Accessibility links

Ауруханада ВИЧ жұқтырған балалар қоғамнан шет қалғысы келмейді


ВИЧ дертін жұқтырған бүлдіршін «Ана мен бала» орталығында. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.
ВИЧ дертін жұқтырған бүлдіршін «Ана мен бала» орталығында. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.

Желтоқсанның 1-і – Дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында ауруханадан ВИЧ дертін жұқтырған 207 бала өмір сүріп жатыр. Оларды емдеп, қадағалау үшін арнайы ашылған «Ана мен бала» орталығында жатқан балалармен Азаттық тілшісі әңгімелесіп қайттты.


ВИЧ дертін жұқтырған балаларға арнап Шымкент қаласында ашылған «Ана мен бала» орталығында дәл қазір 3-12 жас аралығында 18 бала ем қабылдап жатыр. Қорғаныш иммунитеті тапшылығы ауруына шалдыққан бүлдіршіндер жиі ауырады дейді дәрігерлер.


ҮРЕЙДЕН АРЫЛАР ЖОЛ

Балалардың басым бөлігі бронхит, пневмания ауруларының асқынуынан зардап шегеді. Денелерін бөртпе басып, қызуы көтеріліп ауруханаға түскендер осы жерден толық ем қабылдай алады.

Мамандар қауіпті дертке шалдыққан бала жиі ауырып, ем қабылдайтын болған соң олардың көңілінде ауруханаға деген қорқыныш-үрей пайда
ВИЧ дертіне шалдыққан бүлдіршіндер, «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.
болатынын айтады. Сондықтан олардың ем қабылдау барысындағы уақытын қызықты етіп өткізу көзделіпті.

Шымкент қаласындағы «Балаларды СПИД-тен қорғау» қоры Ғаламдық қор өткізген жаңа жобаны жеңіп алған. Оған сәйкес науқас бүлдіршіндерге бір жыл бойы «медициналық емес» деп аталатын қызмет көрсетілмек. Яғни, оларды сурет салуға баурап, әртүрлі қызықты да танымдық ойындар ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтқанда, мамандар бүлдіршіндерді жалықтырмауға, уақыттарын көңілді өткізуге тырысады.

– Үнемі инемен дәрі қабылдап, дәрі ішіп, ауруханаға жиі келуден бала шаршайды, әрине. Ауруханаға жақындағысы келмей қорқып, қашқақтайды. Біз мұнда оларды ойынға тартып, сурет салып, уақытты көңілді өткіземіз. Бұл олар үшін үлкен көмек, – дейді педагог Айнаш Байтилева.


ҚЫЗЫЛ ЛЕНТА – АҚ ҮМІТ

Бүгінгі дәрісте науқас балалар ақ парақтың бетіне СПИД-пен күрестің белгісі болып есептелетін қызыл лентаның суретін – мейірімділік пен үміт белгісін салды. Бүлдіршіндер әзірге өздеріне беймәлім қызыл жолақты белгіні қағаз бетіне түсіріп, бояуға атсалысты.

Алты жасар Мұхит сурет салуды ұнатады. Білімге құштар бүлдіршін бірнеше
ВИЧ дертіне шалдыққан ұл бала СПИД-ке қарсы күрес белгісінің суретін салып отыр, «Ана мен бала» орталығы, Шымкент, 30 қараша, 2010 жыл.
күн бұрын ыстығы көтеріліп ауруханаға түскен екен. Енді осында біраз уақыт бойы емделеді. Сондай-ақ антиретровирустық (АРВ) терапияны да қабылдайды.

Келер жылы орта мектептің табалдырығын аттауға дайындалып жүрген бүлдіршін ер жеткенде суретші болғанды армандайды.

– Мен сурет салғанды жақсы көрем. Қазір қызыл лента салып жатырмын. Апай «сал» деді. Менің мектепке барғым келеді. Оқығым келеді. Мен өскенде азамат боламын. Мамама қамқор боламын, – дейді кішкентай Мұхит.

Баласының сөзіне көңілі босап, көзіне жас алған анасы «сен өмірімнің мәні, жалғыз қамқоршымсың» деп Мұхитты бауырына басты.

– ВИЧ-ті қан арқылы ауруханада жұқтырдық. Осы оқиғадан кейін өміріміз күрт өзгерді. Папамыз бізді тастап кетті. Қоғам әзірге бізді қабылдай алмас. Бұл туралы тіпті жақындарымызға тіс жара алмадық.Бүгінгі балалар өте қатігез. Мектепке барғанда да шеттете ме деп қорқамын, – дейді ұлын құшағына қысқан Әлима.

Төрт жасар Гүлбахар да суретті құмарта салады. Ол бірнеше жылдан бері пневмония дертімен ауырады екен. Ауруханаға жиі түседі. АРТ терапиясын да осы жерде қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болады. Жақында дәрігерлер бүлдіршінге ВИЧ-тің 4-ші клиникалық дәрежесі деген диагноз қойған. Яғни, вирус СПИД-ке ұласты, деген сөз.

