Accessibility links

Желтоқсандағы батылдықтан авторитаризмді ұлықтауға дейін


Академик Салық Зиманов.
Академик Салық Зиманов.

Биыл қараша айында 90 жасында дүниеден озған Салық Зиманов советтік Қазақстанда заңгер-ғалым ретінде, тәуелсіз Қазақстанда қоғам қайраткері ретінде танылды. Оппозиция мен билікті қатар сынауға тырысқан академик ғұмырының соңғы жылдары ұстанымын өзгертіп, президентті ашық мадақтады.


Академик Салық Зимановтың есімі 1986 жылы желтоқсан оқиғасынан соң қазақ жастарын республика жетекшілігі алдында қорғап сөйлеген санаулы адамдардың бірі ретінде аталды.

Осы бас көтеру кезінде Мәскеудің арнайы тапсырмасымен келген КПСС орталық комитеті саяси-бюросының мүшесі Михаил Соломенцев пен Геннадий Колбин 24 желтоқсанда Қазақ ССР ғылым академиясы төралқасының отырысына қатысып, «қазақ жастарының басбұзарлығын» сөз етті.

Сонда сөйлеген сөзінде академик Салық Зиманов: «Ашығын айтайық. Бұл оқиғаға қазақтың да, орыстың да үлкендері кінәлі. Біз жастардың алдында
Брежнев атындағы алаңға жиналған қазақ жастары. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. (Мемлекеттік орталық мұрағаттан алынған фотокөшірме)
Брежнев атындағы алаңға жиналған қазақ жастары. Алматы, желтоқсан, 1986 жыл. (Мемлекеттік орталық мұрағаттан алынған фотокөшірме)
қазақша сөйлеуді қойдық. Қазақша сөйлемеген соң біздің сөзіміз оларға жетпейтін де болды. Өз басым Қазақстан компартиясы орталық комитеті саяси бюро мүшелерінің қазақ жастарының алдында қазақша сөйлегенін көрген емеспін. Тыңдаушы жастарды 90 пайызы қазақ болса да, орысша сөйлейді. Мен заңгер ретінде осы мәселені дұрыс қарастыруды, жастарды текке айыптамауды сұраймын» деген еді.

Қазақ жастарын жаппай қаралап жатқан шақта қоғамға белгілі адамдардың көпшілігі шындықты айта алмай, биліктің айтқанын қолдаған болатын. Кейінгі уақыттарда Салық Зимановқа осы әрекеті үшін «Қазақстанның халық қаһарманы» атағын беру жөнінде де аракідік ұсыныстар айтылғанымен, ол сөз күйіне қалды.

ПАРЛАМЕНТ ТУРАЛЫ ӨЗГЕРГЕН ПІКІР

1990 жылы Қазақ ССР жоғары кеңесінің 12-ші шақырылымның депутаты болған Салық Зиманов сол жылы 25 қазанда қабылданған егемендік туралы декларация жобасын жазды. 1991 жылы қабылданған «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң жобаларын талқылап, қабылдауға академик белсене қатысты.

Тәжірибелі заңгер республиканың 1993 жылғы тұңғыш конституциясын әзірлеген жұмыс тобына жетекшілік етті. Кейінгі кезеңде ол Қазақстан парламенті мен конституциясының ерекшеліктеріне арналған бірнеше еңбек жазды.

Бірақ, Салық Зиманов 1995 жылы қабылданған Қазақстан конституциясын әуел баста қолдағанымен, он жыл өте ол ойынан бас тартты. 2006 жылы Салық Зиманов «Алғашқыда «Күшті президент билігімен бірге күшті парламент болуы керек» деген пікірде болдым, осы тақырыпта мақалалар да жаздым. Кейін бұл пікірдің өтпелі дәуірде іске
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының парламент сайлауында жеңіске жетуіне арналған шарада. Астана, 18 тамыз 2007 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) өзі басқаратын "Нұр Отан" партиясының парламент сайлауында жеңіске жетуіне арналған шарада. Астана, 18 тамыз 2007 ж.
аспайтын қиял екеніне көзім жетіп, «күшті президент билігі және мейлінше оңтайлы парламент» деген ойға табан тіредім. Бүгінгі парламент ол талапқа сай болмай тұр» деп жазды.

2007 жылы қараша айында Қазақстан парламенті өткізген «Республикадағы парламентаризмнің дамуы» атты халықаралық конференцияда академик Салық Зиманов қазіргі биліктің үлкен қателік жасап отырғанын, оны тез арада түзетпесе елде үлкен саяси-экономикалық дағдарыс болады деген пікірін жеткізді.

Заңгер «Нұр Отан» партиясының алдында тұрып, қазіргі парламентаризмнің құзыреті мен қызметін айрықша сынға алып, «Жапонияны, Сингапурды алға тарудың қажеті жоқ, өйткені әлемдік тәжірибенің өзі бұл елдерге сілтеме жасамаңдар деп айтып отыр. Ол елдердің де даму тарихын Қазақстанмен салыстыруға болмайды» деді.

Ұйымдастырушылар Салық Зимановқа аяғына дейін сөйлеуге мүмкіндік бермеді. Мәжіліс төрағасының орынбасары Бақытжан Жұмағұлов қарт академикті уақыттан қағып тоқтатты.

АКАДЕМИЯ ТУРАЛЫ ӘРТҮРЛІ ПОЗИЦИЯ

«Жоғары кеңестің кезекті рет таратылуынан соң бір жыл өткенде, 1996 жылы наурыз айында ғылым академиясының шын мәнінде тарау жағдайында тұрғанына наразылық білдірген академиктер бүлік шығарды» деп жазады журналист Сейдахмет Құттықадам.

Президентке «Мұнан әрі үнсіз қала алмаймыз!» деп үндеу жолдаған академиктер мен басқа да белгілі тұлғалар (ішінде Салық Зиманов та бар) республиканың әлеуметтік хал-ахуалын сын тезіне алды. Әсіресе, «мәдениет, өнер, ғылым салаларының күйрегенін» жазған ашық хат иелері «Азамат» қоғамдық-саяси қозғалысын құруға себеп болды.

«74-тің хаты ашық күнде жай түскендей болды. Үндеуге қол қойғандарға билік жаппай қысым жасай бастады. Біреуін қорқытты, енді бірін алдады, азғырды, түрлі уәдемен емексітті. Әйтеуір арада бір ай өткенде сегіз адам ашық хаттан бас тартып шыға келді» деп жазады Сейдахмет Құттықадам.

Публицистің пайымдауынша: «Келешек қозғалыс бағыты негізінен ғылым мен білім және техника саласымен ғана шектелуі тиіс» деген академик Салық Зимановтың ұсынысы өтпей қалған соң, ол тағы да екі академикпен бірге ұйымдастыру комитетінен шығып кетті. Бұл жаңа қозғалысқа қатты соққы болды».

Сол жылы қазан айының 22-сінде Қазақстан ғылым академиясы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қоғамдық бірлестік болып өзгерді. 1996 жылдан бері бірнеше министрліктің қарауына ауысқан 70 жылға
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Ғылым ордасындағы" кездесуде сөйлеп тұр. Алматы, 1 желтоқсан 2011 ж.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Ғылым ордасындағы" кездесуде сөйлеп тұр. Алматы, 1 желтоқсан 2011 ж.
жуық тарихы бар ұлттық ғылым академиясы бұрынғы ғимаратынан да, мәртебесінен де айырылып, Қазақстандағы басқа 20-ға жуық салалық академиялардың мәртебесімен теңесті.

Алайда бұл мәртебені де академиктер президентке арнайы хат жазып, өздері сұрап алған еді. Қазақстан үкіметінің сайтында сақтаулы тұрған бұл хаттың соңындағы 39 академиктің арасында Салық Зимановтың да есімі жүр.

Кейін академик Зиманов ғылым мәселесі бойынша 2009 жылы Қазақстан президентіне бірнеше рет ашық хат жазды. Ал 2010 жылы Қазақстан ғалымдары одағының жиналысында қазақ ғылымының бүгінгі дамуын есектің жүрісіне теңеді.

2011 жылы желтоқсанның 1-і күні Алматыда өткен отандық ғалымдармен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық ғылым академиясының бұрынғы мәртебесі қайтарылса деген ұсыныстардың әлі де айтылып жүргеніне тоқтала келіп, марқұм Салық Зиманов өзімен бір кездескенде: «Барлығын тындырып жүрсің ғой, енді академияны да қалпына келтірсең дұрыс болар еді» дегенін еске алған еді.

– Бірақ ол академия соны аңсаған академиктерге жақсы болатын шығар, бірақ ғылымның болашағына сай келмейді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ОППОЗИЦИЯМЕН ТҮРЛІШЕ ТҮЙІСУ

2001 жылы «Отан» партиясынан шығып, «Қазақстанның демократиялық таңдауы» саяси қозғалысына қосылған парламент депутаты Болат Әбіловті сол жылы 19 желтоқсанда депутаттық мәртебесінен айырғанда, Салық Зиманов «депутатты саяси көзқарасына, ұстанымына байланысты депутаттық мәртебесінен айыру – конституцияға қайшы келетінін» айтты.

Болат Әбіловтің үстінен әкімшілік іс қозғалған 2006 жылдары да Салық Зиманов оны қорғап сөйлеп, сотты әділдікке шақырды.

«Керек кезде Болат Әбіловті ашық та қорғадым, сондықтан оның кейбір бұрыс істерін бетіне айтуға хақым бар» деп жазды кейін бұл жөнінде академиктің өзі де. Бірақ, Болат Әбілов Алматы қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовті оппозициялық ақпарат құралдары арқылы бірнеше мәрте айыптағанда Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаевтармен қатар Салық Зиманов та оған тоқтау айтты.

Салық Зиманов бұл мақаласында «Қазақстандағы ең жарқын саясаткерлердің бірі, ғылым докторы, бірнеше кітаптардың авторы Иманғали Тасмағамбетовтің тәуір істерін көзге ілмей, қара бояуды
«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жиынында отырған қазақ оппозициясының қайраткерлері (солдан оңға): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.
«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының жиынында отырған қазақ оппозициясының қайраткерлері (солдан оңға): Ораз Жандосов, Заманбек Нұрқаділов, Жармахан Тұяқбай, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Гүлжан Ерғалиева. Алматы, 2005 жыл.
баттастырған» Болат Әбіловті айыптай отырып, өзінің оппозицияға қатысты көзқарасын білдіре кетті.

«Кейбір біржақты пікірлерімен келісе қоймасам да, оппозицияның біраз жетекшілеріне құрметпен қараймын. Оппозицияның интеллектуалдық әлеуеті аз емес. Бірақ оның әзірге конструктивтілігі байқалмай отыр. Олардың қайсыбір сөздері мен іс-әрекеттерінен ел жағдайын жақсартайын дейтін ниеттен гөрі билікте отырған кейбір адамдарға жеке бастарының қарсылығы сезіледі.

Бүгінде ресми билік пен оппозиция «бізбен бірге жүрмегендердің бәрі бізге қарсы» деп отыр. Бұл – өнбестің сөзі. Мұны «ортақ мақсат жолындағы әртүрлі әдіс» деген ұстанымға ауыстыру керек» деген еді.

2006 жылы құрылған «Нағыз Ақ жол» партиясын Қазақстан әділет министрлігі әрқилы себептермен тіркемей қойғанда партия басшылығы академик Салық Зимановқа хат жолдап, өздеріне кеңес беруін өтінді. Салық Зиманов бейтарап баға бере келе, «Нағыз Ақ жол» партиясының тіркелмеуінің заңсыз екенін дәлелдеуге тырысты.

Салық Зимановтың «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағаларына жолдаған жауабы «Жас Алаш» газетіне жарияланардан 5 күн бұрын Алтынбек Сәрсенбайұлы көмекшілерімен бірге қатыгездікпен өлтірілді. Бұл қылмыс қоғамда алуан пікір туғызып, ел арасында «әсіресе президентке сөзі өтімді қоғам қайраткерлері тапсырыс берушіні қалай да тауып, жазалауды талап ететін болар» деп үміттенгендер болған еді. Бірақ, академик Зиманов бұл мәселеге қатысты жеке позициясын танытпаған күйі кетті.

ПРЕЗИДЕНТКЕ ҚАТЫСТЫ «БЕЙТАРАПТЫҚ»

Қазақстан президентін дәріптеу науқанына келгенде академиктің сөзі басқа қоғамдық тұлғалармен салыстырғанда сараңдау шығып келді. Көбіне Салық Зимановтың «президент туралы айтқан мақтау сөздері» екінші, тіпті үшінші жақтан баяндалып, жергілікті баспасөз беттерінде сирек жарияланып тұрды.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы көзқарасын Салық Зиманов өз атынан 2010 жылы тамыздың 29-ында «Дала мен қала» газетіне жариялады. «Жолдасы қыдыр болған тұлға» деген мақаласында академиктің мақтауға сараңдығы күрт өзгерген.

«1993 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы өзі бас болып, Ордабасыда қазақтың тұңғыш құрылтайын өткізді. Көреген көшбасшы осынау алқалы жиынды ұйымдастыра отырып, жиналған жұртқа «мен құратын мемлекет пен менің де жолым адалдық пен әділдік» дегенді барлық жан жүрегімен айтып жариялады. Содан бері 20 жылға жуық уақыт өтті. Жүріп келе жатқан жолымыз адал да әділ болғандықтан ел ішінде тамаша тыныштық орнықты» деп жазылған мақалада.

Сонымен қатар ол бұл мақалада Қазақстан президентіне: «өз дінімізді ұстанайық, бірақ басқа діндерді ұстанушыларды қорламайық, құрметтейік!» дегізе алған тарихтағы тұңғыш қайраткер; бүкіл Ислам әлемінде Аллах Тағала қолдаған тура жолды ту ететін көшбасшы және адамзат көгіндегі нұрлы тұлға; егемендік қалай болғанда да Нұрсұлтан
Қазақстанның тұңғыш президенті атындағы саябақта ашылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Алматы, 11 қараша 2011 ж.
Қазақстанның тұңғыш президенті атындағы саябақта ашылған Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші. Алматы, 11 қараша 2011 ж.
Әбішұлы Назарбаевтың жалғыз жанын шүберекке түйіп қойып, халқы үшін жасаған көзжұмбай ерлігінің бір жемісі; көзсіз батырымыз да, көреген данамыз да Нұрсұлтан Әбішұлы» деген эпитеттер жасады.

«Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның жоғарғы саяси элитасында ең білімді, ең тәжірибелі тұлға екенін алғашқы жылдарында-ақ қызметімен дәлелдеп шықты. Мұны көрген халық Қазақстанның тұңғыш Президентін сайлау бәсекесіне түскен сайын оны толығымен қолдайтынын іс жүзінде көрсетіп отырды... Ұлт Көшбасшысы туралы арнайы заңның қабылдануы табиғи заңдылық. Өйткені, Елбасымыз дәл қазір нағыз жұмыс бабында» деп аяқтаған еді мақаласын 89 жасында академик Салық Зиманов.

Қажет кезде оппозицияға да, билікке де төрелік айтқан, ал өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан президентінің мақтауын асырған академик Салық Зиманов «ортақ мақсат жолындағы әртүрлі әдістерді» өз тәжірибесі арқылы осылайша көрсетіп дүниеден өтті.

Академик Салық Зимановтың Қазақстан ғалымдары одағы жалпы жиналысының сессиясында сөйлеген сөзі. Алматы қаласы, 2 сәуір 2010 жыл.

Академик САЛЫҚ ЗИМАНОВ: "Қазақ ғылымының бүгінгі жағдайы есектің жүрісі". 02 04 10 жыл
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:00 0:00
XS
SM
MD
LG