Accessibility links

Тұтқындарға кездесу мен сәлемдеме алуға тыйым салынбақ


КА-168/2 түзету мекемесін торуылдап жүрген тұтқындардың туыстары мен полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
КА-168/2 түзету мекемесін торуылдап жүрген тұтқындардың туыстары мен полиция қызметкерлері. Ақтөбе, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ішкі істер министрлігі тұтқындарды сәлемдеме алу және ұзақ мерзімді кездесу құқығынан айыруды ұсынып отыр. Құқық қорғаушылар Қазақстан түрмелеріндегі тәртіптің қатая түскенін айтады.

Мәжіліске түскен қылмыстық-атқару кодексі жобасында қазіргі заңға бірнеше өзгеріс енгізу көзделген. Ішкі істер министрі орынбасары Амантай Күреңбековтің айтуынша, «тұтқындарға рұқсат етілген кездесулердің уақыты мен санын да қысқарту жоспарланған».

"Бұрын ұзақ мерзімді кездесулерге үш тәулік берілетін, енді оны бір тәулікке дейін қысқарттық. Оны түрмедегі тәртіптің (қатаң немесе жеңіл режим) ыңғайына қарай береміз" дейді жобаны таныстырған Күреңбеков.

Оның мәлімдеуінше, мұндай норма «адамның түзелуіне қосымша стимул болады» әрі «тәрбиелік әсері» бар.

Жеңіл тәртіптегі түрмеге ауыстырылған тұтқындарға кездесу мерзімі ұзартылады және оларға жиірек әрі көбірек ақша аударуға рұқсат етіледі.

СӘЛЕМДЕМЕ ОРНЫНА - ТҮРМЕ ДҮКЕНІ

Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес, енді түрмеге сәлемдеме жолдауға тыйым салынады. ІІМ айтуынша, кейде сәлемдемелерден тыйым салынған заттар шығады, кейбір тұтқындар үйінен келген тамақты ғана жеп, асханаға барудан бас тартады, барак ішін ластайды.

Түрме күзеті. Қазақстан, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Түрме күзеті. Қазақстан, 9 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
"Кодекс жобасында колония әкімшілігіндегі жемқорлыққа тосқауыл қоятын бірнеше шара да қарастырылған. Сотталғандарға сәлемдеме жолдауға тыйым салынады, ал түзеу мекемелері дүкендерінен қажет азық-түлік сатып алу үшін бір айлық есептік көрсеткіш көлемі ұлғайтылады" дейді Амантай Күреңбеков.

Бірақ депутат Нұрлан Әбдіров «тұтқындар түрме дүкенінен қажет затын қалай сатып алады?» деп алаңдайды. Ол депуттарға «тұтқындардың жартысынан көбі жұмыс істемейтіндіктен, олардың ақшасы да жоқ» деп мәлімдеді.

СӘЛЕМДЕМЕ ЖӘНЕ ДҰРЫС ТАМАҚ

Азаматтық белсенді Руслан Оздоевтің айтуынша, қазір Қазақстан колонияларының әкімшілігі тұтқындарды сәлемдеме алуға, түрме дүкенінде сауда жасауға, туыстарымен жолығуға рұқсат бермеу сияқты амалдармен жазалайды.

Ағасы Шәміл Ярославлевті 2011 жылдың қарашасында Қарағанды облысы түрмелерінің бірінде азаптап өлтіргеннен кейін Руслан Оздоев тұтқындардың құқығын қорғай бастаған.

Белсендінің айтуынша, бұрын түрме әділет министрлігі құзырына қараған кезде «психологиялық байланыс үзілмес үшін тұтқындар туыстарымен жиі жүздесуі тиіс» деген тәртіп болған.

"Ұзақ мерзімді кездесу кезінде тұтқын адам өзін үйдегідей сезініп, сәл де болса сергіп, психологиялық тұрғыдан жеңілдеп қалады. Тұтқындарды туысымен осы мақсатта жолықтыратын. Енді мұндай кездесуді қысқартпақ. Түрмеде отырған жан үйінен кішкентай сәлемдеме алса да, туысымен жүздесіп, сөйлескендей сезінеді. Үйде қалған анасынан сәлемдеме алған адамның жүрегі жібіп, көпке дейін ерекше күйде жүреді" дейді Руслан Оздоев.

Руслан Оздоев. Астана, 23 қараша 2011 жыл.
Руслан Оздоев. Астана, 23 қараша 2011 жыл.
Оның айтуынша, «сәлемдеменің орнына ақша аударуға болатынын білсе де тұтқындардың туыстары ақша салудан тартынады».

"Есеп-шотында ақшасы жоқ кездің өзінде ақша бопсалайды. Ал ертең есеп-шотында қанша ақша жатқанын білген соң тіпті күн көрсетпейтін болады. Олар бопсалауға сылтау табады. Оның үстіне, колония дүкендеріндегі баға деген удай қымбат" дейді Руслан Оздоев.

Құқық қорғаушылардың деректері бойынша, қазақстандық тұтқындардың үштен бірі ғана жұмыс істейді. Олардың колония дүкенінде сауда жасауға жететін аздаған ақшасы болуы мүмкін.

Қазақстан адам құқықтары бюросының Астана филиалының директоры және «Қадір-қасиет» қоғамдық ұйымының жетекшісі Анар Ибраеваның айтуынша, түрмеде отырған азаматтардың көбінде мұндай ақша жоқ.

"Егер сотталған адам жұмыс істемесе, ақшасы да болмайды. Сонда ол қалай күн көрмек, қажет заттарын қалай сатып алады? Жұрт сәлемдемемен азық-түлік қана жібермейді ғой. Сот үкімі сотталушыны бас еркіндігінен ғана айырады. Бұл оны басқа заңды құқықтарынан (сайлау құқығынан басқа) айырды деген сөз емес. Міне, осы мәселе күдік тудырады" дейді ол.

Анар Ибраева «Еуропада ұзақ мерзімді кездесу жоқ» деген уәжбен келіскенімен, ол жақта кейбір қылмыстар бойынша жаза мерзімі де қысқа екенін айтады. Оның айтуынша, Қазақстанда тұтқындардың көбі түрмеде 5-10 жыл отырады. Олар туыстарымен сирек жүздеседі. Оның үстіне, қазіргі қылмыстық-атқару кодексіндегі «сотталған адам жазасын қамауға алынып, сотталғанға дейін тұрған жерінде өтеуі тиіс» деген талап көбінесе орындалмайды.

Қазақстан адам құқықтары бюросының Астана филиалының директоры Анар Ибраева.
Қазақстан адам құқықтары бюросының Астана филиалының директоры Анар Ибраева.
Анар Ибраева «Кейбір аймақтарда түзету мекемелері жетіспейді. Осы фактіні ескерсек, тұтқындардың сырт дүниемен байланысы онсыз да шектеулі» дейді.

Сәлемдемені түрме мен сыртқы әлем арасындағы дәнекер ғана емес, жөні түзу тамақ ішудің амалы деп санайтын тұтқындардың құқығын қорғаушы белсенділер түрмедегі жазасын өтеушілерді сәлемдеме алу құқығынан айырмауға шақырады.

Парламент мәжілісінде талқылаудан өткен соң заң жобасын сенат қарайды. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары «тұтқындардың құқығын жиі бұзады және түрмедегі адамдардың жағдайы ауыр, тұрмысы жайсыз» деп Қазақстан билігін сынап келеді. Құқық қорғаушылар түрмелерге қоғамдық бақылау орнату туралы да айтып жүр.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG