Accessibility links

Қазақстанға орысша үйренуге келетін шетелдіктер


Қазақстанда оқитын ауғанстандық студент Махди Зартош.
Қазақстанда оқитын ауғанстандық студент Махди Зартош.

Алматыда орыс тілін үйреніп жүрген азиялық студенттерді бағаның арзандығы, қауіпсіздік пен тіл меңгеруге тиімді орта қызықтырады.

Қостілді қоғам болып есептелетін Қазақстанның жоғары оқу орындарына орыс тілін үйрену үшін түсетін шетелдік, негізінен азиялық студенттер саны көбейіп келеді. Оларды оқу бағасының арзандығы қызықтырады және кейбірі «әсіреұлтшылдар тарапынан азиялықтарға қатысты зорлық-зомбылық байқалып қалатын» Ресейдің ірі қалаларынан гөрі Қазақстанда оқу қауіпсіз деп санайды.

«ОРЫСША БІЛСЕҢ, ЖҰМЫС ТАБУ ОҢАЙ»

Ауғанстандық Махди Зартоштың Қазақстанда оқып жатқанына үш жыл толған. Ол Қазақстан үкіметінің Ауғанстан студенттеріне бөлген 2000 грантының бірін иеленген.

«Қазақстанға келгенде біз бір жыл тіл курсын оқыдық. Бізге қазақ немесе орыс тілін үйренуді ұсынды. Мен орыс тілін оқуды таңдадым. Кейін оқуымды орыс тілінде жалғастырдым. Биыл журналистика факультетінің магистратурасын бітіремін. Орыс тілінде жеткілікті деңгейде сөйлеймін» дейді ол.

Оңтүстік кореялық Ким Сё Лонг та Махди Зартошт сияқты үкімет грантымен Қазақстанға орыс тілін үйренуге келген шетелдіктердің бірі. Оның пайымдауынша, Қазақстан – орыс тілін үйренуге ыңғайлы ел.

«Орыс тілін екі жыл үйрендім. Қазір жазып, орыс тілінен корей тіліне аудара аламын. Мен Қазақстан мен Оңтүстік Корея үкіметтері арасындағы келісім бойынша грантта оқып жатырмын. Қазақстанға келгенде орыс тілі мамандығын таңдадым» дейді кореялық азамат.

Бірақ Қазақстанға орысша үйренуге келгендердің көпшілігі Махди мен Ким сияқты грант иеленгендер емес, өз бетімен келіп, оқуға түскендер.

Қазақстанда орыс тілін үйреніп жүрген қытайлық Ма Вун Цзи.
Қазақстанда орыс тілін үйреніп жүрген қытайлық Ма Вун Цзи.
​Екі жыл бұрын Қазақстанға келген қытайлық Ма Вун Цзи де өз ақшасына орыс тілін үйреніп жүр.

«Бұл жаққа орыс тілін үйрену үшін келдім. Қазір біраз сөйлей аламын. Қытайда орыс тілі мамандары керек. Орыс тілін білсең, Қытайда жұмыс тауып алу оңайырақ» дейді ол.

Қытайлық студенттің сөзін жергілікті шығыстанушы Олжас Қанатбеков те растайды. Оның айтуынша, Қытайда орыс тілін білетін маманға сұраныс бар.

«Қазақстанға көбіне қалталы қытай азаматтары келеді. Олар орыс тілін үйреніп алып, бизнеспен айналысуды ойлайды. Қытайда орыс және ағылшын тілін білетін азаматтарға жұмыс оңай табылады. Қытайлықтар еңбек нарығындағы бәсекелестікте тіл үйрену арқылы жеңуді ойлайды. Оңтүстік Корея мен Жапония азаматтары бір емес, бірнеше тіл біледі. Олар Батыс өміріне бейімделу үшін ағылшын, неміс, орыс тілдерін білуді өздеріне міндет санайды» дейді маман.

АРЗАНҒА ТІЛ ҮЙРЕНУ

Шетелдік студенттер қазақ және орыс тілдері қатар қолданылатын Қазақстанда орыс тілін меңгеру қолайлы ғана емес, Ресейдің көптеген қалаларына қарағанда қауіпсіз деген де пікір айтады. Бірақ басты себептердің бірі қаржылық тартымдылықта жатқан сияқты. Алматыда шетелдіктерге орыс тілін үйрететін арнайы орталықтардың бірінде жұмыс істейтін Самал Сапарованың айтуынша, бұл елде орыс тілін үйрену арзан.

«Шағын тіл мектебімізде дәл қазір орыс тілін үйреніп жатқан 4 қытай, 6 кореялық, 2 жапон және 1 таиландтық бар. Маусым айының ортасында тағы біраз азиялық студенттерді күтіп отырмыз. Бізде орыс тілін үйрену бағасы айына 30 мың теңге (150 доллар шамасы – ред.). Сабақ таңғы тоғыздан кешкі алтыға дейін болады. Жататын жерлері мен тамақтарын да ұсынамыз. Оған қосымша ақша төлейді. Жалпы, Қытай, Оңтүстік Корея мен Жапония азаматтары бізге таза орыс тілін үйренуге келеді. Оларға орыс тілін Ресейден гөрі Қазақстанда оқыған тиімді. Шығын аз кетеді. Ресей мен Қазақстанда орыс тілі курсының құны шамамен бірдей. Бірақ Ресейде пәтерге, тамаққа шығын көп. Ал алатын білімі мен тілдік тәжірибесі Ресейден кем емес» дейді орыс тілі курсының менеджері.

Алматыдағы тағы бір шетелдіктерге орыс тілін үйрететін тіл мектебінде сабақ беретін Анар Бекова есімді мұғалім қазір Қытай, Малайзия, Жапония мен Оңтүстік Корея азаматтарын оқытып жатқанын айтты.

Студенттер жиыны. (Көрнекі сурет)
Студенттер жиыны. (Көрнекі сурет)
​«Курстың 90 минуты – 2500 теңге (12 АҚШ доллары – ред.). Бұл топпен оқудың бағасы. Сабақ аптасына бір жарым сағаттан бес рет болады. Аптасына үш рет сөйлеу шеберліктерін арттыратын тегін сөйлесу сабақтары болады. Курсымыз ашылғалы екі жылдан асты. Орыс тілін үйреніп жатқан шетелдіктер көп» дейді сұхбаттасымыз.

Осындай курстардың бірінде тіл үйреніп жүргендердің бірі - қытайлық Лю Цзи Яо. Ол қыркүйек айына дейін Алматыда тұрып, орыс тілін үйренбек.

«Ресейге барсам көп шығын шығады. Қазақстанда орыс тілін үйрену арзан. Менімен бірге тағы төрт қытайлық студент келді. Барлығымыз қыркүйекке дейін қалып, орыс тілін үйренеміз» деді ол.

Азаттық тілшісі Қазақстандағы және Ресейдегі бірнеше орыс тілін үйрететін курстарға хабарласып, оқу бағаларын сұрап көрді. Қазақстанда орыс тілін топпен оқу - сағатына 1800-3000 теңгенің арасы. Ал жеке оқу құны - сағатына 3500-4500 теңге. Ресейде де орыс тілі курсының құны Қазақстанмен шамалас: топпен оқу - 300-400 рубль (шамамен 2000 теңге), жеке оқу – 800-1000 рубль (шамамен 4000-5000 теңге). Алайда Ресейдің ірі қалаларында азық-түлік, ұшақ билеті, жатын орын Қазақстанға қарағанда әлдеқайда қымбат.
XS
SM
MD
LG