Accessibility links

"Мемлекетке қажет" жер иелері акциясын қуып таратты


Полиция жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындарды ұстап жатыр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Полиция жер телімдерінің "мемлекет қажетіне" алынуына наразы тұрғындарды ұстап жатыр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.

Астана полициясы бас прокурормен кездестіруді талап етіп, наразылық танытқан әйелдер мен балаларды ұстады. Наразылық акциясын түсіруге барған журналист жараланды.

Астанада жер телімдері "мемлекетке қажет" деген себеппен алынуы тиіс саяжайдың жиырма шақты тұрғыны бүгін таңертең бас прокуратура алдына жиналды. Балаларын ерте келген 10 әйел бас прокурор Асхат Дауылбаевпен кездестіруді талап еткен.


"Мемлекетке қажет" жер иелері Қазақстан бас прокуратурасы шарбағына өздерін шынжырмен байлап, наразылық акциясын өткізіп тұр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
"Мемлекетке қажет" жер иелері Қазақстан бас прокуратурасы шарбағына өздерін шынжырмен байлап, наразылық акциясын өткізіп тұр. Астана, 15 сәуір 2014 жыл.
Наразылық танытушылардың алтауы өздерін прокуратура алдындағы темір шарбаққа шынжырмен таңып тастады. Кеше, 14 сәуірде де бұл тұрғындар парламент үйі алдында осындай наразылық акциясын өткізген еді. Ол кезде төрт әйел өздерін шарбаққа шынжырмен таңып, оны құлыппен бекітіп тастаған.

14 сәуір күні әйелдер өздерімен жолығуға мәжіліс депутаты Светлана Бычкова шыққан соң, наразылық акциясын тоқтатып, бейбіт түрде тарқаған. Депутат оларға таяу күндері мәселелеріне байланысты кездесу ұйымдастыратынын айтып, құжаттарының көшірмесін алып қалған.

Бірақ бүгінгі оқиға басқаша өрбіді. Наразы әйелдерге Астананың Есіл ауданы прокуроры Біржан Мажренов шықты. Ол әйелдердің біріне "жер телімін "мемлекет қажетіне" алуға қатысты берген шағымы әлі қаралып жатқанын, қала әкімінің жер телімін күшпен тартып алу туралы қаулысы тексеріліп жатқанын" айтты. Мажренов наразыларға:

"Тексеріс қорытындысы туралы сіздерге 15 мамыр күні бас прокурордың жеке қабылдауында хабарланады" деді.

Прокурор кете салысымен полицейлер әйелдер мен балаларға таяп келіп, оларды автобустарға күшпен отырғызуға кірісті. Наразы әйелдердің бірі Бәтима Иманованың айтуынша, "төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлері олардың қолдарындағы шынжырды темір қысатын арнайы тістеуікпен шешіп, автобустарға күшпен отырғызған".

Ал оқиға орнында жүрген журналистерді полицейлер алысырақ жерге тықсырып, тұрғындарды ұстау оқиғасын түсірулеріне кедергі жасамақ болды. Полиция қызметкерлері бейнекамераларды қолдарымен жауып, оқиғаны түсіртпеу үшін түрлі әрекеттер жасады. Оқиға кезінде "16/12" интернет каналының операторы Виктор Гудзьдің басы жараланды.

Парламент ғимараты шарбағына өзін шынжырмен байлап тастаған Сәрсенгүл Әшірбаева. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
Парламент ғимараты шарбағына өзін шынжырмен байлап тастаған Сәрсенгүл Әшірбаева. Астана, 14 сәуір 2014 жыл.
​"Қолымды қайырып, аяғымнан ұстап алды. Қозғалуға мүмкіндік бермей, камераны өшіруге мәжбүрледі" деді Виктор Гудзь наразылық акциясы таратылғаннан соң.

Наразылық танытушыларды полиция Есіл ауданы ішкі істер бөліміне жеткізді. Полиция бөлімшесінен наразы әйелдердің бірі Сәрсенгүл Әшірбаеваны жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, оны қолы сынған болуы мүмкін.

Ұсталғандардың бірі Сандуғаш Серікбаеваның Азаттыққа айтуынша, Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде наразылық танытушыларды бір жарым сағаттай ұстап, босатып жіберген. Онда әйелдерге түсініктеме жаздырғанымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылмаған.

Астанада жер телімдерін «мемлекет қажетіне» деген уәжбен алып жатқан қала билігінің әрекетіне, жер телімдерінің өтемақысына көңілі толмайтын наразы тұрғындар көп. Олардың ішінде бұрынғы саяжайлар ғана емес, Астана қаласының ортасындағы бұзылуы тиіс ескі барактардың иелері де бар. Саяжай тұрғындары бұған дейін де бірнеше рет наразылық танытқан.

Өткен аптада полиция бас прокуратура алдындағы жолды жапқан наразы тұрғындарды да күшпен таратқан. Сәуір айының басында қала әкімшілігі алдына жалғыз адамдық наразылық акциясына шыққан тұрғын Алтын Шеруәлиеваны да полиция ұстап әкеткен.

Бас прокуратура алдындағы наразылық акциясының видеосы:
Бас прокуратура алдындағы наразылық
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG