Accessibility links

Балалар қауіпсіздігіне арналған қосымшаны күзде іске қоспақ


Алматы оқушылары балалар қауіпсіздігіне арнап жасаған QamCare қосымшасының Iphone экранындағы көрінісі. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.
Алматы оқушылары балалар қауіпсіздігіне арнап жасаған QamCare қосымшасының Iphone экранындағы көрінісі. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.

Алматылық төрт оқушы қыз балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған QamCare ұялы қосымшасын құрастырғаны үшін программистердің 2017 жылғы Technovation Challenge халықаралық конкурсында Гран-при алды. Оқушылар "жеңеміз деп ойлағанымыз жоқ" дейді.

Алматы мектептерінің жоғарғы сынып оқушылары Ажар Сұлтансих, Диана Жанақбаева, Дияра Бейсенбекова мен Аружан Қошқарова және олардың тәлімгерлері Азиза Ибрагимова мен Әйгерім Қатаева АҚШ-тағы конкурсқа /flash командасы атынан қатысқан. Балалар қауіпсіздігіне арналған әрі сөмкеге жеке салып қоюға немесе аксессуар ретінде пайдалануға болатын, ал қатер төнген жағдайда түймешесін бір рет басса, жақындарына хабар беруге болатын дабыл тетігі бар ұялы қосымшаны олар бірлесіп құрастырған. Оқушылар құрастырған QamCare қосымшасы жасөспірімнің ұялы құрылғысының GPS-координаттарын жақындарына жібереді, сондықтан ересектер баланы тез тауып алуы мүмкін.

- Қосымшаға кіріп, тіркелген кезде экранда карта ашылады. Ал бүйірінде арнайы бөлім бар, оған сіз жолға шығар алдында сенімді адамдарыңыздың контактыларын қоса аласыз. Start түймешесін басасыз, ал қатер төне қалған жағдайда баса салатын SOS түймешесі бар. Егер түймешені кездейсоқ басып қалсаңыз, көмек сұраған дабылды 10 секунд ішінде өшіруге болады. Әйтпесе 10 секундтан кейін сенімді адамдар тобына кіргізген жандарға геолокацияңыз көрсетілген «Маған қатер төніп тұр, хабарласыңыз» деген хабарлама барады, - дейді Азиза Ибрагимова.

QamCare қосымшасын жасаған топ(солдан оңға қарай): Ажар Султансих, Дияра Бейсенбекова,тәлімгер Азиза Ибрагимова, Аружан Қошқарова және тәлімгер Әйгерім Қатаева. Дияра Бейсенбекова дабыл түймешесін ұстап отыр. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.
QamCare қосымшасын жасаған топ(солдан оңға қарай): Ажар Султансих, Дияра Бейсенбекова,тәлімгер Азиза Ибрагимова, Аружан Қошқарова және тәлімгер Әйгерім Қатаева. Дияра Бейсенбекова дабыл түймешесін ұстап отыр. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.

Қосымша авторларының айтуынша, бала мектептен қайтып бара жатқан кезде телефоны сөмкесінде жататын жағдайлар болады, ал қаскүнем оны дәл сол сәтте аңди бастауы мүмкін. Сондықтан оңай баса салатын кішкентай түймеше қосымшадан бөлек құрастырылған. Баланың өміріне қауіп төніп тұр деген хабарлама автоматты түрде жөнелтіледі. Бірақ Азиза Ибрагимованың түсіндіруінше, қосымша түймешесіз де жұмыс істей береді.

QamCare қосымшасының дабыл түймесі. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.
QamCare қосымшасының дабыл түймесі. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.

Ол жеткіншектердің жаңа технологияларға қызығушылығын ояту мақсатында 10-18 жас аралығындағы қыздар арасында өткізілетін Technovation Challenge конкурсына қатысу идеясы былтыр күзде пайда болды дейді. 22 жастағы бойжеткен Алматыдағы АҚШ консулдығы мен Сhevron компаниясының MakerspaceAlmaty бірлескен жобасында жұмыс істеп әрі робототехника мен бағдарлама құрастыру негіздері бойынша тегін курстарда мектеп оқушыларына сабақ беріп жүргендіктен, ол курсқа қатысатын қыздарға топ құруды ұсынған.

Егер түймешені кездейсоқ басып қалсаңыз, көмек сұраған дабылды 10 секунд ішінде өшіруге болады. Әйтпесе 10 секундтан кейін сенімді адамдар тобына кіргізген жандарға геолокацияңыз көрсетілген «Маған қатер төніп тұр, хабарласыңыз» деген хабарлама барады.

Биыл көктемде топ мүшелеріне балалардың қауіпсіздігіне арналған әрі қашықтан басқарылатын SOS түймешесі бар қосымша құрастырып көрсек деген ой келген. Бұл өгей шешесі өзінің ересек балаларымен 11 жастағы Өркен Азаматұлын ұрлап әкетіп, өлтіріп тастаған оқиға жұртты шулатып жатқан кез болатын. Қосымшаны құрастыруға дәл сол оқиға түрткі болған.

Курс түлегі әрі қосымша авторларының бірі Ажар Сұлтанских өзін мысалға келтіріп, мұндай қосымша кәдеге жарауы мүмкін әрі әр балада болуы тиіс дейп санайды.

- Бір күні үйге қайтып бара жатқанымда артымнан әлдебір ер адам ілесті. Әлгі кісіден тез қаша бастадым, бірақ ол мен үйге жеткенше артымнан қалмай қойды. Сол кезде егер менде сондай қосымша болса, түймешесін баса салып, пайдаланар едім де, бәрі жақсы болар еді ғой деп ойлағанмын, - дейді Ажар Сұлтанских.

Бойжеткен егер жасөспірім баланы кенет ұрлап әкетсе, жұрт оны соңғы болған орнынан ақпарат түскен тұстан іздей бастар еді деп санайды. Қосымша әзірше iOS платформасында ғана жұмыс істейді. Жеке «дабыл» түймешесі қосымшаға Bluetooth арқылы қосылады.

- Егер әлдебір қатерден қорықсаң, мұндай түймеше кәдеге жарайды - оны джинсыңның қалтасына салып немесе аксессуар ретінде бөлек ұстап жүруіңе болады. Біз түймеше ең ұзақ қандай қашықтықта қосылатынын тексеріп көрдік, 30 метрден қосылады екен, бұл жақсы, - дейді Ажар Сұлтанских.

QamCare қосымшасын жасаған топтың тәлімгері Азиза Ибрагимова. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.
QamCare қосымшасын жасаған топтың тәлімгері Азиза Ибрагимова. Астана, 19 тамыз 2017 жыл.

Қосымша авторларының сөзінше, Сан-Францискодағы марапаттау рәсімі алдында танысқан Google Inc. корпорациясы директоры Сундар Пичаи да олардың қосымшасына қызыққан. Азиза Ибрагимованың айтуынша, ол «біз де осындай қосымша жасағымыз келген, бірақ қолымыздан келмеді» деп қыздардың идеясын мақтаған. Оның сөзінше, қыздардың Google басшысымен бірге түскен селфи фотосы интернетті дүрліктіріп, әлеуметтік желілердегі жазылушыларының саны екі есеге көбейген».

Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне арналған QamCare қосымшасын Қазақстанда жұрттың бәрі жүктеп алуы үшін биыл күзде іске қоспақ, бірақ ол әзірше Iphone телефонына ғана жүктеледі. Бойжеткендер Android бағдарламасы үшін кейінірек дәл осындай қосымша құрастыруға уәде етеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG