Accessibility links

Сотқа тартылған экс-вице-министр айыпты жоққа шығарды


Бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов сот басталуын күтіп отыр . Астана, 16 шілде 2014 жыл.
Бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов сот басталуын күтіп отыр . Астана, 16 шілде 2014 жыл.

Сотқа тартылып жатқан бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов жемқорлық ісінде жазығы жоғын айтты. Бірақ президентшіл «Нұр Отан» партиясы оны «кір келтіргені үшін» қатарынан шығарып жіберген.

Шілденің 16-сы күні Астана қаласы Алматы ауданындағы 2-сот бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовтің ісін қарауды жалғастырды. Оған Өскемендегі 700 оқушыға арналған кәсіби орталықты салу кезінде бюджет қаржысын иемденді және ысырап қылды деген айып таққан. Прокурор айыпты жариялағанда Саят Шаяхметов оны мойындамайтынын айтты.

ҮЙҚАМАҚТА ОТЫРҒАН ЕКЕУ

Саят Шаяхметов бір жылдан астам уақыттан бері үйқамақта отыр. Сотқа одан өзге тағы үш адам тартылған. Олардың екеуі – «Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің салынып жатқан нысандар дирекциясы» компаниясы директоры Александр Пак пен «ЗАК Сервис» компаниясының бұрынғы құрылтайшысы Роман Киреев Астанадағы тергеу изоляторында отыр. Сотқа тартылған енді бір адам – бұл компанияның қазіргі директоры Алексей Тутубалин бостандықта жүр. Сотта ол Шаяхметовпен бірге отырды.

Айыптау қорытындысына қарағанда, «ЗАК Сервис» компаниясы мен білім және ғылым министрлігі Өскеменде кәсіби орталық салуға шарт жасасқан. Бірақ Роман Киреевтің «бюджет қаржысын жымқыру арқылы баю жоспары пайда болған» екен. Киреев жасалған жұмыстар жайлы жалған акт жасап, кейін оған қол қойып, білім және ғылым министрлігіне берген-міс. Ол жақта құжаттарға қол қою құқығы бар бұрынғы вице-министр Саят Шаяхметов бұрыштама соққан. Айыптау құжатына қарағанда, ол мұның ақысын алуы керек болған, бірақ қандай ақы екені айтылмады. Басқа айыпталушылар жасалған болуы мүмкін қылмыстағы сыбайластар ретінде аталды.

Білім және ғылым министрлігі қол қойылған актілер негізінде атқарылған жұмыстың ақысын аударып, кейін оны жалған кәсіпорындар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған дейді тергеушілер.

Сотталушылардың төртеуі де айыпты жоққа шығарды. Саят Шаяхметов сотта айыпты толықтай мойындамайтынын айтты. Ол ақпарат құралдарына комментарий беруден бас тартты.

ҮЙҚАМАҚ ЖАЗАСЫН ЖЕҢІЛДЕТУ ЖАЙЛЫ ӨТІНІШ

Бұл істегі жапа шегуші – білім және ғылым министрлігі. Министрлік өкілі Арман Шәріпов сотта объект құрылысы бітпегенін айтты. Бірақ ол құрылыс қай шамада деген сауалға да, басқа сұрақтарға да жауап бере алмады.

Судья Бақытбек Сыздықов келесі отырысқа объектінің дайындығы жайлы соңғы анықтаманы әкелуді сұрады. Бірақ ол ақпарат сотталушылардың адвокаттарында бар екен. Роман Киреевтің адвокаты

Саят Шаяхметов адвокаттардың бірімен сөйлесіп отыр. Астана, 16 шілде 2014 жыл.
Саят Шаяхметов адвокаттардың бірімен сөйлесіп отыр. Астана, 16 шілде 2014 жыл.

Наталья Гутарова нысанның биыл ақпанда түсірілген суреті бар сараптама қорытындысын іске қосуды өтінді. Адвокаттың айтуынша, ғимарат бітті деуге болады, олар нысанды қабылдап алыңдар деп білім және ғылым министрлігіне бірнеше рет хабарласқан.

Адвокат Наталья Гутарованың сот залынан тыс жерде Азаттық тілшісіне айтуынша, кәсіби орталық құрылысын аяқтаудағы негізгі мәселе коммуникацияның жоқтығына тіреліп тұр. Ол болмаған соң объект қолдануға берілмейді дейді адвокат.

Сотта Саят Шаяхметовтің мүддесін қорғаған адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сөзінше, «ЗАК Сервис» компаниясына қоса мемлекеттік сатып алу арқылы ғимаратқа коммуникация жүйесін тартуы тиіс компанияны таңдаған Шығыс Қазақстан облысы әкімдігімен де шарт жасалған.

– Қазір ол жұмысты атқарушы міндетін орындамай, жұмыс бітпей қалған. Алдын-ала тергеу кезінде осыны ескеруді өтінгенбіз. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі шарт жасасқан сол орындаушының кінәсінен бұл

Адвокат Нұрлан Бейсекеев.
Адвокат Нұрлан Бейсекеев.

объектіге жылу жүйесі тартылмаған. «ЗАК Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі техникалық жағдайға байланысты ішкі өңдеу жұмыстарын жүргізе алмады, – дейді Нұрлан Бейсекеев.

Адвокат Бейсекеевтің айтуынша, құрылыс жүріп жатқан кезде қылмыстық іс қозғалғаны оғаш көрінеді, құрылыс жүріп жатқанда сотталушылардың ақша жымқырған белгілері жайлы сөз болуы да мүмкін емес.

Адвокат Нұрлан Бейсекеев сотта клиентіне бұйырылған бұлтартпау шарасын жеңілдетуді – үйқамақтың орынан таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жүріп-тұруын шектеу шарасын беруді сұрады. Қорғаушысы Саят Шаяхметовтің жас үш баласы барын, аяғы ауыр әйелі үй шаруасын жалғыз өзі атқаруы қиын екенін айтты. Бірақ сот бұл өтінішті орындамады.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, президентшіл «Нұр Отан» партиясы сот жүріп жатқан кезде бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметовті қатарынан шығарып тастаған. Айыбы әлі дәлелденбеген оны партия беделін түсірді деп таныған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG