Accessibility links

Халықтың ақшасынан гөрі баға тезірек өсіп барады


Базарға келген әйел. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.
Базарға келген әйел. Алматы, 16 қазан 2012 жыл.

Халық тұтынатын тауарлар мен коммуналдық қызметтердің бағасы жалақы, зейнетақы және төменгі күнкөріс деңгейімен қатар өсіп жатыр. Баға 2005 жылмен салыстырғанда 2012 жылы 83,4 пайызға өскен.

Төрт жерде жұмыс істейтін алматылық жалғызбасты ана Майраның негізгі күнкөріс көзі – тігіншілік.

– Киім тігетін, жөндейтін орынды жалға алғанмын. Бір жағынан шаштараз болып істеймін. Ара-тұра ауқатты адамдардың үйін жуып-тазалауға жалданамын. Бәрін қосқанда айына 100 мың теңгедей табамын. Оның 40 мыңы коммуналдық төлемге кетеді, шамамен 20 мың теңгесін - пәтерақыға, ал 15 мың теңгесін «Киім жөндеу» орнын жалдауға төлеймін. Қалғанын балам екеуміздің ішім-жем, киім-кешегімізге жұмсап, күн көремін, – дейді Майра.

Майраның табысы 2012 жылдың аяғындағы елдегі орташа жалақымен бірдей.

РАПОРТТАР

Қазақстан экономикасы 2012 жылдың қорытындысы бойынша - 2,1 пайызға, елдің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 5,4 пайызға өсті. Экономика мен ІЖӨ-нің өсуі халықтың тұрмыс деңгейінің жақсарғанын білдіреді.

Қазақстан статистика агенттігінің дерегінше, еңбекақы, зейнетақы, шәкіртақы және басқа әлеуметтік төлемдердің көрсеткіштері жыл сайын өсіп, қазақстандықтардың әл-ауқаты жақсарып жатыр; халық тұрмысында ұзақ пайдаланылатын бұйымдардың көбеюі қарапайым азаматтардың сатып алу мүмкіндігінің артқанын дәлелдейді.

Халықтың ұзақ пайдаланылатын заттармен қамтылу деңгейі

Статистикалық деректерге қарағанда, қазақстандықтар сатып алатын тамақ өнімдерінің түрі көбейіп, оның сапасы жылдан жылға жақсарып келеді.

Жан басына шаққанда бір жылдағы тамақ өнімдерін тұтыну деңгейі


КІРІСТІҢ ӨСІМІ

Соңғы алты жыл ішінде орташа айлық жалақы шамамен 1,9 есе өсті. Ол 2007 жылы 52 мың 479 теңге болған, ал 2012 жылы 101 мың 079 теңгеге жетті.

Айлық орташа зейнетақы мөлшері 2007 жылғы 10 мың 654 теңгеден 2012 жылы 29 мың 007 теңгеге дейін өсті (3,7 есеге жуық).

Төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 2007 жылы - 9 мың 653 теңге, ал 2012 жылы 16 мың 815 теңгеге (1,7 есе өскен) тең болды. Ал 2012 жылы азық-түліктің ең аз жиыны құны 10 мың 89 теңге болды.

Бұл көрсеткіштер қандай қарқынмен өссе де, бағаның қымбаттауы халықтың тұрмыс деңгейіне үлкен әсерін тигізеді. Инфляция азаматтардың сатып алу қабілетін төмендетеді.

Біздің кестеде орташа айлық жалақы, тағайындалған зейнетақының орташа мөлшері, ең төменгі күнкөріс шамасы және инфляция деңгейінің жыл сайынғы өсімі пайызбен көрсетілген.

2007, 2009 және 2010 жылдары инфляция деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейі өсімін басып озды. Инфляция 2007 жылы тағайындалған айлық зейнетақының орташа мөлшерінен де асты. 2012 жылы халық тұтынатын тауарлар мен қызмет түрлерінің бағасы 2005 жылмен салыстырғанда 83,4 пайызға қымбаттады.

ЦИФРЛАРДЫҢ СЫРЫ

Әр қазақстандық тұрғынның орташа айлық, зейнетақы немесе ең төменгі күнкөріс сомасына 2012 жылы қанша килограмм тамақ өнімдерін сатып алғанын мына кестеге қарап мөлшерлеуге болады.

Қарапайым тұрғын орташа айлық кесімді жалақыға ұзақ пайдаланылатын тұрмыстық техника сатып ала алады. Мұндай заттар сатып алу үшін зейнеткерге үш ай, ал ең төменгі күнкөріс шегінде өмір сүретін адамға жарты жыл керек. Бірақ соңғы екі адам бұл үшін азық-түлік сатып алудан, коммуналдық қызметтің ақысын төлеуден және басқа шығындардан бас тарта тұруы тиіс.

