Accessibility links

«100 мектеп пен 100 ауруханадан» тыс қалған ауыл


Қойлық тұрғындарының шағымы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:45 0:00
Жүктеп алу

Қойлық тұрғындарының шағымы

Алматы облысы Сарқан ауданындағы бірнеше ауыл тұрғындары Азаттыққа стационарлық ауруханасыз отырғандарын айтып шағынды. Жергілікті басшылық «амбулатория жеткілікті екенін» айтады.

77 жастағы Орғыбек Қасымжанұлы – өзі тұратын аймақта бірде-бір аурухананың жоқтығын белі бүгіліп, буыны сырқырайтын жасқа келгенде ерекше сезіне бастаған Алматы облысы Сарқан ауданына қарасты Қойлық ауылының бағзы тұрғындарының бірі. Ол зейнет демалысына шыққанша Антоновка колхозында (қазіргі Қойлық – ред.) бухгалтер болып жұмыс істеген.

«Ауылдағы қаңырап тұрған ескі аурухананың ғимаратын пайдаланайық, не болмаса аурухана салып беріңдер, әйтпесе жедел жәрдем постын, әйелдер босанатын бөлме және науқастар жатып емделетін он шақты орын беріңдер десек, бүгінгі бастықтар үгіт-насихатпен ғана алдаусыратқысы келеді. 86 адам жиналып президент Нұрсұлтан Назарбаевқа дейін хат жаздық. Қайран болмады. «Жоғары жаққа неге жазасыңдар?» деп аудандық аурухананың бас дәрігері келіп кетті. Бар болғаны – сол» дейді Орғыбек ақсақал.

Қойлық ауылының тұрғыны Орғыбек Қасымжанұлы. Алматы облысы, Сарқан ауданы, 29 қараша 2013 жыл.
Қойлық ауылының тұрғыны Орғыбек Қасымжанұлы. Алматы облысы, Сарқан ауданы, 29 қараша 2013 жыл.
Ауыл тұрғындарының өтініштеріне жергілікті аудандық әкімдіктен «аурухана салу үшін тұрғын саны кем дегенде 5 мың болуы керек, ал Қойлық ауылында адам саны жеткіліксіз» деген жауап келген.

Тұрғындардың айтуынша, Қойлық ауылында бұрын 50 орындық аурухана, әйелдер босанатын перзентхана болған. 1972 жылы ақ кірпіштен қаланған ескі аурухана ғимараты былтырға дейін тек амбулатория ретінде пайдаланылған. Ауылда шағын амбулатория ашылғалы бері соңғы бір жыл бойы ғимарат жабық тұр. Тұрғындар «бос қалған, әлі де іске жарамды стационарлық аурухананы пайдалана алмайтынына» налиды.

«ТӨРТ АУЫЛДЫ ҚОСА ЕСЕПТЕУ»

Қойлық ауылын республикалық дәрежедегі Алматы – Семей – Өскемен күре жолы бөліп жатыр. Ойқы-шойқы енсіз жолмен жүк көліктері мен жеңіл көліктер құйғытып өтеді. Шағын ауылдың бетке ұстар орындары – мәдениет үйі мен орта мектеп. Ал бірен-саран дүкен осы жолдың екі қапталында. Ауыл ортасында жаңадан салынған үлкен тойхана менмұндалап көрінеді.

Ресми есеп бойынша Қойлық тұрғындарының қазіргі саны – 3800. Бірақ арызданушылар әкімдік аурухана салу жайын қарастырғанда тек Қойлықпен шектелмей, сол төңіректегі Шатырбай, Бақалы, Петропавл және Черкасское секілді ауылдарды қоса есептеу керектігін айтады. Қойлықтан ең қашығы 12 шақырым жерде жатқан бұл ауылдық аймақ тұрғындарының жалпы саны 11 мыңнан асады. Бұрын «Антоновканың» ауруханасына емделіп үйренген аталған ауыл тұрғындары алыстағы Сарқанға шұбырмай әлі де Қойлыққа келгісі бар.

Қойлық ауылының тұрғыны Ахметсафа Кәдірбай. Алматы облысы, Сарқан ауданы, 29 қараша 2013 жыл.
Қойлық ауылының тұрғыны Ахметсафа Кәдірбай. Алматы облысы, Сарқан ауданы, 29 қараша 2013 жыл.
Қойлық ауылының тағы бір тұрғыны, ауыл ақсақалдары кеңесінің төрағасы Ахметсафа Кәдірбайдың айтуынша, Сарқан кентіндегі аудандық жалғыз ауруханаға жету де, жату да оңай емес. Оқыс оқиға бола қалса, Сарқаннан шыққан жедел жәрдем Қойлық пен оның төңірегіндегі ауылдарға бір сағатта әрең жетеді. Оның үстіне Сарқандағы орталық ауруханада кезек көп.

