Accessibility links

Пән бар, оқулығы жоқ


«Алтын ауыл» орта мектебінің 4-сынып оқушысы Назерке Тобалдиева ағылшын тілін оқығысы келеді, бірақ оқулығы жоқ. Алматы облысы Қаскелең қаласы, 19 қазан 2015 жыл.
«Алтын ауыл» орта мектебінің 4-сынып оқушысы Назерке Тобалдиева ағылшын тілін оқығысы келеді, бірақ оқулығы жоқ. Алматы облысы Қаскелең қаласы, 19 қазан 2015 жыл.

Екі аптадан кейін қазақстандық оқушылар 1-тоқсанды тәмамдайды, бірақ көбі оқулық жетпей әлі қиналып жүр. Ата-аналар жетпейтін оқулықтарды өз ақшасына сатып алуға мәжбүр.

Қаскелең қаласындағы «Алтын ауыл» орта мектебінің 4-сынып оқушысы Назерке Тобалдиеваның анасы қызына ағылшын тілі пәнінен қосымша дәптерлер мен оқулық сатып әперуді қалтасы көтермейтінін айтады.

Оның айтуынша, оқулық 1 мың 800 теңге тұрады. Ол «қосымша жұмыс дәптерлерінің біреуі ғана 500-600 теңге тұрады, оларға шамамен үш мың теңге жұмсадым» дейді. Назеркенің анасы Ұлтуар Тобалдиева Азаттыққа:

- Жалғызілікті анамын, әлдебір оқулықты жыл сайын сатып алуға шамам келмейді. Білім басқармасы бұл мәселені неге біржола шешпейді екен? Енді бұған тест кітапшалары қосылды, әр тест үшін 360 теңге төлейміз, бұл 11-сыныпқа дейін жалғасады, - деді.

АҒЫЛШЫН ТІЛІ САБАҚТАРЫ

Ағылшын тілі пәні мұғалімі Ақботаның (аты-жөнін толық көрсетпеуді сұрады) Азаттыққа айтуынша, 4-сыныпта ағылшын тілі факультативтік сабақ ретінде өтеді, сондықтан оқулықты ата-аналар сатып алуы тиіс. «Оқулық сатып алуды неліктен ата-аналардың мойнына артып қойған?» деген сұраққа жауап бере алмаған ағылшын тілі пәні мұғалімі білім министрлігіне сілтеді.

Алматы базарындағы 4-сынып оқулықтары. 19 қазан 2015 жыл.
Алматы базарындағы 4-сынып оқулықтары. 19 қазан 2015 жыл.

Алматы қаласы білім басқарамасы сайтында «Білім және ғылым министрлігінің ішкі нормативтік-құқықтық құжаттарына сәйкес, оқу процесінде пайдалануға ұсынылатын әдебиеттер тізімі жыл сайын бекітіледі. Тізімге енбеген оқулықты мектепте қолдануға тыйым салынады» деп жазылған.

Алматы қаласы білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімі маманы Саида Токееваның айтуынша, 4-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығы тек келесі жылы шыға бастайды.

- Біртіндеп шығарып жатыр, 4-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығын келесі жылы шығарамыз. Мектептерде үлкен кітапхана бар, сондықтан ешкім ата-аналарды оқулық сатып алуға мәжбүрлемеуі тиіс. Егер мектеп әлдебір қосымша бағдарлама бойынша оқығысы келсе, ата-аналарды кітап сатып алуға мәжбүрлемей, оқулықпен өзі қамтамасыз етуі тиіс, - дейді Саида Токеева Азаттыққа.

Білім басқармасы маманы ата-аналардың ешқайсысы бұл жайлы шағымданбағанын айтады. Басқарма мамандары қала мектептері оқулықпен 100 пайыз қамтылған деп санайды. «Егер мұғалімдер оқу процесіне балама оқулықтарды енгізсе, мектеп алдын ала тапсырыс беруі тиіс, сол кезде әлгі оқулықтарды сатып алып, кейін оқушыларға тегін беріледі» дейді Саида Токеева.

ЖАҢА СТАНДАРТ, ЖАҢА ЕРЕЖЕ

Ұлы мектепте оқитын Арайлым Жанпейісова 4-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығынан бөлек, тағы төрт оқулық сатып алған. Ол өзін-өзі тану, математика, дүние тану, әдебиет оқулықтары үшін кітап дүкенінде 7 мың теңгедей ақша төлеген.

Қаскелең қаласы «Алтын ауыл» орта мектебінің ғылыми жұмыс жөніндегі оқу меңгерушісі Жеңіскүл Ахмеджанова. Алматы облысы, 20 қазан 2015 жыл.
Қаскелең қаласы «Алтын ауыл» орта мектебінің ғылыми жұмыс жөніндегі оқу меңгерушісі Жеңіскүл Ахмеджанова. Алматы облысы, 20 қазан 2015 жыл.

Қаскелең қаласы «Алтын ауыл» орта мектебінің ғылыми жұмыс жөніндегі оқу меңгерушісі Жеңіскүл Ахмеджанованың айтуынша, оқушылар ескі бағдарламамен оқиды. Ол мектеп келесі жылы жаңа стандартқа көшетінін және оқушылар жаңа ережелер бойынша оқи бастайтынын айтады.

- Біздің мектепте 4-сынып оқушылары ағылшын тілін қосымша факультатив сабақ ретінде оқиді. Бұл пәнді ата-аналар өздері таңдады, ал мұғалімдер пәнді Верещагинаның оқулығы бойынша оқытуды ұсынды. Кітапханада мұндай оқулық жоқ, сондықтан ата-аналар өздері сатып алды, өйткені өз баласы үшін бұл - ең арзан оқулық. Қалған сыныптарға оқулықты өзіміз береміз, - дейді Жеңіскүл Ахмеджанова Азаттыққа.

Алматы қаласы Әуезов ауданындағы №139 мектеп-гимназия мен Алматыдағы №54 Қазақстан-Ресей мектеп-гимназиясы басшылығы да осыған ұқсас жауап берді.

Алматы қаласы білім басқармасының сайты білім және ғылым министрлігіне қарасты білім беру және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Альтаир Ахметовтің «Білім және ғылым министрлігі 2015 жылықайта басылып шыққан 4-11-сыныптарға

4-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығы. Алматы, 20 қазан 2015 жыл.
4-сыныпқа арналған ағылшын тілі оқулығы. Алматы, 20 қазан 2015 жыл.

арналған оқулықтарды сатып алуға ақша бөлді, оқушылар қажет оқулық, оқу-әдістемелік құралдармен мектеп кітапханалары қоры есебінен жоспарлы түрде қамтамасыз етіледі әрі кітапхана қоры білім және ғылым министрлігі қаражаты есебінен қажетіне қарай толықтырылады» деген сөздерін келтірген.

- Ағылшын тілін жетік меңгерген адам өмірде көп нәрсеге қол жеткізетінін білемін. Бірақ тілді оқып-үйренгім келсе де, оған мүлде мүмкіндік жоқ, - дейді Назерке Тобалдиева.

Ол ағылшын тілі сабағын мектепте ғана оқиды. Оқулығы жоқ болғандықтан, Назерке үй тапсырмаларын орындамайды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG