Accessibility links

Еріктілер «Көк китті» тоқтатуға болатынын айтады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстандағы білім департаменттері интернеттегі «ажал топтарының» ықпалы тарауына қарсы шұғыл шаралар қолдана бастады. Еріктілер «оларды тауып алуға болады, бұл шаруаға бүкіл әлем болып кірісу керек» дейді.

Павлодарлық жасөспірімді суицид жасауға әлеуметтік желілердегі «ажал топтары» итермелеген болуы мүмкін. Әке-шешесі 16 жастағы жасөспірімнің қолын кескілеп тастағанын көріп, полиция мен психологқа жүгінген. Қазір полицейлер істің мән-жайын анықтап жатыр.

Интернеттегі «ажал тобының» ықпалымен өз-өзіне қол салуға әрекеттенген жасөспірімге алғашқы психологиялық көмекті Павлодар қаласында тұратын психолог Гүлмира Топанова көрсеткен. Оның сөзінше, жасөспірімді білегіне әлдебір суретті ұстарамен ойып салып, қанталаған қолының фотосын жолдауға, ал кейін белгіленген уақытта өз-өзіне қол салуға топ администраторлары әлдебір амалдармен қорқытып, мәжбүрлеген.

Бала әлгі топтың жақсы не жаман екенін ойламаған, жай «ойнап» көргісі келген.

– Жасөспірім әлгі топқа әуестікпен кірген. Ол әлгі топтың жақсы не жаман екенін ойламаған, жай «ойнап» көргісі келген. Жастар арасында «хэвтен қалмау», яғни трендте болу, сәнді ағымнан қалмау деген түсінік бар. Бірақ әлгі бала қудалау, психологиялық қысым басталған кезде әлдебір қылықтарға еркін билете алмай, гипнозға жуық күйге түскен адамдай барғанын мойындады, – дейді павлодарлық психолог Гүлмира Топанова.

Қарағандылық 19 жастағы Галина Сибирякованы өз-өзіне қол салуға дәл сондай «ажал топтары» жеткізген деген болжам бар. Ақпанның 7-сі күні жақындары бойжеткенді жуынатын бөлме есігінің тұтқасында асылып тұрған күйінде тапқан. Жергілікті БАҚ-тардың хабарлауынша, телефонын бұғаттаудан шығарып, тексерген кезде Галинаның «Синий кит» және «Тихий дом» деген виртуалды ойындарды насихаттайтын топ модераторларымен хат жазысып тұрғаны анықталған.

Әлгі ойынның мақсаты – оған қатысушылар денесін тілгілеу, биік үйлердің шатырына шығу, зорлық-зомбылық, кісі өлтіру көріністері бар роликтерді көру сияқты белгілі бір тапсырмаларды рет-ретімен орындауы тиіс. Ойынға қосылған адамды депрессивті сарындағы контентке «кіргізіп», жасөспірімді әлдебір психикалық күйде ұстайды, таң сәріден оянуға мәжбүрлейді, өйткені ұйқысы қанбаған адамның ерік-жігері, өз әрекетіне сын көзбен қарау қабілеті кемиді. Ойынның соңғы тапсырмасы – өз-өзіне қол салу актісін орындау.

Қарағандылық полицейлер «өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір тексеру жүріп жатыр.

СУИЦИДКЕ ҚАРСЫ ЕРІКТІЛЕР ҚОЗҒАЛЫСЫ

2016 жылы қарашаның 16-сында Ресейде өзін желіде Филипп Лис деп атайтын 21 жастағы Филипп Будейкин ұсталған еді. Тергеу болжамынша, Будейкин сыбайластарымен бірге «ВКонтакте» желісінде сегіз жабық топ құрып, жасөспірімдер арасында суицидті насихаттаған әрі оларға «әбден жетілдірілген психо-эмоциялық тактиканың көмегімен» қысым жасаған. Қылмыстық іс деректеріне сәйкес, оған өз-өзіне қол салып, көз жұмған ресейлік 15 жасөспірімді өз-өзіне қол салуға итермелеген деген айып тағылған.

Филипп Будейкин жасөспірімдерді «ешқандай кәдеге жарамайтын биоқоқыс» деп білетінін мәлімдеген.

Жасөспірімдер арасындағы суицид оқиғалары қоғамда резонанс тудырған. Бірақ Филипп Будейкин әрқилы басылымдарға сұхбат беріп, көпке дейін еркіндікте жүрген. Оның сұхбаттары бір-біріне қайшы, кейде тіпті бірін бірі жоққа шығаратын сипатта екені байқалады. Мысалы, «Лента.ру» сайтына берген сұхбатында ол «көп жазылушы жинап, музыкант ретінде атағымды шығарғым келді» деген. Кейінірек ол «Лента.ру» тілшісіне «әлдебір масондық ұйымды басқаратынын» және «оны Украина Ресейге тыңшы етіп жібергенін» айтқан. Қамалардан сәл бұрын Филипп Будейкин «Санкт-Петербург.ру» сайтына жасөспірімдерді өз-өзіне қол салуға дейін жеткізгенін, өйткені оларды «ешқандай кәдеге жарамайтын биоқоқыс» деп санайтынын мәлімдеген.

Интернетте полицейлердің Будейкинді ұстау процедурасы түсірілген видео тарады. Видеода дене бітімі арықша келген, сырт пішіні 16-лар шамасындағы жасөспірім сияқты көрінетін жас жігіт полицейлерден қашып, диванның астына тығылып жатқаны көрінеді және оны шығуға шақырған әйел дауысы естіледі. Филипп Будейкин Мәскеу түбіндегі Солнечногорск қаласында тұрған. Таныстарының сөзінше, ол өте тұйық әрі ашушаң адам сияқты әсер қалдырады.

Алматылық жас белсенді Ислам Угушев із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеумен айналысатын еріктілер қозғалысын құрған. Қазақстанда «ажал топтары» туралы ақпарат тарағаннан кейін еріктілер осы проблемамен айналысуға кіріскен. Угушевтің сөзінше, екі апта ішінде қозғалыс мүшелері суицидті насихаттайтын 136 топты жапқан.

Ислам Угушевтің Азаттыққа айтуынша, бұл проблеманың түп-тамыры интернет-кеңістікте контентті тарату технологияларында. Оның айтуынша, жастар зорлық-зомбылық, өз-өзіне қол салу көріністері бар адам шошитын фото, видеоларды қызығып көреді. Ондай постарға бірден «лайк» басып, қайта жариялап, көрілім санын ұлғайтады. Белсендінің пікірінше, интернет қоғамдастықтар мұндай зиянкестермен интернеттің өз тәсілдерімен күресуі тиіс.

– Оның амалы өте қарапайым. Егер топта немесе әлдекімнің аккаунтында баланың психикасын зақымдауы мүмкін ақпарат барын көрсеңіз, парақты скрин жасап, сайт администраторына жолдаңыз. Шағымды бір-екі сағатта қарап, сосын топты бұғаттап тастайды, – дейді Ислам Угушев.

САЙТТАРДЫ БҰҒАТТАУДАН ҚАЙЫР БАР МА?

Интернеттің қазақстандық сегментінде «ажал топтары» ықпалының тарауы интернетті бақылауды қосымша шараларын қолдану керек шығар деген ұсыныстар айтылып, ол пікірталасқа ұласты. Халықаралық демократиялық ұйымдар Қазақстанды интернеттегі цензура үшін онсыз да көп сынайды. Білім департаменттері «ажал топтарының» мектеп оқушыларына ықпалын жою үшін мектептерде әңгімелер өткізу арқылы түсіндіру жұмыстарын бастағанын хабарлайды.

Ішкі істер министрлігі "соңғы кездері әлеуметтік желілерде кит образы арқылы суицидті насихаттайтын топтар тарап жатқанын" айтты. ("Көк кит". Ғалым Смағұлұлының карикатурасы).
Ішкі істер министрлігі "соңғы кездері әлеуметтік желілерде кит образы арқылы суицидті насихаттайтын топтар тарап жатқанын" айтты. ("Көк кит". Ғалым Смағұлұлының карикатурасы).

Ресейлік ток-шоулардың бірінде әлеуметтік желілердегі «ажал топтарын» жабудан онша нәтиже шықпайды, өйткені оларды қайта ашып алады деген пікір айтылған. Сондықтан лимит енгізіп, интернеттің өзін бақылауға алу керек деген ұсыныс айтылған. Ток-шоуға қатысушылардың бірі «Мысалы, әлдебір ереже, нормаларды бұзса, телеарна лицензиясынан айырылады. Ал интернетте ешқандай тыйым жоқ» деген.

Интернетті «сүзгіден» өткізетін елдер бар. Қытай территориясында Қытай үкіметі ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіруі мүмкін деп тапқан кейбір шетелдік сайттарға халықтың кіруін шектейтін «Алтын қалқан» бағдарламасы жұмыс істейді. Қытай сайттары өнеркәсіп және ақпараттық технологиялар министрлігінде контент мазмұнының заңдылығын тексеретін тіркеуден өтеді.

Қазақстандағы адам құқығы бюросы директоры Евгений Жовтистің пікірінше, Қазақстан территориясында суицид сипатындағы ақпарат бар желілер мен сайттарды жабу техникалық тұрғыдан мүмкін нәрсе, бірақ бұдан еш нәтиже шықпайды.

Интернет қамтитын аудиторияны газет немесе телевизиямен салыстыруға келмейді.

– Әлгі қисынға салсақ, телефон арқылы біреу біреуге өз-өзіне қол салу арқылы өмірін қию жөнінде кеңес бергені үшін телефон станциялары иелерін де жауапқа тартуға болады. Интернет те – коммуникацияның дәл сондай техникалық құралы, бірақ әлдеқайда күрделі түрі. Интернет қамтитын аудиторияны газет немесе телевизиямен салыстыруға келмейді, сондықтан ол әлеуметтік практикаларға талап қояды. Ал оған әзірше қоғам да, мемлекет те лайықты жауап бере алмай отыр, – дейді Евгений Жовтис.

Құқық қорғаушының пікірінше, бұл проблемадан құтқаратын амал жоқ, сондықтан қоғам әлеуметтік проблемаларды шешуге жұмылғаны әлдеқайда дұрыс. «Өйткені адамдар әлгі топтардың құрығына әлеуметтік жағдайы келіспегендіктен ілігеді ғой, мысалы өмір сүрудің мәнін таппаған, болашағынан күдір үзген жастар» дейді ол.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, «мұндай топтарды ұйымдастырушылардың қылмыстық әрекеттерін «Кәмелетке толмағандарды қорқыту арқылы өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу немесе өз-өзіне қол салу әрекетіне итермелеу» бабы бойынша жазалау қарастырылған. Ведомство өкілдері кәмелетке толмаған баланы өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша былтыр тоғыз қылмыстық іс қозғалғанын, бірақ оларға әлеуметтік желінің әсері болғанын растайтын деректер анықталмағанын айтады.

XS
SM
MD
LG