Accessibility links

«Софроний үйі» балалары басқа мекеменің есебінде болады


Софроний басқарған паналау орыны. Алматы облысы Түймебаев кенті, 25 сәуір 2014 жыл.
Софроний басқарған паналау орыны. Алматы облысы Түймебаев кенті, 25 сәуір 2014 жыл.

Софронийдің паналау үйіндегі балаларды аудандық білім бөлімі қамқорлығына алмақ. Паналау үйі басшысы "балалар осында қалады, тек паналау орнының құқықтық мәртебесі өзгереді" дейді.

Жұртқа «Софроний әкейдің паналау орны» деген атпен белгілі «Радонеж» қайырымдылық қорына қатысты талай айға созылған сот процесі аяқталды.

Іле аудандық сотының судьясы Жанат Жайлаубай сәуірдің 21-і күні Түймебаев атындағы кенттегі «Радонеж» қайырымдылық корпоративтік қоры қамқорлығындағы балаларды аудандық білім беру бөлімі қарамағына беру туралы шешім шығарды.

Іле аудандық білім беру бөлімі соттан кәмелетке толмаған 132 балаға қатысты шешім шығаруды сұрағанымен, 106 балаға ғана қаулы шықты. Қалғандары кәмелет жасына толып кеткен немесе паналау орнынан кетіп қалған.

«ЗАҢДЫ ТҰЛҒА ЕМЕС»

Балаларға арналған паналау орны жеке-дара заңды тұлға болмағандықтан, сот «мекеме басшылығы балалардың мүддесіне қатысты міндеттеме қабылдап, оған жауап бере алмайды» деп санайды. Заң бойынша, тәрбиеленушілерге жетім және ата-ана қарауынсыз қалған балаларға арналған ұйым әкімшілігі қамқоршылық етуі тиіс.

Софроний басқарған паналау орны.
Софроний басқарған паналау орны.
Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен паналау орнының жаңа басшысы Евгений Бобылев «ешкім балаларды тартып әкетіп жатқан жоқ» деп түсіндірді. Оның айтуынша, паналау орнының құқықтық мәртебесі бұрын заңға сәйкес ресімделмеген, енді жаңа құжаттар жасалады. Ал балалар бұрынғы жерінде тұра береді, бірақ олар енді жаңа мекемеде, жаңа «заңды тұлғаның» есебінде болады.

Іле аудандық білім беру бөлімінің өкілі Ғалия Дүйсембаева мекеме пайдасына шешілген сот шешіміне қатысты комментарий беруден бас тартты.

100-ден аса бала, 120-дай зейнеткер мен мүгедек тұрып жатқан баспана төңірегіндегі дау осыдан бір жыл бұрын басталған. Әуелі көші-қон қызметі паналау орны мен Сергий Радонежский ғибадатханасын басқарған православ миссионері, Ресей азаматы Софронийге қатысты шағым түсіріп, оны Ресейге депортациялауды талап етті.

Софронийді «кейбір тәрбиеленушілерді ұрып-соқты» деп те айыптағанымен, ол расталмады. Былтыр көктемде жергілікті билік оны балаларға қамқоршылық ету және қорғаншылық құқығынан айырды. Күзде Іле аудандық білім беру бөлімі паналау мекемесін сотқа берді. Мемлекеттік балалар үйіне немесе қамқоршыларының қолына табыстау үшін шенеуніктер сот шешімін күтпестен бірнеше баланы алып кетті.

Қарттар мен балалардың паналау орнының бұрынғы басшысы Софроний.
Қарттар мен балалардың паналау орнының бұрынғы басшысы Софроний.
2013 жылдың желтоқсанында Қазақстандағы православие шіркеуі басшылығы паналау орнының жаңа басшысын тағайындады. Паналау орнынан шеттетілген соң Софроний бірнеше күннен кейін Қазақстаннан кетіп қалды. Әлеуметтік желілерде «билікке Софронийдің жеке басы емес, паналау орнында тұрып жатқан кейбір тәрбиеленушілерді православие дініне тартуы жақпады» деген пікірлер жазылды. Әлеуметтік желілерде жергілікті биліктің позициясын жақтайтын комментарийлер де бар.

ПРАВОСЛАВИЕ ПАНАЛАУ ОРНЫ

Сот отырыстарының бірі паналау орнында өтті. Сот болжамына сәйкес, паналау мекемесіндегі балалар, оның ішінде «ұлты қазақ» балалар да православие діні дәстүрімен тәрбиеленетіні туралы сот шешімінде егжей-тегжейлі жазылған.

Сот шешімінде: «Паналау орнында 33 адам жұмыс істейді. Мекеме штатында рухани-адамгершілік білім беру жөніндегі басқарушы қызметі қарастырылған. Оның міндетін атқаратын А.В.Распопиннің діни атағы бар, әрі діни киім киіп жүреді» деп көрсетілген.

Соттың пікірінше, паналау орны кейбір балаларды ата-аналарының оларды православие діні дәстүрімен тәрбиелеу туралы өтініші көрсетілмеген арыздары бойынша қабылдаған. Ал кейбір балаларды шешесінің «православие дәстүрінде тәрбиелеу» туралы өтініші негізінде ғана қабылдаған. Ондай өтініштерде әйелдің ажырасқан күйеуінің келісімі болмаған.

Паналау орнында балалар ас ішіп отыр.
Паналау орнында балалар ас ішіп отыр.
Сот шешімінде: «Паналау орны – діни ұйым емес. Бірақ балалар ғибадатханаға барып құлшылық етеді, өзге дінді ұстанатын этникалық тегіне қарамастан бәрі шоқындырылған. Паналау мекемесінде тәрбиеленіп жатқан қазақ және басқа ұлттардың балалары да шоқындырылған» деп көрсетілген.

Сот шешімінде кәмелетке толмаған төрт баласын былтыр қыркүйек айында паналау орнына өткізіп, православие дәстүрімен тәрбиелеуді сұраған З.Б.Тілеуова деген азаматшаны мысалға келтірген. Ол күйеуінен ажырасқан. Сот «православие діні дәстүрімен тәрбиелеуге балалардың әкесінің келісімі жоқ» деп есептейді.

Жуырда Азаттық тілшісі паналау мекемесінде болды. Күзетші «басшылықтан ешкім жоқ» деп оның паналау орны территиориясына кіргізбеді. Бірақ аты-жөнін жарияламауды өтінген паналау мекемесінің бір қызметкерінің тілшіге айтуынша, қазір мекеменің жағдайы жақсы, материалдық базасы толық сақталған, тіпті былтыр Софронийге қатысты жанжалдың кесірінен тоқтап қалған жаңа корпустың құрылысы да қайта басталған.

Ол қызметкер Азаттық тілшісіне қыз балалар ғана тұратын «жоғарғы паналау орны» ғибадатхана территориясынан темір қоршаумен бөлінгенін айтты.

Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылындағы Сергий Радонежский шіркеуі.
Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев ауылындағы Сергий Радонежский шіркеуі.
Ал ұлдар ғана тұратын «төменгі паналау орны» аумағында әзірше ғибадатхана жоқ – оның іргетасы ғана құйылыпты. Балалардың «төменгі паналау орны» жүзден аса қарт пен мүгедек тұратын қарттар үйінің іргесінде. Ал жергілікті биліктің қарттар үйіне қатысты ешқандай шағым-талабы жоқ сияқты.

Сергий Радонежский ғибадатханасы жанынан Софроний ашқан балалар мен қарттар паналайтын орынды жұрт әлі күнге дейін оның есімімен атайды. Іле ауданы Түймебаев атындағы кентте орналасқан балалар мен қарттар паналайтын баспананың жақсы жабдықталған жатақханалары, инфрақұрылымы, үлкен қосалқы шаруашылығы, ауыл шаруашылық жері бар.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG