Accessibility links

Дзюдошылар мамырда екі жарысқа қатысады


Қазақстан дзюдо құрамасының бас бапкері Ермек Иманбеков (ортада), Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов (оң жақта) және Пекин олимпиадасының финалисі Асхат Житкеев (сол жақта).

Қазақстанның дзюдо құрамасы Бакуде өтетін Ислам ойындары мен Гонконгтегі Азия чемпионатына дайындалып жатыр. Азаттыққа сұхбатында құраманың бас бапкері Ермек Иманбеков жоспарларымен бөлісті.

Мамырдың 12-22 аралығында Бакуде өтетін Ислам ойындарына Қазақстаннан бес ер, екі әйел дзюдошы қатысады. Олардың арасында 2014 жылғы Нанкинде өткен жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы Бауыржан Жауынтаев пен 66 килограмда Қазақстан чемпионы Мейіржан Қалтаев бар.

Ал 27-29 мамырда Гонконгте болатын Азия чемпионатына Қазақстан жеті салмақта тоғыз ер, тоғыз әйел спортшы апармақ. Гонконгтегі құрлық біріншілігіне Рио олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгонцэцэг, 2009 жылғы Азия чемпионы Гүлжан Исанова, 2009 жылғы әлем чемпионы Максим Раков, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Азамат Мұқанов сынды спортшылар барады.

Қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэгтің (оң жақта) кубалық қарсыласын жеңген сәті. Рио, 6 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық дзюдошы Галбадрах Отгонцэцэгтің (оң жақта) кубалық қарсыласын жеңген сәті. Рио, 6 тамыз 2016 жыл.

- Биылғы басты жарыс – мамырда Гонконгта өтетін Азия чемпионаты мен тамыздың соңында Будапеште (Венгрия – ред.) болатын әлем чемпионаты. Қазақстан дзюдо күресінен дамыған елдер қатарында. Сондықтан Азия және әлем чемпионаттарына жеті салмақта тоғыз спортшы апарамыз. Яғни, өзіміз таңдаған екі салмақта екі спортшы қоса аламыз. Азия чемпионатындағы мақсат – кемінде төрт медаль алу. Оның бірі міндетті түрде алтын болады деп отырмыз, - дейді ұлттық құраманың бас бапкері Ермек Иманбеков.

Қазақстанның 2017 жылы алған жүлделері
Дюсселдорф. Grand Prix
Ержан Шынкеев (+100 кг) – қола​
Баку Grand Slam
Ислам Бозбаев (90 кг) - алтын​
Тбилиси. Grand Prix
Жансай Смағұлов (73 кг) – қола
Азиз Қалқаманұлы (81 кг) – қола​
Анкара. Grand Prix
Ғұсман Қырғызбаев (60 кг) – алтын
Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг) – алтын
Максим Раков (100 кг) - күміс
Мариан Урдабаева (63 кг) - күміс

Оның айтуынша, Қазақстан дзюдодан жыл сайын Азия құрлығындағы жарыстарда нәтижесін жақсартып келеді. 2013 жылғы Азия біріншілігінде қазақстандық балуандар жеті қола медаль алған. 2014 жылы Инчхонда (Оңтүстік Корея) өткен Азия ойындарында бір алтын (Елдос Сметов), екі күміс, үш қола жүлде иеленді. 2016 жылы Ташкенттегі Азия чемпионатында үш алтын, екі күміс пен алты қола еншіледі. Өзбекстандағы жарыста Елдос Сметов, Галбадрах Отгонцэцэг, Мариан Ордабаева чемпион атанған.

Рио олимпиадасында 60 килограмда күміс алған Елдос Сметов бұл жолы Ислам ойындарына да, Азия чемпионатына да қатыспайды. Ол жақында Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында операция жасатып келген. Бапкер Иманбековтың айтуынша, Сметов Будапештегі әлем чемпионатына қатысуы мүмкін.

- Олимпиада ойындарынан кейін көп жарысқа қатыспадым. Бұрынғы жарақатым бар еді, соны емдетіп жатырмын. Әлем чемпионатына дайындаламын. 60 килограмда күресе беремін, басқа салмақ дәрежесіне ауыспаймын, - дейді Елдос Сметов.

2017 жылғы ақпан - сәуір аралығында Қазақстан Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) ұйымдастыратын екі Grand Slam (Гранд-слэм), үш Grand Prix (Гран-при) жарысына қатысты. Бес жарыста Қазақстан құрамасы үш алтын, екі күміс, үш қола жүлде олжалады.

Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов. 6 тамыз 2016 жыл.
Рио олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов. 6 тамыз 2016 жыл.

- Биылғы жарыстарда бастама жаман емес. Аса ауыр салмақта (+100 келі) Ержан Шынкеев Дюссельдорфтағы жарыста Рио олимпиадасының чемпионы чех Лукаш Крпалекті жеңді. Риода қола алған Галбадрах Отгонцэцэг олимпиададан кейін қатысқан алғашқы жарысында алтын ұтып алды. Бізде қазір тактика кемшін соғып тұр. Яғни қарсыластан айла асыру, бәсекелестің амалын өзіне қарсы пайдалану тәрізді әдіс-тәсілдер жетіспейді. Қазір ереже өзгерді. Бұрын бір белдесу бес минутқа созылатын, қазір төрт минутқа қысқарды. Сондықтан татамидегі жылдамдықты еселеу керек. Сол жағынан жұмыс істеп жатырмыз, - дейді бас бапкер.

Қазақстан дзюдо құрамасы 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында бір алтын, бір күміс алған. 60 килограмм салмақ дәрежесі бойынша өткен финалдық кездесуде қазақстандық қос балуан Елдос Сметов пен Рустам Ибраев күресіп, Сметов жеңіске жеткен. Ал 2016 жылғы Рио олимпиадасында Қазақстан бір күміс, бір қола иеленді. Сметов финалда ресейлік Беслан Мудрановтан жеңілді. Қыздар арасында Галбадрах Отгонцэцэг қола жүлдегер атанды.

- Рио олимпиадасы бітісімен келесі, 2020 жылы Токиода өтетін олимпиадаға арнайы жоспармен дайындықты бастап кеттік. Рио олимпиадасына төрт ер, екі әйел спортшымыз жолдама алған. Олимпиадаға әр салмақта бір-бір балуан апарсақ жүлде санын арттыруға мүмкіндік болады. Жыл сайын әлем чемпионаты және олимпиадада алатын медаліміздің санын арттырсақ деген басты мақсат бар, - дейді Иманбеков.

IJF сайтының дерегінше, Қазақстан дзюдошылары 2016 жылы өткен олимпиада, Азия чемпионаты, Grand Prix, Grand Slam жарысында жиыны 11 алтын, 13 күміс және 16 қола медальға ие болған. Бір Галбадрах Отгонцэцэгтің өзі былтыр бес алтын, екі күміс, үш қола жүлде иеленген.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG