Accessibility links

Шымкент оралмандары несие салмағын қиынсынады


"Асар" шағын ауданының тұрғындары Рабиға Тасқұлова мен Ханипа Әкежанова (сол жақта) жылыжайда. Шымкент, 16 наурыз 2014 жыл.
"Асар" шағын ауданының тұрғындары Рабиға Тасқұлова мен Ханипа Әкежанова (сол жақта) жылыжайда. Шымкент, 16 наурыз 2014 жыл.

«Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған ең сәтті жобалардың бірі саналатын Шымкенттегі «Асар» шағынауданының тұрғындары несие төлемінің мерзімін создыруға мәжбүр болды.

Өзбекстаннан екі жыл бұрын көшіп келген оралман Ханипа Әкебаева – Шымкенттегі «Асар» шағынауданында «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған бір және екі қабатты 1700 үйде тұратын 19 мыңға жуық оралманның бірі. Оралмандарға арнап 2009 жылы салынған үйлердің әрбірінің алдында бір-бір жылыжайдан бар. Тұрғындар оған жылына екі рет көкөніс егеді. Ханипа бұған қоса шағын азық-түлік дүкенін ашып, қосымша табыс түсіріп отыр.

«Қыста жылыжайдың жерін аударамыз. От жағып, жылытамыз. Топырақтың құнарын аттыру үшін көң (табиғи тыңайтқыш – ред.) саламыз. Құрт-құмырсқадан сақтау үшін дәрі-дәрмегін құямыз» деп әңгімелеп, ол Азаттық тілшісіне шаруашылығын көрсетіп жүр. Жылыжайға еккен қызанақ, қияр, тәтті бұрыш жүлгелері қатар-қатар боп созылып тұр. Өзбекстандық оралмандардың бау-бақша салуға епті екендерін айғақтайтын және бір жайт – олар ақпан айында аскөк, ақжелек, шалғам егіп, наурыз айының басынан базарға шығарып сата бастайды.

Мемлекеттің түрлі жәрдемақысы мен зейнетақысына ғана қарап отырмай өз бетімен іскерлік етіп, сауда жасаса да, асарлықтар өздеріне «Тұрғын үй құрылыс банкі» арқылы несиеге берілген үйдің төлемақысы қымбат екенін айтып шағынады. Олардың шағымына құлақ асқан үкімет жақында ғана несие төлеу мерзімін ұзартуға келісіп, банкке нұсқау түсірген.
Асар шағынауданының тұрғыны Тұрдықыз Нұрматова. Шымкент, 2 наурыз 2014 жыл.
Асар шағынауданының тұрғыны Тұрдықыз Нұрматова. Шымкент, 2 наурыз 2014 жыл.


Азаттық тілшісіне жолыққан оралмандар айына бір қабатты үйдің тұрғындары 50 мың теңге, ал екі қабат үйдің иелері 90 мың теңге төлейтінін, бұл соманың отбасы бюджетіне қатты салмақ түсіретінін айтты.

«Асар» мөлтекауданының негізін салушымын» деп танысқан Ибадулла Қалыбеков үкіметтің асарлықтарға үй несиесін өтеу мерзімін ұзартып бергенін айтады. Мысалы «Асардағы» ең қымбат екі қабатты үйлер жылыжайымен қосқанда 12 миллион теңге тұрады. Бұрынғы келісім-шарт бойынша оралман мұндай үйдің құнының жартысын – 6 миллион теңгені бес жарым жыл ішінде төлеп бітуі керек. «Бұған барлығының шамасы келмейді» дейді Ибадулла Қалыбеков.

Жуырда асарлықтардың арыз-шағымы билікке жетіп, қаржы министрлігі оларға жеңілдік ұсынып, бес жарым жылда төлейтін несие ақысын сегіз жарым жылда өтеуге мұрсат берді.

«Алдымызда айдайтын малымыз жоқ. Күніміз есігіміздің алдындағы жылыжайға қарап тұр. Жақында жылытып, ерте өнім шығару үшін әкімдік жылыжайға газ өтеді. Оған қоса кәріз жүйесі іске қосылатын болды» дейді Ибадулла Қалыбеков.
Ал бақшашы оралмандар сегіз жарым жыл ішінде баспана құнының жартысын өтеп үлгеруі үшін жылына екі рет өнім алып сатудан басқа тағы қандай амал жасау керек екенін ойластырып әуре.
"Асар" шағынауданындағы жылыжай. Шымкент, 16 наурыз 2014 жыл.
"Асар" шағынауданындағы жылыжай. Шымкент, 16 наурыз 2014 жыл.


«Мына қызанақтың көшетін 1 наурызда отырғыздық. Мамырда базарға сатуға шығарамыз деп отырмыз. 3 сотық жерге мың түп қызанақтың көшеті кетеді. Егер жақсы қарасаң, бұдан 3-4 тонна өнім аласың» дейді Ханипа Әкебаева Азаттық тілшісіне бақшасын көрсетіп. Ол былтыр қызанақтың алғашқы егінін келісіне 280 теңге, ал соңғы егінін жаңа жылда 350 теңгеден сатқанын айтады. Биыл саудасы жүрмей қалса, несие ақысын өтеп үлгермеймін бе деп уайымдайды.

2009 жылы Асар мөлтекауданын салу үшін жергілікті билік Шымкент қаласынан 300 гектар жер бөлген. Рет-ретімен ауыз су, жарық, жол тартылған шағын қалашықта қазір 1200 орындық екі мектеп, үш балабақша және фельдшерлік-акушерлік пункт бой көтерген. Шағынаудан 6 учаскеге бөлінген, әрқайсысында бір-бір ақсақалдан би болып сайланған. Олар заң орындарының қарастыруын талап етпейтін оралмандар арасында туатын түрлі кішігірім әлеуметтік-мәдени және діни мәселелерді дәстүрлі жолмен реттеп отырады. Тұрғындардың көпшілігі «Асар» ықшамауданына жақын орналасқан жылыжайдың құрылыс материалдарын шығаратын зауытта жұмыс істейді. Құрылыста, қаланы көгалдандыру саласында еңбек етіп жүргендер де бар.
"Асар" шағынауданының тұрғындары. Шымкент, 2 наурыз 2014 жыл.
"Асар" шағынауданының тұрғындары. Шымкент, 2 наурыз 2014 жыл.


Ресми есеп бойынша соңғы 22 жыл ішінде Оңтүстік Қазақстан облысына 200 мыңға жуық оралман қазақ көшіп келген. Бірақ олардың саны жылдан жылға азайып бара жатыр. 2012 жылы 8500-ден астам адам оралман мәртебесін алса, 2013 жылы олардың саны 6500 болып кеміген. Оңтүстік Қазақстанға оралған репатрианттардың басым бөлігі Шымкент қаласына, Сарыағаш және Сайрам аудандарына қоныстануды қалайды.

Оралмандарды Қазақстанның түрлі аймақтарына көшіріп әкеліп, қоныстандыруға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 2009-2011 жылдары бірқатар облыстарда жаңа ауылдар мен шағынаудандар салынған еді. Олардың басым көпшілігінде тұратын оралмандардың несие ғана емес, коммуналдық қызмет ақысын төлеуге де шамалары келмейтін болып шыққан. Оның басты себептері ретінде жұмыссыздық, әлеуметтік бейімдеу мен кәсіпке баулу ісінің жетімсіздігі аталады. Ал Шымкенттегі «Асар» шағын ауданы бүгінге дейін «оралмандар мекендейтін ең тұрақты және бақуатты елді мекен» саналып келген еді.
XS
SM
MD
LG