Accessibility links

Түрмедегі тұтқындардың туыстары депутаттан араша сұрады


Лейла Мухлисова, жазасын өтеушінің әпкесі. Астана, 23 желтоқсан 2010 жыл
Лейла Мухлисова, жазасын өтеушінің әпкесі. Астана, 23 желтоқсан 2010 жыл

Бейсенбі, желтоқсанның 23-і күні Қазақстанның әр түкпірінен жиналған бір топ азамат парламентке жиналып, абақтыдағы туыстарына көмек беруді сұрады.

ДЕПУТАТ ҚАТУЛЫ ҚАРСЫ АЛДЫ

Депутаттан жәрдем тілеп келген азаматтардың саны он адам. Олар Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласынан келгендер. Күні бұрын жоспарлап қойған келісім бойынша азаматтар депутаттың кеңсесіне келіп жеткен. Алайда депутат Айгүл Соловьева оларды жылы қарсы ала қоймады.

"Айтып еді ғой төрт адам деп. Мыналарыңыз не, «Қызыл октябрь» колхозы сияқтанып. Бір-бірлеріңізбен тіл табысып үйренсеңіздерші. Төрт адам деп айтып алып, он адам келдіңіздер", - деп кейіс білдірді депутат.

Соловьева кеңсесінің тарлығынан наразы болып отырғанын білдірді. «Кабинетіме үш адамнан артық сыймайды», - деп қынжылды ол. Осыдан кейін амалсыздан комитеттің отырыс залында кездесу өткізуіне тура келді.

АЗАМАТТАРДЫҢ АРЫЗЫ

Депутатқа шағымданып келген азаматтар түрмеде отырған туыстарын Солтүстік Қазақстан облысындағы, халық арасында «Жаман сопка» деп аталып кеткен, ЕС 164/4 абақтысына ауыстыруға қарсы екендерін айтады. Олардың айтуынша, «Жаман сопка» түрмесінде тұтқындарды азаптау және қинау әрекеттері жиі кездеседі.

- Менің немере ағам Ербол жақында Аршалы түрмесінен «Жаман сопкаға» ауыстырылды. Естуімше ол жақта сотталғандарды ұрып-соғады дейді. Әдейі арандатушылық әрекет жасап, мерзіміне мерзім қосады дейді. Оның үстіне біз Оңтүстік Қазақстан облысында тұрамыз. Сонау солтүстікке келіп-кету қиын. Сол үшін туысымды оңтүстіктегі түрмелердің біріне ауыстырып берсе екен деген өтінішпен келіп отырмын, - дейді Досым Мәмбетов.
Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева (сол жақта) түрмеде жазасын өтеушілердің туыстарымен сөйлесіп тұр. Астана, 23 желтоқсан 2010 жыл

Алматыдан келген Аминам Рузахунованың айтуынша «Жаман сопка» түрмесінде адамға малша қарайды.

- Оларға берілетін тамақты ит те ішпейтін шығар, - дейді Аминам Рузахунова.

Жиналған топ түрмеде отырған туыстарының ата аналары кәрі-құртаң, ал кейбірі мүгедек екенін айтып, сотталған бауырларын тұрғылықты жерлеріне жақын маңдағы абақтыларға ауыстырып беруді өтініп, депутаттан көмек сұрады.

- Көрер күндері қанша қалғаны бір Аллаға аян. Балалары жақын жерде болса, болмағанда екі үш айда бір барып көріп-қайтуға мүмкіндік болар еді, - дейді депутаттан көмек іздеп келген жанның бірі Сәуле Ысқақова.

«БІЗ ПАРТИЯҒА БАҒЫНАМЫЗ»

Арыз арқалап жеткен азаматтардың шағымын тыңдап болған депутат Айгүл Соловьева «адам құқықтары жөніндегі бюроға неге шағымданбайсыздар, бұндай іспен солар айналысады ғой» деп ақыл қосты. Алайда ата аналар «адам құқықтары жөніндегі бюро қылмыстық атқару жүйесімен ауыз жаласқан» деп, бұл ұйымға сенбейтіндерін жеткізді.

- Мен адам құқықтары жөніндегі бюроға қаншама рет шағымдандым. Хат та жаздым. Ешқандай нәтиже көрген жоқпын. Олардан қайыр жоқ екеніне көзім жетті. Ал сіздердің қолдарыңызда қандай да болсын билік бар. Оның үстіне сіздер халық сайлаған адамсыздар, - дейді түрмеде жазасын өтеуші Модан Мухлисовтың әпкесі Лейла Мухлисова.

«Бізді партия сайлаған, біз партияға бағынамыз» деген депутат Айгүл Соловьева шағымданып келген азаматтарды «Азаматтық альянстың» президенті болған соң ғана қабылдап отырғанын айтты.

Дегенмен Айгүл Соловьева, ең алдымен депутаттық мандатын пайдалана отырып қоғамдық кеңес құрып, «Жаман сопка» түрмесіндегі жағдаймен танысып, мүмкін болғанша ондағы тұтқындармен кездесуге уәде берді.

- Егер «Жаман сопка» түрмесіндегі жағдай шынымен жаман болса, онда азаматтық қоғам ұйымдарын көтерем, - дейді депутат.

Биыл шілденің 21-інде Солтүстік Қазақстан облысындағы «Жаман сопка» түрмесінде болған тұтқындардың наразылық әрекеттері туралы Азаттық радиосы бірнеше рет хабарлаған болатын. Қатаң режимді түзету мекемесінде жазасын өтеушілер түрме әкімшілігінің саясатына қарсы шығып, қарындарын тіліп тастаған еді.
XS
SM
MD
LG