екеуінің салмағы бір килограмнан асады. Алматы, 16 қыркүйек 2012 жыл.

Атауы алмаға байланысты Қазақстанның ең ірі қаласы Алматыда кей энтузиаст жандар әйгілі апорт алмасы сортын қалпына келтіруге тырысып жүргені белгілі. Совет Одағы күйрегеннен кейін Алматы маңындағы алма бақтарының көбін үй салу үшін кесіп тастаған немесе қараусыз қалдырып құртқан болатын. Ауыл шаруашылығы күйрегеннен кейін бүкіл елде алма және өзге жемістерді өсіру азайды. Енді Қазақстан алмаға сұранысын көбінесе импорт есебінен қанағаттандырады, ел жыл сайын 100 мың тоннадай алма сатып алады. Кейінгі жылдары әлгі импорттың көп бөлігін Польшадан келетін болып жүр.

XS
SM
MD
LG