Тұрғындар босанатын әйелдер үшін қажет жағдайда 50 шақырымнан астам жердегі Сарқанға жылдам жетудің де қиын екенін айтады. Олардың сөзінше, толғатқан әйелді апара жатқан көлік апатқа ұшырап, жолда қалған кездер де болған.

Ахметсафа ақсақал Азаттық тілшісіне ауылдың ескі ауруханасы мен жаңадан салынған күндізгі стационарлық емдеу орнын көрсетті. 1990 жылдардан кейін амбулаториялық емдеу орнына айналған аурухананың жылу жүйесі, есік-терезесі әлі орнында тұр, бірақ біртіндеп қолды бола бастаған. Дегенмен, оның жанына жаңадан салынған жаңа амбулатория ғимараты еңселі, үлкен, іші де таза, кең көрінді.

Амбулаторияның бас дәрігері Самат Ақылбайұлы «Сарқан аудандық ауруханасының бас дәрігері келіп, аурухана салынбайды деп айтқанын, тұрғын саны жетпейтінін, кадр да, техника да жоқтығын» түсіндірді.

«Бірақ 2015 жылға қарай Қойлықта жедел жәрдем пункті ашылады. Оның үстіне біздің амбулатория да емдеп үлгеріп жатыр» деді ол.

«ҚАРАЖАТ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі Қойлық тұрғындарының шағымының мән-жайын білмек үшін Сарқан аудандық ауруханасына хабарласып, бас дәрігердің орынбасары Серік Ғазизұлымен тілдесті.

Қойлық ауылының жаңа дәрігерлік амбулаториясы. Алматы облысы, Сарқан ауданы, 29 қараша 2013 жыл.
Қойлық ауылының жаңа дәрігерлік амбулаториясы. Алматы облысы, Сарқан ауданы, 29 қараша 2013 жыл.
«Былтыр ғана жаңа дәрігерлік амбулаторияға ие болған ауыл тұрғындарына енді не керек екенін түсіне алмаған» ол Қойлықтың төңірегіндегі шағын ауылдың әрқайсысында да бір-бірден амбулатория ашылғанын, Сарқан ауданындағы осындай 10 дәрігерлік амбулаторияға күндіз емдейтін 10 орыннан бөлінгенін айтты.

Серік Ғазизұлының сөзінше, тәулік бойы емдейтін 135 орындық аурухана тек аудан орталығы Сарқанда ғана. Мәселен, бұрын Лепсі кентінде де аудандық аурухана болған. Лепсі тұрғындарының саны қазір 3800, яғни 5 мыңға жетпейді. Ол жерге перзентхана, хирургиялық бөлім ашқанмен бөлінген қаржыны игере алмайды. Бұрын жеке аудан орталығы болып қазір Сарқанға бағынатын Қойлықтың да жайы солай.

Азаттық тілшісі совет кезеңінде тек Қойлықта емес қазіргі 10 амбулаторияның бәрінің орнында жатып емделетін аурухана болғанын білді. Қазір аудан тұрғындарының саны кеми бастағандықтан бұрынғы әлеуметтік игілікке қайта қол жеткізу қиын.

«Қойлықтан перзентхана ашу туралы сөз болуы да мүмкін емес. Өйткені ана мен бала өлімін азайту үшін қазір қатаң талап қойылады. Күрделі операция, зерттеу жасалатын жүкті әйелдерді, тіпті, Сарқанда да ұстамай Талдықорғанға жібереміз» дейді Серік Ғазизұлы.

Сарқан ауданындағы медициналық қызмет ұйымдарына жауап беретін аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасарының сөзінше, Қойлық тұрғындарының жедел жәрдем сұраған өтініші келер жылы, яғни 2014 жылы орындалуы мүмкін. Ол үшін арнайы көлік те, штат та көзделген.

«ӘР ҮШІНШІ НЫСАН БОЙЫНША ІС ҚОЗҒАЛҒАН»

Ауданда соңғы жылдары пайдалануға берілген амбулаториялар «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған болып шықты. Бірақ бағдарламада «аурухана» деп аталған нысандардың көпшілігі шағын амбулатория түрінде салынып жатқаны байқалады.

Бастапқы жоспар бойынша 2007 жылы басталған «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы 2011 жылы аяқталуы керек болатын. Бірақ биыл, 2013 жылы мамыр айында денсаулық сақтау вице-министрі Болат Төкежановтың парламент мәжілісіне берген есебіне қарағанда 2007 жылдан бері 64 аурухана ғана салынған, қалғандарының құрылысы 2016 жылдың соңына дейін аяқталады.

Биылғы қараша айында Қазақстан президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында парламент мәжілісінің депутаты Асхат Бекенов «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын жүзге асыру кезінде 34 қылмыстық іс қозғалып, Қазақстанға 1,5 миллиард теңге шығын келтірілгенін, «орта есеппен әрбір үшінші нысан бойынша қылмыстық іс қозғалғанын» мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG