Accessibility links

Паналау орны шаруашылығын оңалтып, тәрбиені күшейтіп жатыр


"Солнышко" балалар үйінің тәрбиеленушілері түскі асқа жиналып отыр. Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев кенті, 8 қазан 2014 жыл.
"Солнышко" балалар үйінің тәрбиеленушілері түскі асқа жиналып отыр. Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев кенті, 8 қазан 2014 жыл.

Жаңа басшы Софронийдің бұрынғы паналау орнын балалар үйі емес, «мейірімділік мекені» деп атағанды жөн көреді.

Жуырда Алматы облысының орыс православие шіркеуінің басшысы, Қаскелең епископы Геннадий Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев атындағы кентте орналасқан «Солнышко» балалардың паналау орны мен қарттар үйінде қонақта болды. Әлеуметтік екі мекеме де Қазақстандағы орыс православие шіркеуінің қолдауымен жұмыс істейді.

Мекеменің жетістіктерін атап, болашақ міндеттерін белгілеген мейман балалардың паналау орнын да, қарттар үйін де ашқан Софронийдің есімін мүлде атамады.

Ресей азаматы Софроний (азаматтық аты-жөні – Петр Евтихеев) әкімшілік жазаға ұшырау қаупі төнген соң былтыр желтоқсанда Қазақстаннан кетіп, Ресейге қоныс аударуға мәжбүр болған. Софронийдің кезінде паналау орны өркендеп, мұнда 120-дан аса бала тәрбиеленіп, ал қарттар үйінде 120-дан аса қарт пен мүгедек жанға күтім жасалатын.

ФОРМА МЕН МАЗМҰН

Софронийдің орнына келген жаңа басшы - Алматы қаласындағы Новопокровка ғибадатханасының қызметшісі Евгений әкей «менің алдымда болған басшылар жасап кеткен форманы енді мазмұнмен байыту керек» дейді. Евгений әкей форма - материалдық база, ал мазмұн - қарттарды «мәңгілік өмірге» дайындау мен балалардың тәрбиесі екенін түсіндірді.

"Радонеж" қорының басшысы Евгений әкей (оң жақта) "Солнышко" балалар және қарттар үйіне келді. Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев кенті, 8 қазан 2014 жыл.
"Радонеж" қорының басшысы Евгений әкей (оң жақта) "Солнышко" балалар және қарттар үйіне келді. Алматы облысы Іле ауданы Түймебаев кенті, 8 қазан 2014 жыл.

Евгений әкейдің айтуынша, жақсы жабдықталған инфрақұрылымы, қосалқы шаруашылығы, үлкен жері бар тұтас қалашықтан тұратын паналау орнының материалдық базасы мықты. Мұнда жылу қазандығы мен маңайдағы үйлердің тұрғындарын да ауыз сумен қамтамасыз ететін жеке су мұнарасы бар.

- Ең әуелі балалардың тәрбиесін, сабағын қолға алуымыз керек. Өйткені бізге дейін мұнда тәрбиешілер жетіспеген екен, - дейді Евгений әкей.

Евгений әкейдің айтуынша, қазір паналау орнында тәрбие жұмысы реттеліп, бұрынғы 4-5 тәрбиешінің орнына педагогикалық жоғары білімі бар 40 шақты тәрбиеші жұмыс істейді.

Евгений әкей былтыр желтоқсанда Софроний кеткеннен кейін «балалар аштан қалыпты» деген қауесетті теріске шығарады. Ол «Бұрынғыдай ірі демеушілеріміз жоқ, бірақ тұрмысы жақсы жандар көмектеседі. Сондықтан балаларды тамақтан тарықтырмаймыз» дейді.

Софроний кеткен соң жұтай бастаған қосалқы шаруашылық қазір қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Ірі қара мал басы тіпті бұрынғыдан көбейген. Бұрын сегіз бас болса, қазір 20, яғни бір табын сиыр бар. Қосалқы шаруашылықта тіпті бір ат пен 300 торай да бар екен.

"Солнышко" балалар үйінің директоры Ирина Смирнова.
"Солнышко" балалар үйінің директоры Ирина Смирнова.

- Мұнда жас натуралистер станциясы мен жылқыны жақсы көретін әуесқойлар клубын ашқымыз келеді. Мұны балалар ауыл шаруашылығының дәм-тұзын осы бастан татып, түсіне берсін деген оймен жоспарлап отырмыз, - дейді Евгений әкей.

Ал «Солнышко» балалар үйі директоры Ирина Смирнова «қызметкерлерге жалақыны бір ай кешіктіріп берген» деген қауесетті жарым-жартылай растады.

- Бірақ есесіне кейін бірден екі жалақы алғандай болдық. Бұл да жақсы ғой, - дейді балалар үйі директоры.

МЕЙІРІМДІЛІК МЕКЕНІ

Шіркеу жанындағы паналау орнында қазір мектепке дейінгі және мектеп жасындағы 76 бала тәрбиеленіп, 80-нен аса қартқа күтім жасалады.

Қарттар үйіндегі адамдар. 8 қазан 2014 жыл.
Қарттар үйіндегі адамдар. 8 қазан 2014 жыл.

- Мұнда ұлты мен діні әртүрлі жандар тұрады. Олардың бұл жерден басқа паналайтын жерлері жоқ. Мұнда ел қатарлы өмір сүріп жатыр, - дейді Алматы қаласындағы Новопокровка ғибадатханасының қызметшісі Евгений әкей.

Паналау орнының қазір «Солнышко» деген әдемі атауы болғанымен, Евгений әкей оны балалар үйі деп атағысы келмейді.

- Паналау орны бұрынғысынша жұмыс істей береді. Жалпы, балалар үйін де, қарттар үйін де «мейірімділік мекені» деп атаған дұрыс, -дейді Евгений әкей.

Софроний әкейдің балалар мен қарттарды паналату орнында жақында Сергий Радонежскийдің 700 жылдығын атап өтті. Балалар мен қарттар Сергий Радонежскийдің сүйегіне тәу етті (Видео):

Алматы өңірінде Сергий Радонежскийдің 700 жылдығы тойланды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00
Жүктеп алу

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG