Accessibility links

Жұмыс берушілер жастарды алуға бейіл


Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:43 0:00

ВИДЕО: Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесі.

Шымкенттегі кезекті еңбек жәрмеңкесінде екі мыңнан аса бос орын ұсынылды. Қалада ресми тіркелген 16 мың жұмыссыз бар.

Тамыздың 20-сы күні Шымкенттегі орталық саябақта өткен еңбек жәрмеңкесіне келген екінші топтағы мүгедек Маржан Мұратбекова қаладағы балабақшаның біріне тәрбиешінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқанын айтады.

– Шымкент қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімі берген жолдамамен балабақша мені жұмысқа алды. Алдағы уақытта жақсы жұмыс істеп, тәрбиеші қызметіне ауысқым келеді, - дейді Маржан Мұратбекова Азаттыққа.

ЖҰМЫС ІЗДЕУШІЛЕР ШАҒЫМЫ

Бүгін еңбек жәрмеңкесіне келген жүздеген адамның арасында Маржан Мұратбекова сияқты іздегенін тапқандар да, жұмысқа орналаса алмай үйіне құр қайтқандар да болды.

Өзбекстанның Ташкент қаласынан Шымкентке көшіп келген Нұржамал Байтамалова – медбике. Ол соңғы екі жылдан бері өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүргенін айтады. Қазір біреуге уақытша сатушы болып жалданып жүрген Нұржамал Шымкентте пәтер жалдап тұрады. Бүгінгі жәрмеңкеде он шақты бос жұмыс орны барын білген соң, біреуіне жолдама алуға кезекке тұрды.

– Бармаған мекемем қалмады. Былтыр да еңбек жәрмеңкесінен жолдамамен тіс емдеу емханасына барып, оларға резюме бердім. Бірақ шақырмады, - дейді Нұржамал Байтамалова Азаттыққа.

62 жастағы екінші топтағы мүгедек Жақсылық Сұлтанбеков еңбекақыны уақтылы берсе, қара жұмыс істеуден де бас тартпайтынын айтады.

– Үш жылдан бері жұмыс таппай жүрмін. Барған жерімнің бәрі «жас кадр» керек дейді. Біз қайда баруымыз керек сонда? - дейді ол.

Жақсылық Сұлтанбеков отбасында кәмелеттік жасқа толған үш баласы жұмыссыз екенін, өзі мүгедектігі үшін 26 мың теңге жәрдемақы алатынын айтады.

Әсия Маханова, қала тұрғыны. Шымкент, 20 тамыз 2015 жыл.
Әсия Маханова, қала тұрғыны. Шымкент, 20 тамыз 2015 жыл.

Еңбек жәрмеңкесіне мамандығы оператор қызымен бірге келген қала тұрғыны Әсия Маханова бос жұмыс орыны бар деп жарияланған мекемелерге хабарласқанымен, олардан жұмыс туралы жауап алмағанына наразы.

– Бүгінгі жәрмеңкеде бос жұмыс орны бар деген мекемелерге хабарлассақ, бірі тұтқаны көтермейді, енді бірі «адам алып қойдық» деп сылтауратады, - дейді ол ашуланып.

Азаттық тілшісі Әсия Махановамен бірге көрсетілген телефон бойынша жұмыс сұрап, қоңырау шалған бірнеше тұрғынның шағымданып отырғанына куә болды.

«ҚАЗІР АДАМДАР ЖҰМЫС ТАЛҒАМАЙДЫ»

Шымкенттегі 900 жұмысшысы бар «ЛТД Тұрмыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен өкіл ретінде қатысып отырған Гүлбахыт Ахметова жәрмеңкеге 50 жұмыс орнын ұсынып отырғандарын айтады.

– Көбінесе жұмысқа сұранып зейнеткерлер мен мүгедектер келіп жатыр. Бірақ біз оларды қабылдай алмаймыз. Өйткені біздегі ауыр жұмысқа жарамайды. Біз 18-50 жас аралығындағы азаматтарды қабылдаймыз. Жалақы – 47,5 мың теңге, одан салық пен зейнетақы қорына жарна ұсталады, - дейді ол.

Шымкентте еңбек жәрмеңкесі осымен үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Асылжан Жамалбектің айтуынша, бұл жолғы жәрмеңкеге 216 кәсіпорын мен мекемеден 2 мың 97 бос жұмыс орны ұсынылған.

Шымкент қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Асылжан Жамалбек. Шымкент, 20 тамыз 2015 жыл.
Шымкент қалалық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Асылжан Жамалбек. Шымкент, 20 тамыз 2015 жыл.

– Биылғы жоспар бойынша 13 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Бүгінге дейін 8 мың адам жұмыс тапты. Қалғаны жыл соңына дейін жұмысқа орналастыратын боламыз, - дейді Асылжан Жамалбек.

Шенеуніктің сөзінше, қазір Шымкент қаласында еңбек жасындағы 16 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр.

– Бірақ қалада жұмыссыздар саны жыл сайын өзгереді. Оның түрлі себебі бар, мысалы, оқу бітіргендер, жұмыстан шығып қалғандар болады, - дейді Асылжан Жамалбек.

Ол бұрынғымен салыстырғанда қазіргі кезде кәсіп іздегендердің жұмысты көп талғамайтынын айтады.

– Бұрын айлық жалақы мөлшеріне, қызмет түріне қарайтын болса, қазір еңбекақы қанша болса да, «бала-шағамды асырауға жетсе болды» деген ынтамен келеді, - дейді шенеунік.

XS
SM
MD
LG