Accessibility links

Жыл басында туғандардың балабақшаға орналасу мүмкіндігі көбірек


Балаларын балабақшаға орналастыра алмай жүрген Айгүл Хасенова (сол жақта) мен Әлия Дружинина ұлы Эмильмен тұр. Астана, 2 маусым 2014 жыл.
Балаларын балабақшаға орналастыра алмай жүрген Айгүл Хасенова (сол жақта) мен Әлия Дружинина ұлы Эмильмен тұр. Астана, 2 маусым 2014 жыл.

Астанада балабақшалар бала қабылдай бастады. Ата-аналар «орын аз, ал жылдың екінші жартысында туған балаларға мемлекеттік балабақшаға бару бақыты бұйырмайды» деп шағымданады.

Астана қаласының тұрғыны Айгүл Хасенова күні бойы №61 мектеп қақпасын күзетіп тұрды. Ол «ғайыптан тайып, балам балабақшаға орналасып кете ме деп ертең тағы келемін, кешке дейін тұрамын» дейді.

Айгүл Хасенова төрт жасар ұлын мемлекеттік балабақшаға орналастырудың сәті түсер деп үміттенеді. Ол әзірше баласын айына 30 мың теңге (шамамен 170 доллар) төлеп, жекеменшік балабақшаға апаруға мәжбүр. Ал мемлекеттік балабақшаға барса, ай сайын 10-12 мың теңге төлер еді.

2012 жылы туған балаларды балабақшаға маусымның 2-сінен 5-іне дейін қабылдайды. Сосын кезекте тұрған басқа балаларды бір ай бойы жас шамасына қарай топтарға бөліп қабылдайды.

«КЕЗЕГІМІЗ - 9 МЫҢЫНШЫ»

Айгүл Хасенова неден үміттенетінін түсіндіріп, «кейбір ата-аналар бала бақшадан орын бөлген кезде келмей қалады да, олардың орны басқа балаларға берілуі мүмкін екенін бұрынғы жылдардан білемін» дейді.

№ 61 мектепке балаларын балабақшаға орналастыруға келген ата-аналар. Астана, 2 маусым 2014 жыл.
№ 61 мектепке балаларын балабақшаға орналастыруға келген ата-аналар. Астана, 2 маусым 2014 жыл.
Бірақ Әлия Дружинина мұндай мүмкіндіктің аз екенін айтады. Ол мұның себебін балалардың туған күнімен байланыстырады.

- «Баланы жылдың алғашқы жартысында, ең дұрысы қаңтарда туу керек» деп шенеуніктердің өздері айтады. Ал жылдың екінші жартысында туғандарға орын тимейді, - дейді Әлия Дружинина.

Айгүл Хасенованың қараша айында туған төрт жасар ұлы балабақшаға былтыр баруы тиіс екен, бірақ бос орын жетпей қалған. Биыл ұлы беске толады, ал кезекте 9 мыңыншы болып тұр.

- Биыл 2009 жылы туғандарға 661 орын бөлінді. Балабақша кезегінде тұрған екі жылда кезегіміз екі мың орынға ғана жылжыды. Енді үлгеруіміз екіталай, мектепке бірден баратын шығармыз. Бірақ сәтін салып 2012 жылғылармен өтіп кетеміз бе деп дәмеленіп келіп тұрмын, - дейді Айгүл Хасенова.

Жас аналардың айтуынша, білім департаменті олардың балаларын шағын орталыққа орналастыруды ұсынған, бірақ онда баланы төрт жастан қабылдайды. Мұндай орталықта балалар бірер сағат қана бола алады, ал бұл жұмыс істейтін ата-аналарға қолайсыз. Астанада ата-аналардың жекеменшік балабақшаға төлейтін ақшасының жартысын мемлекет бюджетінен өтеу қарастырылған. Бірақ ол үшін ата-ана баласын әкімдікпен келісімге отырған жекеменшік балабақшаға беруі тиіс.

Астананың жекеменшік балабақшаларындағы баға - айына 30-100 мың теңге (170-550 доллар) арылығында. Мектепке дейінгі мұндай тәрбие мекемелерінің көбі балалар серуендейтін жеке ауласы жоқ, көп пәтерлі үйлерде орналасқан.

ДҮРЛІКПЕУ ТУРАЛЫ ӨТІНІШ

Астана қаласы білім басқармасының ақпаратына сәйкес, биыл қаладағы балабақшаларда 5 мың 800 орын босаған. Енді бос орындарға бір ай бойы - шілденің 2-сіне дейін бала қабылдау жоспарланған.

2008-2012 жылдары туған балаларды кезегі бойынша әрі жас шамасына қарай бес топқа бөліп қабылдайды. Әр топты жасақтауға төрт күннен бөлінген. Ата-аналарға «белгіленген күні ғана келіп, артық абыр-сабыр жасамаңыздар» деген кеңес берілген. Биыл мемлекеттік балабақшаларда 530-дан бастап 1 мың 333-ке дейін орын босайды деген болжам жасалған.

Балабақшаға балаларды туған жылына қарай орналастыру жөніндегі ақпарат ілінген стенд. Астана, 2 маусым 2014 жыл.
Балабақшаға балаларды туған жылына қарай орналастыру жөніндегі ақпарат ілінген стенд. Астана, 2 маусым 2014 жыл.
Қабылдау комиссиясының өкілі әрі №72 балабақша меңгерушісі Инна Жданованың айтуынша, алғашқы күні 300 адам қабылдаған. Олар осы қарқынмен бір ай жұмыс істеуді жоспарлайды. Ал шілдеде ата-аналарға балабақшаға жолдама беріледі.

- Ертең де 300 адам қабылдаймыз. Бұдан бөлек қаладағы шағын орталықтарға 120-дай адам қабылдадық. Адам онша көп болған жоқ, абыр-сабыр да аз болды, - дейді Инна Жданова.

Былтыр мемлекеттік 24.kz телеарнасы «Астанада 70 мыңға жуық бала кезек күтіп, балабақшаға бара алмай отыр. Көбінің кезегі келместен, бірден мектепке барады» деп хабарлаған еді.

Астана әкімдігі «биыл мектепке дейінгі 17 тәрбие мекемесін пайдалануға беруді, ал 2020 жылға дейін 100-ге жуық балабақша салуды жоспарлап отырмыз» деп уәде еткен.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG