Accessibility links

Шымкенттегі жатақхана тұрғындары ремонт сапасына наразы


Шымкенттегі жатақхана
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:31 0:00

ВИДЕО: Шымкенттегі жатақхана ремонты

Шымкенттегі сейсмикалық тұрғыда қауіпті деп танылған жатақхананың жөндеу жұмысы уәделі мерзімінде – 2015 жылдың соңында да аяқталмады. Билік «тұрғындар қаңтардың соңына дейін үйлеріне кіреді» деп сендіреді.

Шымкент қаласы Төле би көшесіндегі 15-жатақхананың үш балалы тұрғыны Ләззат Әшірімбет үш айдан бері басқа жақтан айына 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрып жатыр. Төбесінен су ағып, қабырғалары жарылып кеткен соң былтыр күзден бері жөнделіп жатқан жатақханасына күнде барып қайтатын тұрғын «жұмыс сапасыз» деп наразы.

Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жатақхананың тұрғыны Ләззат Әшірімбет. Шымкент, 13 қаңтар 2016 жыл.
Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жатақхананың тұрғыны Ләззат Әшірімбет. Шымкент, 13 қаңтар 2016 жыл.

- Ішім ашиды. Қазірдің өзінде шатырдан су өтті. Қабырғалар көгеріп жатыр. Міне, сыз. Еден – цемент. Ертеңгі күні балаларыммен бұл жерде қалай өмір сүреміз – білмеймін. Басымыздағы жалғыз баспана – осы жатақхананың аядай ғана бір бөлмесі, – дейді ол.

Ләззат Әшірімбеттің сөзінше, «жатақхананың жөндеу жұмысына өзге тұрғындар да наразы».

- Мемлекеттен қомақты қаражат бөлінді. Мұндай сапасыз жөндеудің кімге керегі бар. Бұл жатақханада кілең әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар өмір сүреді. Ертеңгі күні басымыздан су тағы сорғалап тұрса, қалай жөндетеміз? Қалтамыз көтермейді ғой, – дейді құрылысшы күйеуінің табысына ғана қарап отырғанын айтқан Ләззат Әшірімбет.

Оның сөзінше, үш қабатты ғимаратты жөндеуді қазан айында бастаған «Алақмир құрылыс» компаниясы ай сайын әр отбасыға басқа жақтан пәтер жалдай тұруға 25 мың теңге беріп отыр.

- Осындағы 37 отбасы қаланың әр жеріне барып, пәтер жалдап тұрып жатыр. Біз балаларымыздың мектебі осы маңда болғандықтан алысқа кетпедік, – дейді Ләззат Әшірімбет.

«ҚАҢТАРДЫҢ СОҢЫНА ДЕЙІН ҮЙЛЕРІНЕ ОРАЛАДЫ»

Жатақхананың былтыр күздегі ахуалын көрген Азаттық тілшісі тұрғындардың шағымынан соң ол жерге тағы барды.

"Алақмир" құрылыс компаниясының шебері Тұрдымұрат Әбдікерімов. Шымкент, 13 қаңтар 2016 жыл.
"Алақмир" құрылыс компаниясының шебері Тұрдымұрат Әбдікерімов. Шымкент, 13 қаңтар 2016 жыл.

Ғимараттың ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстары аяқталмағаны бірден көрінеді. Бірінші және екінші қабаттағы бөлмелерде сыз байқалмайды. Ал үшінші қабаттағы бөлмелердің бәрінің дерлік төбесінен су ағып, сызданып кеткен. Бұл бөлмелерді кептіру үшін электр пештерін қосып қойыпты. Дәліздің еденіне төселген кафельдің кейбірі сынып жатыр. Бөлмелердің есік пен терезе және жылу батареялары жаңадан салынған.

- Сылақ жұмыстары бітті, әрлеу жұмыстары қалды, – дейді құрылысшылар.

Жатақхананы 2015 жылдың соңына дейін жөндеп бітіруі тиіс болған «Алақмир құрылыс» компаниясының шебері Тұрдымұрат Әбдікерімовтың айтуынша, «жөндеу жұмыстарының кешеуілдеуіне ауа-райының қолайсыздығы себеп».

- Үйдің қабырғалары жарылып, арасы 10-15 сантиметрге дейін ашылып кеткенін білесіздер. Жұмысты сметаға сай істеп жатырмыз, аяқталуға жақын қалды, - дейді ол.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жатақхананың жөндеуге дейінгі жағдайы:

Жөндеу жұмыстарының сапасы кейбір тұрғындардың көңілінен шықпай жатқанын мойындаған Тұрдымұрат Әбдікерімов «біткен іске сыншы көп» екенін айтады.

- Тұрғындарға «евроремонт жасап береміз» дегеніміз рас. Евро дегеннің өзі – тегіс, түзу, таза болсын деген мәселе, – дейді ол.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың сөзінше, «мердігер компания тұрғындардың жалға алған пәтерінің ақысын өз қалтасынан төлеп жатыр».

- 15-жатақхананың тұрғындары қаңтар айының соңына дейін үйлеріне оралады, – дейді ол.

1957 жылы салынған делінетін жатақхана тұрғындарының дерегінше, билік өкілдері үйдің қауіпті жағдайда тұрғанын екі жыл бұрын көріп, құжат толтырған. Бұл жатақхананы жөндеуге былтыр 146 миллион теңге бөлген жергілікті әкімшілік ондағы жөндеу жұмысын үш-төрт айда – 2015 жылдың соңына дейін аяқтауға уәде еткен.

Қала әкімшілігінің дерегінше, Шымкент қаласында сейсмикалық тұрғыда қауіпті деп саналатын 50-дей көпқабатты үй бар.

XS
SM
MD
LG