Accessibility links

«Рахатгейт» ісімен сотталғандардың тағдыры белгісіз


Рахат Әлиевтің Қазақстанның Австриядағы елшісі кезіндегі суреті. 30 сәуір 2007 жыл.
Рахат Әлиевтің Қазақстанның Австриядағы елшісі кезіндегі суреті. 30 сәуір 2007 жыл.

Нұрсұлтан Назарбаевтың оппоненті Рахат Әлиев Австрияда қамауда отырғанда, оның бұрынғы серіктерінің бірі мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бірақ Рахат Әлиевтің ісіне қатысты сотталған 40 шақты жан туралы мәліметтер жұртшылыққа жетпей отыр.

Рахат Әлиевтің бұрынғы жақын бағыныштыларының бірі саналатын, Австриядағы қазақ консулдығының бұрынғы қызметкері Мырзахан Салықбаев жуырда Қостанай облысындағы қамау орнынан шартты мерзімінен бұрын босатылды. Салықбаев 2008 жылы 11 жылға түрмеге кесілген болатын, ол қамауда алты жылдан артық отырды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев екі бірдей істе басты айыпталушы болды. Оның бірі – «Нұрбанк ісі», ал екіншісін «мемлекеттік төңкеріс жасауға даярлық жөніндегі іс» деуге болады. Бұл істердің әрқайсысы бойынша 2008 жылы Рахат Әлиев сырттай 20 жылға – жиыны 40 жылға түрмеге кесілген еді. Рахат Әлиев «оппозициялық әрекеттері үшін өзі мен жақындарының репрессияға ұшырағанын» мәлімдеген еді.

Осы атышулы екі іс бойынша ең кемі қырық адам сотталған болатын. Олардың көпшілігінің аты-жөні сол кездің өзінде жарияланбаған еді, ал арада алты жыл өткен соң, кімнің түрмеден мерзімін өтеген соң шығып, ал кімнің әлі отыратынын анықтау және қамауда қандай жағдайда отырғанын білу мүлде қиын.

«НҰРБАНК ІСІ» БОЙЫНША ТАҒЫ КІМДЕР ОТЫР?

«Нұрбанк ісі» бойынша 2008 жылдың қаңтарында қылмыстық айыптаумен басы Рахат Әлиев болып, барлығы 24 адам сотталған еді. «Мемлекеттік төңкеріс жасауға даярлану жөніндегі іс» бойынша дәл сол кезде тағы 16 адам сотталды.

Еске сала кетейік, 2007 жылдың қаңтарында Нұрбанктің екі менеджері – Айбар Хасенов пен Жолдас Темірәлиев жоғалып кетті. Оларды ұрлауға қатысы бар деп – ол кезде менеджерлердің өлімі туралы әлі мәлім болмаған – Рахат Әлиев және бір топ адам айыпталған болатын.

Қазір «Нұрбанк ісі» бойынша негізгі 24 тұлғаның төртеуі түрмеде отырғаны анық, олар: «Алматур» компаниясының бұрынғы директоры Құрман Әкімқұлов, «Атырау әуе жолы» компаниясының бұрынғы бас директоры Олег Бекбатыров, «Алматықұрылысжабдықтау»компаниясының бұрынғы техникалық басшысы Асқан Бекмұратов және «Алматықұрылысжабдықтау» компаниясының бұрынғы техникалық басшысы Ерлан Сәрсенбеков. Әкімқұлов пен Бекбатыров сәйкесінше 15 және 11 жылға түрмеге кесілген, ал Бекмұратов пен Сәрсенбеков әрқайсысы 10 жылдан арқалады.

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев.
Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев.

Бұл іс бойынша айыпталғандардың басқалары не түрмеден шыққан және көпшіліктің назарынан тыс, не елден дер кезінде қашып кете алғандар. Мысалы, Рахат Әлиев пен оның ең жақындары Әлнұр Мұсаев, Вадим Кошляк, Төлеген Имашев пен Виктор Сапожников қазір шетелде жүр.

«Нұрбанк ісі» бойынша айыпталған он адам жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын-шартты түрде босатылған. Екеуі Қылмыстық кодекстің «Шын өкiнуiне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату» туралы бабы бойынша босатылды. Төрт және бес жылға кесілген үшеудің түрмеде болу мерзімі бүгінде аяқталған.

«Нұрбанк ісінің» қай фигуранты жазасын қай түрмеде өтеп жатқанын білмек болған Азаттықтың әрекеті нәтиже бермеді. Қазақстан қылмыстық-атқару жүйесі комитеті баспасөз қызметінің жетекшісі Ғалымжан Хасенов мекеменің мұндай мәліметтерді сотталушының өзінің келісімінсіз беруге құқығы жоқтығымен түсіндірді. «Бұлай болмаған жағдайда сотталушының құқықтары бұзылады, ал бұған жол берілмейді» деді полковник Хасенов.

«МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІС» ЖӨНІНДЕГІ ІС

«Мемлекеттік төңкеріс жасауға даярлық жөніндегі іс» бойынша сот процесі жабық режимде өткен. Бас прокуратура оны «істе мемлекеттік құпиялардың қозғалатындығымен байланысты» деп түсіндірді. Бұл іс фигуранттарының тізімі сол күйі жарияланбады. Сотталған 16 адамның тек екеуінің – Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың ғана аты-жөні аталды.

Бұл іс бойынша ҰҚК арнайы ақпараттық қызметінің бірнеше қызметкері өтті. Бұл органды 2001-2007 жылдары генерал Жомарт Мәжренов басқарған еді. Олардың он екісі «елдің жоғары лауазымды тұлғаларының сөздерін заңсыз тыңдап, бұл құпия мәліметтерді Рахат Әлиевке табыстап отырғаны» үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. 2007 жылдан бастап Рахат Әлиевке жақын интернет-сайттарда Қазақстанның жоғары басшыларының, оның ішінде президент Нұрсұлтан Назарбаев та бар, телефон арқылы сөйлесулері жазылған күмәнді аудиофайлдар пайда бола бастады. Файлдардың мазмұны ақпаратты әшкере етіп, сол саясаткерлер мен сахна сыртындағы ықпалды тұлғалардың ресми беделін жойды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сырт жағында тұрған - топ-менеджер Серік Бүркітбаев. Ақорда сайтындағы сурет.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның сырт жағында тұрған - топ-менеджер Серік Бүркітбаев. Ақорда сайтындағы сурет.

Бұл аудиофайлдар шатағынан соң, 2008 жылы Қазақстанда осыған дейін Рахат Әлиевпен байланысы болған жандардың бірсыпырасы тұтқынға алынып, артынша сотталды. Олардың арасында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Серік Бүркітбаев, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы консулы Мырзахан Салықбаев, ҰҚК генералы Жомарт Мәжренов бар еді.

Жомарт Мәжренов күмәнді аудиофайлдар шатағындағы басты тұлға болды. Ол 2008 жылдың шілдесінде Астанадағы тергеу изоляторында түсініксіз жағдайда қаза болды. Ресми хабарда бұл «суицид» делінді.

Серік Бүркітбаев бір кездері «Қазақтелеком» компаниясының президенті, сондай-ақ Қазақстанның көлік және байланыс министрі болған. 2009 жылдың наурызында экономикалық қылмыс бойынша айыпталып, алты жылға түрмеге кесілген. Бірақ оны және негізінен істің Рахат Әлиевке жақын басқа да фигуранттарын әскери сот, онда да жабық режимде, соттады. Бүркітбаев үш жарым жылдан соң еш жариялаусыз бостандыққа шықты.

«ЖАҚЫНДЫҚ» ЖӘНЕ «ЖАЗАҒА ҰШЫРАУ»

Бір кезде өзі де саяси тұтқын деп танылған тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «Рахат Әлиев билікке қандай жолмен келмек болса да (заңды әлде заңсыз), «мемлекеттік төңкеріске дайындық жөніндегі істің» саяси астары болды» деп санайды.

– Рахат Әлиевке жақын жандарды қылмыстық қудалауда саяси астар болды, – дейді ол.

Дувановтың айтуынша, әдетте саяси астармен сотталғандар түрмеде сот кескен мерзімі толық біткенше отырады. Ол биліктің сотталғандарға қысым жасау тетіктері жетерлік екенін айтады. Солардың бірі – сотталғандардан «шын өкінуді» түрмеден шығу үшін қажетті шарт ретінде «сығып алу» дейді бұрынғы тұтқын.

Егер оларды бостандыққа мерзімінен бұрын шығарса, енді оларды қамаудың қажеттілігі болмағаны.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев «Рахат Әлиев өзін әу баста қазіргі билік жүйесіне қарсы қойып, оны басқарғысы келген» дейді. Оның айтуынша, билік қудалаған мұндай «элита өкілінің» өзіне аса жақын аз адаммен шекара асып кетуі дәстүрге айналған. Бірақ үшінші, төртінші деңгейдегі өзге нөкерлер керексіз болып, елде қалады. Мұнда олар кінәларының түкке тұрғысыз екеніне қарамастан, қылмыстық қудалауға ұшырайды немесе жоғары кәсіби біліктілігіне қарамастан, жұмыссыз қалады.

– Сотталған сол Серік Бүркітбаев, Мырзахан Салықбаев және басқалар Рахат Әлиевке жақындығы жағынан осы үшінші, төртінші деңгейге жатады деп ойлаймын. Егер оларды бостандыққа мерзімінен бұрын шығарса, енді оларды қамаудың қажеттілігі болмағаны, – дейді Данияр Әшімбаев.

Рахат Әлиевті Австрия Қазақстанға беруден екі рет бас тартты. Қазір ол ақыры тұтқынға алынды. Оған Астананың таққан айыптауларын Австрия соты өзі қарамақ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG