Accessibility links

Ахмадия қауымы биліктің «конституцияға қайшы саясатына» наразы


Қазақстандағы ахмадия қауымының жұртшылықпен байланыс жөніндегі хатшысы Нұрым Тайбек. Алматы, 19 маусым 2012 жыл.
Қазақстандағы ахмадия қауымының жұртшылықпен байланыс жөніндегі хатшысы Нұрым Тайбек. Алматы, 19 маусым 2012 жыл.
Алматы қаласы жер комитетінің талап-арызы бойынша Алматыдағы ахмадия қауымына қатысты сот отырысы өтпек. Ал қауым мүшелері жеке меншік үйде намаз оқуға тыйым салынғанына шағым айтты.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты шілденің 10-ында жұртшылық назарынан қағыс қалып келген ескі істі қарамақ. Талап арыз беруші – Алматы қаласы бойынша аумақтық жер инспекциясы.

ЖЕКЕ МЕНШІК ҮЙ

2012 жылы наурыздың 2-сінде толтырылған хаттамада қауымның жер және әкімшілік кодекстерін бұзғаны жазылған. Алматы қаласы жер комитетінің талап-арызы «Ұйғарымды мәжбүрлі түрде орындату туралы» деп аталады. Онда «қауым жер телімін мақсатқа сай пайдаланбай, заң талаптарын бұзып отыр» деп көрсетілген.

Қауым мүшелері бұрын бұл үйде намаз оқып келген. Өз ережелеріне сәйкес, Қазақстанда ресми тіркелген мешіттерге бармайтын ахмадияшылардың мешіті жоқ.
Мұсылмандар әңгімелесіп отыр. Астана, 11 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Мұсылмандар әңгімелесіп отыр. Астана, 11 наурыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Жер инспекциясының өкілі Есіркепов талап-арызда «Мемлекеттік актіде жер телімі тұрғын үйге берілген. Ал жауапкер жер телімінің бұл бөлігін бірлестік мүшелері жиналатын кеңсеге (діни ғимаратқа) айналдырған» деп жазады.

Жер инспекциясы салған 30 айлық көрсеткіш көлеміндегі (шамамен 300 доллардай) айыппұлды жауапкердің төлегені арызда көрсетілген.

Арызда инспекцияның жауапкерге «заң бұзушылықты жер телімін мемлекеттік актіде көрсетілген мақсатқа сай пайдалану жолы арқылы жою» туралы ұйғарымын тапсырғаны да жазылыпты. «Алайда жауапкер жоғарыда аталған жер телімін мақсатқа сай пайдалану жөніндегі ұйғарымды орындау үшін ешқандай шара қолданбаған» деп көрсетілген.

Енді жер комитеті соттан осы заң бұзушылықты жою туралы ұйғарымды діни бірлестікке міндеттеуді сұрап отыр.

«НАМАЗ ОҚИТЫН ОРНЫМЫЗ ЖОҚ»

Қазақстандағы ахмадия қауымының жұртшылықпен байланыс жөніндегі хатшысы Нұрым Тайбек Азаттық тілшісіне қауым мүшелерінің Алматыда намаз оқитын жері жоқ екенін айтты.

- Инспекция ұйғарымынан соң біз онда намаз оқымайтын болдық. Діни бірлестіктер туралы бұрынғы заң рұқсат бергендіктен, қауымның кеңсесі болған үйде бұрын намаз оқығанымыз рас. Енді кеңсе басқа жерге көшті, ал намаз оқитын жеріміз жоқ, - дейді ол.
Ахмадияшылар діни рәсімдер өткізіп келген үй. Алматы, 19 маусым 2012 жыл.
Ахмадияшылар діни рәсімдер өткізіп келген үй. Алматы, 19 маусым 2012 жыл.

Нұрым Тайбектің айтуынша, ахмадия қауымына тиесілі үйде қазір қауым мүшелерінің бірі тұрып жатыр. Ал инспекция ұйғарымы бойынша, үй кеңсе және ұжымдық намазхана ретінде пайдаланылмайды.

- Осыған байланысты инспекция өкілінің талап-арызындағы ахмадия қауымына айтылған айыптау шындыққа жанаспайды, - дейді ол.

Ахмадия қауымы Қазақстанда 1994 жылдан бастап ресми түрде жұмыс істейтінін айтқан Нұрым Тайбек:

- Осы уақыт ішінде биліктен ескерту-сөгіс алып көрген жоқпыз. Қауым - ел тыныштығын жақтайтын, заң талаптарын қалтқысыз орындайтын бейбіт ұйым. Бірақ қазір біздің қауымға бүркемеленген қысым көрсетіліп жатыр, - деді.

Тайбек келтірген мәлімет бойынша, Қазақстанда ахмадияшылар 500 адамға жуықтайды. Ол «Билік мына қысым шаралары мен «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңды желеу етіп, күзде қауымды қайта тіркемей қоюы мүмкін» деген қаупін айтты.

- Қазақстан билігі сүнниттік исламды, православиялық шіркеуді және кейбір діни ағымдарды дәстүрлі діндерге қосады да, көптеген діни ағымдарды, оның ішінде ахмадия қауымы да бар, дәстүрлі дін емес деп атайды. Дінді «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» деп бөлу - конституция қағидаларына қайшы, - дейді Нұрым Тайбек.
Орталық мешіттегі жұма намаз. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл.
Орталық мешіттегі жұма намаз. Алматы, 21 қаңтар 2011 жыл.

Тайбектің пікірінше, «Сауд Аравиясы мен Пәкістанда ахмадия қауымы қудалауға ұшырап отыр. Ондағы билік ахмадияшыларды мұсылман деп есептемейтін ваххабтар мен талибтердің жетегінде жүр. Енді қауым мұндай кемсітуді Қазақстанда да көрмек. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) билікті ахмадия қауымына қарсы қойып отыр».

«Ахмадияшылар мен ҚМДБ-ның кейбір ұстанымдары ортақ, сонымен бірге кейбір мәселеде айырмашылықтары бар» деген Нұрым Тайбек «қауым мүшелері ҚМДБ құзырындағы мешіттерге барып намаз оқи алмайтынын» айтты.

- Намазды мешітке барып оқуымызға да болады. Бірақ намазды қай имамның артында тұрып оқимыз? Өзімізді мұсылман деп танымайтын діни басқарманың имамына ұйысақ, біз үшін бұл қисынға қайшы болар еді, - дейді ол.

Ахмадияшылар исламның «Барша жанға деген мейірім мен ешкімді жек көрмеу» деген негізгі қағидасын ұстанатынын айтқан Нұрым Тайбек «Біздің қауым қарулы жихад, зорлық-зомбылық атаулыға және лаңкестік әрекеттің кез келген түріне қарсы» дейді.

«НАМАЗ ОҚУҒА ТЫЙЫМ САЛУЫ МҮМКІН»

Азаттық тілшісі Алматы қаласының дін істері жөніндегі департаменті директорының міндетін атқарушы Жасұлан Тәжібаевпен хабарласты. Ол сотқа ахмадия қауымының үстінен талап-арыз түскенінен хабарсыз екен.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мешіттен шығып келеді. Фото Ақорда сайтынан алынды.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мешіттен шығып келеді. Фото Ақорда сайтынан алынды.

- Ахмадия жамағатының жер жөнінде қандай да бір дауы бар екенін сізден естіп отырмын. Бұл мәселенің дінге қатысы жоқ. Егер бизнесмен үй саламын деп алған жерге сауда үйін салып, саудасын дөңгелете бастаса, әрине бұл - заң бұзу. Актіде басқа мақсатта пайдаланылуы тиіс деп көрсетілген жер телімінде діни ғимарат тұрғызылса да заң бұзушылық болады. Демек жер инспекциясының «жер телімі мақсатқа сай пайдаланылмаған» деген ұйғарымы - заңды. Бұл арада діннің қатысы жоқ, біздің тараптан да ешқандай діни саясат жүргізілген жоқ, - дейді.

Қайта тіркеуден өту үшін ахмадия қауымы құжаттарын әлі өткізбегенін айтқан Жасұлан Тәжібаев:

- Қауымның қайта тіркеуге құжат өткізбегенін анық білемін. Олар бізге діни сараптамадан өткізетін құжаттарын ғана тапсырды. Ал діни бірлестікті қайта тіркеу жөніндегі әңгіме болған жоқ. Тіркеуден қазанның 25-іне дейін өтулері тиіс екенін өздері де біледі. Олар кеше ғана маған келіп кеткен, - дейді.

