Accessibility links

«Болашағы жоқ ауылдарды көшіруге кемінде жеті жыл керек»


Көмекбаев ауылындағы жаңадан салынған үйлері. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Көмекбаев ауылындағы жаңадан салынған үйлері. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов «болашағы жоқ ауылдарға» бюджеттен қаржы бөлінбейтінін мәлімдеді. Азаттық бұл мәселенің егжей-тегжейін маманнан сұрап білді.

Қазақстан премьер-министрі Серік Ахметов қарашаның 19-ы күні үкімет отырысында «потенциалы аз ауылдардың әлеуметтік обьектілеріне де, инфрақұрылымына да бюджеттен ешқандай қаржы бөлінбейтінін» айтты. Оның сөзінше, үкімет ауылдарды оптимизациялау жұмысын тез аяқтауы керек.

Үкіметтің ауылдарды дамытуға байланысты жоспарын Қазақ ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру ғылыми-зерттеу институтының директоры Сейітқазы Кешуов түсіндіріп берді.

Азаттық: – Үкіметте «потенциалы аз ауылдар» мәселесі сөз болды. Жалпы ауылдар қандай шарт бойынша бөлінеді?

Сейітқазы Кешуов: – Осыдан 10 жыл бұрын үкімет ауылдарды сорттап, бірнеше топқа бөлді. Елді мекендер «болашағы бар ауыл», «болашағы орташа
Сейітқазы Кешуов. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
Сейітқазы Кешуов. (Сурет жеке мұрағаттан алынды).
ауыл» және «болашағы жоқ ауыл» деген топтарға жіктелді. Сол кезде шешім қабылданып, қаражат бөліне бастаған. Қазақстанда 7 мыңдай ауыл бар. Үкіметтің тексерісінен кейін оның 3 мыңы «болашағы бар ауыл» санатына жатқызылса, 2 мыңында «жағдайды дұрыстауға болады» деген шешім шығарылды. Ал 1 мың 500 ауыл «болашағы жоқ» деген статусқа ие болған.

Азаттық: – «Болашағы жоқ ауылдар» мәселесі тек ауылды көшіру арқылы ғана шешіле ме?

Сейітқазы Кешуов: – Эмоцияны алып тастап, ақылға салсақ, бұл шешім – дұрыс. Қылмыс, жұмыссыздық саны азаяр еді. Облыс орталығынан алыс жатқан 15-20 үйлі ауылдар отыр. Оларда не су жоқ, не газ апара алмайды. Ондай қиын жағдайда отырған ауыл халқын болашағы бар ауылдарға көшіріп жатыр. Бірақ бұл іс баяу жүріп жатыр.

Өте тиянақты жұмыс жасалуы тиіс. Премьер-министрден бастап, әлеуметтік қорғау министрі, ауыл шаруашылығы министрі кірісіп, бөлінген қаражат
Пластик құтымен ауызсу тасып жүрген ауыл баласы. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Пластик құтымен ауызсу тасып жүрген ауыл баласы. Қызылорда облысы, 16 шілде 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
қадағалануы тиіс. «Болашағы жоқ ауылдарды» орталық аймақтарға көшіруді тиянақты қолға алғанның өзінде жеті жыл уақыт керек. Ал жұмыс жүйелі жүрмесе, «болашағы жоқ ауылдарды» көшіру он жылдан асып кетуі мүмкін. Үкіметтің алға қойған межесі – «болашағы жоқ ауылдарды» 2020 жылға дейін көшіріп бітіру.

Азаттық: – Премьер-министр «болашағы жоқ ауылдардың» әлеуметтік обьектілеріне де, инфрақұрылымына да қаржы бөлінбейтінін айтты. Мұндай ауылда тұратын халық та салық төлеп отыр. Бұл адам құқығын бұзу емес пе?

Сейітқазы Кешуов: – Адам құқығы бұзылады, әрине. Тез қимылдап, онда тұратын халықты тіршілік бар аймаққа көшіріп, үй, жұмыс орнын тауып, мал-жер жағдайын тауып беруі тиіс. Ол да салық төлеп отырған азаматтар ғой. Көшірілетін ауылдардың бірде-бір адамын ренжітпеу керек.

Азаттық: – Мұндай ауылдардың халқы басқа ауылға емес, қалаға көшкісі келсе, үкімет бұл талапты орындай ала ма?

Сейітқазы Кешуов: – Ауыл халқының көбі қалаға көшіп жатыр. Көшкісі келетіндер қаншама. Бірақ үкіметке ауыл халқын ірі қалаларға көшірсе қымбатқа түседі, көшіре алмауы мүмкін. Ең тиімді жол – болашағы бар ауыл категориясына кірген аймақтарға көшіру. Тағы бір мүмкіндік – моноқалаларға көшіру. Үкімет «болашағы жоқ ауылдарды» қысқарту арқылы моноқалаларды дамытуына болады.

Азаттық: – Әңгімеңізге рахмет.
XS
SM
MD
LG