Accessibility links

Тіркелмегендер "жұмыссыздар" санатына жатпайды


Вакансия жәрмеңкесінде жұмыс орындары тізімін қарап тұрған жастар. Шымкент. 19 сәуір, 2018 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмысқа қабілетті 400 мың жастың 280 мыңы ғана тұрақты жұмысы бар деп есептеледі. Қалған жастың қайда жұмыс істеп жүргені белгісіз. Сондықтан олар «өз-өзін жұмыспен қамтығандар» санатына енген.

17 жастағы Шымкент тұрғыны Нұрымай Үсен үш ай бұрын колледж тәмамдап, тоқымашы-оператор мамандығы бойынша диплом алған. Жас маман оқу бітіргелі жұмыс таппай қиналып жүргенін айтады.

- Қалада жұмыс табу қиындау. Іздедім, таппай жатырмын. Көп жерде айлық жалақы - 40 мың теңге. Бұл күнделікті күнкөріске жетпейді. Ең болмағанда 60 мың теңге айлық жалақы берсе дұрыс болатын еді. Мамандығым бойынша жұмыс тапшы. Көбіне ер азаматтарды алады. Егер мамандығым бойынша жұмыс табылмаса, жалдамалы жұмысқа кіремін, - дейді ол.

МҰҒАЛІМ ДИПЛОМЫ БАР ҚҰРЫЛЫСШЫ

Шымкенттегі құрылыс компанияларының бірінде жұмыс істеп жүрген 27 жастағы Бекзат (өтініші бойынша есімі өзгертілді – ред.) педагог мамандығын алған. Бірақ қазір ол құрылыста жұмыс істеп жүр.

- Мамандығым - мұғалім. Жоғарғы білімім бар. Жұмыс таппай қойған соң айына 70-80 мың теңге жалақысы бар құрылысқа кеттім. Отбасыммен бірге жалдамалы пәтерде тұрамыз. Әйелім балалармен үйде отырады. Амалдап тіршілігімізді жасап жатырмыз. Жұмыс іздеп Алматы, Астанаға да бардым. Тапқаным пәтер ақысы мен тамағымнан артылмаған соң ауылға қайттым. Ауылда да не жұмыс бар дейсің? Қайта айналып қалаға келдім. Соның өзінде күн жылынғанда істейтін жұмысқа тұрдым. Күн суытқанда ауылға қайтатын шығармыз, - дейді ол.

Өз мамандығы фельдшер-лаборант Сырғагүл Ақайдарованың жұмыс іздеп жүргеніне үш жыл болған. Ол амалсыздан күніне екі мың теңге беретін жалдамалы жұмыс істеген.

- Үш жылда қаншама жерде жұмыс істедім. Көп жерде жұмысқа қабылдағанымен екі-үш айдан кейін шығарып жібереді. Күндігіне екі-екі жарым мың теңге жалақысы бар жалдамалы жұмысты да істеп жүрдім. Енді тұрақты жұмысқа тұрғым келеді. Қазір жұмыс таңдап жүретін уақыт емес. Табылған жұмысты істеу керек, - дейді ол.

Мұхтар Сейітжаппаров, Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары. 20 сәуір, 2018 жыл.
Мұхтар Сейітжаппаров, Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары. 20 сәуір, 2018 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысы Отбасы, балалар және жастар ісі жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мұхтар Сейітжаппаровтың айтуынша, аймақта 15-28 жас аралығында 748 мыңнан аса жас бар. Оқушылар мен студенттерді есептемегенде олардың 400 мыңнан астамы жұмысқа жарамды.

- Аймақта 280 мың жас тұрақты жұмыс істейді. Тұрақты жұмыс істеп жатқан жастарды зейнетақы қорына түсірген төлемімен анықтаймыз. Қалғаны қайда жұмыс істеп жүргенін анықтау қиын. Тұрақты тіркеуі осында болғанымен, басқа қалаларға барып жалдамалы жұмыс істейтіндер де бар. Еңбек келісім-шартынсыз жұмыс істейтіндер тағы бар. Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылық саласымен айналысатын аймақ болғандықтан, егін шаруашылығына тартылатын жастар бар. Міне, бұлардың барлығы тұрақты жұмысы бар жастардың санатына жатпайды. Өз-өзін жұмыспен қамтығандар деп есептелінеді, - дейді басқарма басшысының орынбасары.

30 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЖЕТПЕЙТІН АЙЛЫҚ

Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма дерегінше, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 35 мыңға жуық оқушы мектепті бітірсе, олардың 17 мыңға жуығы ғана ұлттық біріңғай тестілеуден қажетті балды жинайды. 2017 жылы облыстағы жоғарғы оқу орындарын 17 мыңнан аса студент бітірген. Басқарма есебінше, олардың 13 мыңы тұрақты жұмысқа орналасқан. Ал қалғандарының қайда жұмыс істеп жүргенін облыс әкімдігінің өкілдері білмейді.

- Негізінде, жұмыссыз жүрген жастардың саны көп. Еш жерде тіркелмей еңбек келісім-шартсыз немесе шаруашылықта, құрылыста, қызмет көрсету орталықтарында жүргендердің бәрі өз-өзін жұмыспен қамтығандар санатына кіреді. Арнайы орталыққа келіп жұмыссыз ретінде тіркелмеген соң біз оларға арнайы санақ жүргізе алмаймыз. Оларды өз-өзін жұмыспен қамтығандардың санатына жатқызуға мәжбүрміз. Ал тіркелген жастарды мемлекеттік бағдарламалармен жұмысқа жібереміз. Олардың ең аз айлық жалақысы төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде (2018 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 28 мың 284 теңге деп белгіленген - ред.) болады, - дейді Мұхтар Сейітжаппаров.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас мамамы Майра Арысланованың айтуынша, 2018 жылдың басында жұмыссыз ретінде тіркелген 12 мың жас тіркелген. Ал қазірге дейін олардың 9 мыңына жұмыс ұсынылған.

Вакансия жәрмеңкесінде жұмыс орындары тізімін қарап тұрған адам. Шымкент. 19 сәуір, 2018 жыл.
Вакансия жәрмеңкесінде жұмыс орындары тізімін қарап тұрған адам. Шымкент. 19 сәуір, 2018 жыл.

- Біз мемлекеттік бағдарлама негізінде барынша жұмыс тауып беруге тырысамыз. Жұмыспен қамтылған жастардың 3800-ге жуығы бос және жаңадан ашылған жұмыс орындарына орналасты. Қалғаны әлеуметтік жұмыс орындары мен ақылы қоғамдық жұмыстарға және жастар практикасына жіберілді. Біз жұмыссыз жүрген жастарды басқармаға келіп тіркелуге мәжбүрлей алмаймыз. Көмек сұрап келген жастармен ғана жұмыс істейміз. Көбіне басқармаға қолында мамандығы бойынша дипломы бар жастар келіп, тіркеледі. Тіркелген азаматтар қашан өз мамандығы бойынша жұмыс тапқанша біздің есебімізде жұмыссыз ретінде тұрады, - дейді ол.

Қазақстан үкіметі әр жылдары жұмыссыздық деңгейі мен «өз-өзін жұмыспен қамтитындар» санын азайту үшін бірнеше мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Соңғы қабылданған «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында елдің әр аумағында жұмыс жәрмеңкелері жиі ұйымдастырылады.

Ресми статистика бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздар саны жыл сайын азайып келеді. Бірақ елде тұрақты жұмысы жоқ азаматтар әлі бар. Олар кездейсоқ табыс табады, жұмыспен қамту орталықтарына үш ай сайын тіркелмейді, яғни статистика бойынша жұмыссыз саналмайды.

2017 жылы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы зерттеу жүргізіп, 5,6 миллион адамның жұмыспен қамту деңгейін анықтаған. Тексеру нәтижесінде елде жұмыс істеп жүрген миллионға жуық адамның зейнетақы қоры жоқтығы анықталған. Зерттеу қортындысы бойынша елде 330 мың жұмыссыз екені тіркелген. Алайда статистистикада жұмыссыз болып есептелмейтін «келісім-шартсыз, өнімділігі аз» жұмыс істейтін 1,4 миллион адамның бар екені белгілі болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Күре жол мал базарға айналатын күн
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:37 0:00

Фотогалерея

XS
SM
MD
LG