Баспана сатып алу бұдан қиындау. Үй бағасының қымбаттығы соншалық, баспанаға ие болу үшін көп жыл керек. Мысалы, аумағы 60 шаршы метр болатын пәтер сатып алу үшін орташа жалақы алатын адам – кем дегенде 9 жыл, айлық зейнетақының орташа мөлшерін алатын адам – 30 жыл, ал ең төменгі күнкөріс деңгейіне өмір сүретін азаматтар – 51 жыл ішпей-жемей ақша жинауы керек.

Статистикаға сәйкес, қазақстандықтар 2012 жылы өз кірісінің 43 пайызын тамаққа, 30,5 пайызын азық-түлік емес тауарларға, 19,5 пайызын ақылы қызметке, 7 пайызын басқа шығындарға жұмсаған.

ЕҢ ТӨМЕНГІ КҮНКӨРІС ДЕҢГЕЙІН КІМ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БЕЛГІЛЕЙДІ?

Парламент депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жамбыл Ахметбековтің айтуынша, Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс шегінің шамасы Зимбабвеге арналған есептеулерге негізделіп белгіленген.

– Бұл мәселе 1990 жылдары БҰҰ-да қаралып, артта қалған елдердегі кедейлік шегін белгілеу үшін есептелген. Нақтырақ айтқанда, Африка құрлығындағы Зимбабве үшін. Біз сол есеп негізінде ең төменгі күнкөріс деңгейін белгілеп, тіршілік еттік. Ол заманда бұл мардымсыз сома болатын. Бұл есеп арқылы Қазақстандағы кедейлік шегін белгіледік. Әлгі есептің негізінде біз тіршілік етуі үшін адам айына қанша ақша жұмсауы тиіс екенін есептеп шығардық, – дейді Жамбыл Ахметбеков Азаттық тілшісіне.
Жамбыл Ахметбеков рұқсат етілген шеруде сөйлеп тұр. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.
Жамбыл Ахметбеков рұқсат етілген шеруде сөйлеп тұр. Алматы, 31 наурыз 2011 жыл.

Оның айтуынша, қазір Қазақстан өркендеп, экономикасы өсіп отыр. Бірақ ең төменгі күнкөріс шегінің мөлшері тым төмен – 18 мың 660 теңге көлемінде (125 долларға жуық) белгіленген.

– Бұл сома біздің азаматтарымыздың тұрмыс деңгейін нақты көрсетпейді. Өйткені бұл соманың жартысынан көбі тарифі тоқтаусыз өсіп жатқан жарық, су, жылуды төлеуге кетеді. Дәл қазір біз «Адам мына сомаға бір ай бойы өмір сүре алады, өзін Қазақстанның толыққанды азаматымын деп сезінеді» деп айта алмаймыз, – дейді Жамбыл Ахметбеков.

Депутат Жамбыл Ахметбековтің пікірінше, ең төменгі күнкөріс шегіне әр адамның күнделікті өмірінде - 50 немесе одан көп пайыз пайдаланатын азық-түлік пен қызмет түрлерін енгізу қажет.

– Бұл – ең төменгі күнкөріс шегін есептеудің медиалды әдісі арқылы есептелген 50-55 мың теңге шамасындағы сома. Әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселені елемей, қайта қарамай отыр, – дейді парламенттің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Жамбыл Ахметбеков.

Депутаттың айтуынша, еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі жапон ғалымдарымен кеңесіп, медиалды кірісті (орташа кіріс көрсеткіші) тиімсіз деп ұйғарған.
Қазір қолданылып жүрген ең төменгі күнкөріс деңгейі Қазақстан экономикасына сәйкес екенін министрлік бізге дәлелдеп берсін.

– Бұған комитет төрайымы Дариға Назарбаевадан бастап бәріміз қарсы болдық. Біз олардың [министрліктің] ұсынысын постулат ретінде қарамайық деп шештік. Көп ұзамай бұл мәселе комитетте қайта қаралады. Қазір қолданылып жүрген ең төменгі күнкөріс деңгейі Қазақстан экономикасына сәйкес екенін министрлік бізге дәлелдеп берсін. Егер дәлелдей алмаса, біз оны ел экономикасының өсіміне сәйкес қайта қаралуын талап етеміз, – дейді Жамбыл Ахметбеков.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұл мәселеге қатысты өз дәйектері бар. Министрлік қаңтар айының аяғында «Қазақстандағы күнкөріс деңгейін есептеп шығару әдістемесінің негіздері» деген дөңгелек үстел өткізді. Жиын барысында ең төменгі күнкөріс шегінің шамасын анықтаудың Қазақстанда қолданылып жүрген әдістемесі халықаралық меже-талаптарға сай екені айтылды.

Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.
XS
SM
MD
LG