– 4-ші клиникалық дәреже дегеніміз – СПИД. Кейбір ата-аналар балаларының ВИЧ дәрежесін де біле бермейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хаттамасын ұстанғанымызбен, ол біздің министрлікте әлі бекілітмеген. Мүмкін жаңа министр жағдайды өзгертер. Ал қазір СПИД індеті 4-ші клиникалық дәреже деп көрсетіледі, – дейді «Балаларды СПИД-тен қорғау қорының президенті Жанетта Жазықбаева.

Шымкент қаласындағы орта мектептердің бірінде білім алатын 12 жастағы Ұлан өзі шалдыққан дерт жайлы өткен жылы дәрігерлерден алғаш естіген. Ол мақсатта бірнеше сала мамандары бірігіп, науқастың отбасымен де арнайы жұмыстар жүргізген еді. Олардың осы індетпен өмір сүріп жатқаны жайлы сол кезде 15 бала білген болатын.

Ұлан орта мектепте оқығанымен, өзі және жақындары білетін құпиян жайлы басқа ешкімге тіс жармайтынын айтады.

– Мен далада доп ойнап, кітап оқимын, достарым көп. Өзімнің ВИЧ-пен ауыратынымды өткен жылы білдім. Бауырларым да білді. Анамның қатты
«Балаларды СПИД дертінен қорғау» қорының президенті Жанетта Жазықбаева. Шымкент, 30 қараша 2010 жыл.
жылағаны есімде. Емді уақытында қабылдап, күніне таңғы және кешкі сағат 8-де дәрі ішемін. Жұрттың бізден қорықпағанын қалаймын. Біздің ешкімге қаупіміз жоқ. Мен бұл ауруды сұрап алған жоқпын. Мен ер жетіп, әкемнің ісін жалғастыруды армандаймын, – дейді балғын.

Науқас балалар өздерінің ВИЧ инфекциясын жұқтырғандары жайлы міндетті түрде білулері керек, әлемдік медицина талабы солай дейді денсаулық сақтау саласының мамандары. Алайда олар бұл жайтқа бүгінгі қоғамның әлі дайын еместігі кедергі болып отырғанын айтады.

Мамандардың сөзінше, дерт жұқтырған балалардың 90 пайызы мектеп жасындағы немесе мектеп жасына таяп қалғандар. Сондықтан қоғамда ВИЧ індетіне шалдыққан жандарды шеттетпеуді насихаттау жұмыстарын күшейту керек деп есептейді. Бұл – әзірге ең басты мәселелердің бірі. Әсіресе баласы айықпас дертке шалдыққан ауыл азаматтарының отбасыларына ауыр тиіп отырғанын айтады мамандар.

– Орталықта балалар дос тапқан. Араласып, бірін-бір таниды. Барлығы тиісті ем алады. АРВ-терапиясын алғаш рет қабылдап жатқандар да бар. Олар дәргерлердің қатаң бақылауында. Тиісті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілгенбіз. Жалпы бұл балалар жиі ауырады. Иммунитеттері төмен. 4-ші клиникалық дәрежедегі балаларға да АРВ терапиясы жасалады, – дейді «Ана мен бала» орталығының бас дәрігері міндетін атқарушы Гүлнәр Әлиева.


БАЛАСЫН ЕМДЕТУДЕН БАС ТАРТҚАН АТА-АНАЛАР

Оңтүстік Қазақстанда балаларға ауруханада ВИЧ инфекциясын жаппай жұқтыру оқиғасы осыдан 4 жыл бұрын болған еді. Дертке шалдыққан 220 баланың қазіргі күнге дейін 11-і көз жұмды. Екі бала басқа облысқа көшіп кетсе, біреуін шетелдік азаматтар асырап алды. Тағы екеуі балалар үйіне тапсырылған. «Балалардың 54-інде СПИД дерті анықталған» дейді «Балаларды СПИД-тен қорғау» қорының президенті Жанетта Жазықбаева.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тіркеуде тұрған 207 баланың 4-інен басқалары емді толық қабылдайды екен.

– Ал төрт баланың ата-анасы ем қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Тағы біреуінің отбасы тіпті сенбейді де. Біз олардың өміріне алаңдаймыз. Қазір бір балаға қатысты тиісті шешім қабылдауларын өтініп прокуратураға арыз жолдадық, – деді «Балаларды СПИД-тен қорғау» қорының президенті Жанетта Жазықбаева Азаттық радиосына.

Жанетта Жазықбаеваның айтуынша, биыл көз жұмған науқас бүлдіршіндердің бірі үйдің жанындағы құдыққа құлап кетіп суға тұншығып өлген. Тағы бір бала аулада жүгіріп жүріп, аяғын жырып алған. Бірақ әке-шешесі балаларын емдетуден бас тартқан соң, жарасы асқынып кеткен бала қайтыс болған.
XS
SM
MD
LG