Діни бірлестіктер туралы жаңа заңға сәйкес, ҚМДБ-дан бастап барлық діни ұйымдар қайта тіркеуден өтуі тиіс екенін айтқан Жасұлан Тәжібаев:

- Тәртіп бойынша, діни бірлестіктер ғана емес, қоғамдық ұйымдар да, коммерциялық құрылымдар да қайта тіркеуден өтуі тиіс, - дейді.
Сараптамаға түскен діни кітап. Көкшетау, 2 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Сараптамаға түскен діни кітап. Көкшетау, 2 маусым 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Шенеуніктің айтуынша, Алматыдағы ахмадия қауымы діни сараптамадан өткізуге 53 кітап өткізген.

- Жаңа заң талаптарына сәйкес, діни мазмұндағы барлық әдебиет сараптамадан өтуі тиіс. Кітаптарын тапсырды. Енді сараптама қорытындысын күтеді. Заң бойынша бұл шаруаға бір ай уақыт беріледі. Қажет болса, сараптаманы өткізу мерзімі ұзартылады, - дейді Жасұлан Тәжібаев.

Ал ахмадия қауымының өкілі Нұрым Тайбектің айтуынша, «Діни сараптаманы өткізу үшін биліктің сарапшы ретінде зайырлы дінтанушыларды емес, ҚМДБ құзырындағы мұсылман теологтарды тартуы дұрыс емес».

- Мен діни әдебиеттерді ҚМДБ-ға да, біздің қауымға да жақындығы жоқ сарапшылар талдауы тиіс деп ойлаймын, - дейді ол.

Айтуынша, діни әдебиеттерді сараптамадан өткізу - діни ұйымды қайта тіркеудің шарты. Тайбектің пікірінше, ҚМДБ теологтарының ахмадия қауымының кітаптарын сараптамадан өткізуге қатысуы сыңаржақ қорытынды шығаруға себеп болуы, қауымды қайта тіркеуден өткізуде қиындық тудыруы мүмкін.

- Бүгін намаз оқитын орны жоқ қауым мүшелеріне ертең намаз оқуға да тыйым салмасына кім кепіл? - дейді Нұрым Тайбек.

ДІНИ ВЕБ-САЙТТАР

Дүниежүзілік ахмадия қауымының Аlislam.org деген сайты бар. Қазақстаннан тысқары жерде тіркелген сайтта материалдар 34 тілде, оның ішінде қазақ, қырғыз, өзбек, орыс, ағылшын, неміс, қытай, жапон және басқа да, негізінен еуропалық және азиялық мемлекеттердің тілдерінде жарияланады. Тайбектің айтуынша, ахмадияшылардың қазақстандық қауымының жеке сайты жоқ.
Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Астана, 7 шілде 2011 жыл.
Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф. Астана, 7 шілде 2011 жыл.

Маусымның 13-інде «Қазинформ» агенттігі Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі 800 сайтты тексеріп, экстремистік сипаттағы материалдар жариялайтын 34 интернет-ресурсты анықтағанын хабарлады.

Дін істері жөніндегі агенттік төрағасы Қайрат Лама Шәріп бұл веб-сайттар бойынша шешімді бас прокуратура қабылдайтынын айтты.

Ол агенттік құрылған кезден бері діни мазмұндағы мыңға жуық материалдың сараптамадан өткенін және тағы 1500-ге жуық басылымның алдын ала сараптамадан өтіп, шешім күтіп жатқанын хабарлады.

Осы жылдың наурызында Қайрат Лама Шәріп былтыр 1174 діни интернет-ресурстардың сараптамадан өтіп, «экстремизмді насихаттағаны үшін» 58 сайт соттың шешімімен жабылғанын мәлімдеген еді. Бірақ ол нақты қандай сайттардың жабылғанын атамады. Азаматтық белсенділердің жабылған сайттар тізімін таппақ болған әрекеті әлі нәтижесіз.

Нұрым Тайбек дінге қатысты билік жүргізіп отырған саясатты «волюнтаристік және конституция қағидаларына қайшы саясат» деп бағалады. Ол бұл ойын Азаттық радиосы биылғы наурызда өткізген дөңгелек үстелде айтқан еді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG