Accessibility links

Өзбекстан қазағы Қазақстан атынан олимпиадаға барғысы келеді


Дәулет Нарметов 2010 жылғы Гуанчжоудағы Азия ойындарында гимнастикалық атпен жаттығу жасап жатыр (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).

27 жастағы Өзбекстанда туған қазақ Дәулет Нарметов Қазақстанға келіп, елдің спорттық гимнастика құрамасына қабылданды. Ол – гимнастикалық ат жаттығуы бойынша Қазақстан атынан халықаралық жарыста алтын алған алғашқы спортшы. Дәулет Азаттық тілшісіне Өзбекстаннан кету себебін, Қазақстан құрамасына қалай қабылданғанын әңгімелеп берді.

Дәулет Нарметов 2008 жылы спорттық гимнастикадан Өзбекстан құрамасына қабылданған. Негізгі снаряды – «гимнастикалық ат» (pommel horse). Осы снарядпен өнер көрсеткен ол 2008-2010 жылдары Өзбекстан чемпионатында қатарынан үш мәрте алтын жүлде алған.

- Туған жерім - қазақ-өзбек шекарасындағы Черняевка деген жер. Спортқа өте жай келдім. Жетінші сыныпта бір досым мектептегі гимнастика залына апарып, сол жерде жаттыға бастадым. Әкем өте қатал адам. Екі-үш ай айтпай барып жүрдім. Кейін мектеп жарыстарында жақсы нәтиже көрсете бастаған соң жаттықтырушым әкемді шақырып алып, рұқсат сұрады. Әкем бір ұрсып алды да, рұқсатын берді, - дейді ол.

«ӨЗБЕКСТАНДА БАС БАПКЕРМЕН КЕЛІСЕ АЛМАДЫМ»

Нарметов 15 жасында Ташкенттегі олимпиадалық резерв спортшыларын дайындайтын мектепке, кейін осы қаладағы жоғарғы оқу орындарының біріне оқуға түсіп, қалада жаттығып жүреді. Ал 2010 жылы Өзбекстан құрамасы сапында Гуанчжоуда (Қытай) өткен жазғы Азия ойындарына қатысып, 8-орын алады. Бұл - оның спорттық карьерасындағы алғашқы халықаралық жарысы. Бұл жарыста қазақстандық гимнасттар - Ернар Ерімбетов 15-орын алып, Ильдар Валиев 16-нәтиже көрсеткен.

- 2010 жылы халықаралық жарыстарға қатысып, спорттық карьерам жақсы дамып келе жатты. 2011 жылы Токиодағы әлем чемпионатында 17-орын алдым. Ауылдан шыққан мен үшін бұл үлкен жетістік болды, - дейді спортшы.

Бапкерлер бірден құрамадан шығарып, айлығымды кесіп тастады. Осыдан кейін Алматыда тұратын туысқандарыма келдім.

Өзбекстан құрамасының мүшесі болып жүрген Дәулет Нарметов 2012 жылы «Қазақстанға кетіп қалады». Ол «Өзбекстан құрамасының бас бапкерімен келісе алмай, командадан шығып қалғанын» айтады.

- Бала кезден отбасымыз болып ораза ұстайтын едік. 2012 жылы да ораза ұстадым. Бапкерлер жаттығу ауыр, ораза ұстамай-ақ қой деді. Мен ораза жаттығуға әсер ете қоймас дедім. Бапкерлер бірден құрамадан шығарып, айлығымды кесіп тастады. Осыдан кейін Алматыда тұратын туысқандарыма келдім, - дейді гимнаст.

ЕКІ ЖЫЛДЫҚ ШЕКТЕУ

Дәулеттің туысқандарының көбі Алматыға «одан бұрын көшіп алған». Бірақ ата-анасы әлі Ташкентте тұрады. Алматыға келген соң ол «қазақстандық бапкерлермен сөйлесіп, елге оралғысы келетінін айтқан». Жаттықтырушылар Қазақстан чемпионатында алтын алса, ұлттық құрамаға енуге мүмкіндік бар екенін түсіндірген.

- Ереже бойынша азаматтығыңды ауыстырған соң екі жыл жаңа елдің атынан жарыстарға қатысуға болмайды немесе бірінші елің ресми рұқсат беруі тиіс. Өзбекстан рұқсат бермей, екі жыл жарыстарға қатыса алмадым. Қазақстан чемпионатына турнирден тыс қатыстым, яғни көрсеткен нәтижелерім есептелмеді. 2015 жылы екі жылдық шектеу бітіп, Қазақстан чемпионатында гимнастикалық ат бойынша алтын алдым. Осыдан соң ұлттық құрамаға шақырды. Қазақстанға келгенде карьерам қайта басталғандай сезім болды, - дейді гимнаст.

Қазір Дәулет Нарметов Алматыда жаттығады. Студент, Қазақ спорт және туризм академиясында жаттықтырушы мамандығын оқып жатыр. Жаттығу базасы жанынан оған уақытша тұруға бір бөлме берілген. Спортшының айтуынша, «күніне алты-жеті сағат залда жаттығады». Дәулет Нарметов Қазақстан құрамасы мүшесі ретінде спорт комитетінен жалақы алады.

Дәулет былтыр Мәскеуде өткен «Воронин кубогы» жарысында Франция, Ресей, Германия, Армения спортшыларынан озып, алтын жүлде олжалаған. Бұл - Нарметовтың Қазақстан құрамасындағы алғашқы медалі.

Дәулет Нарметовтің (ортада) Ресейдегі "Воронин кубогында" алтын медальмен марапатталған сәті (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).
Дәулет Нарметовтің (ортада) Ресейдегі "Воронин кубогында" алтын медальмен марапатталған сәті (Сурет спортшының жеке мұрағатынан алынды).

Биыл наурызда Бакуде өткен әлем кубогы кезеңі финалына шығып, 7-орын алды. Дәулет Нарметов – гимнастикалық ат жаттығуы бойынша Қазақстан атынан әлем кубогының финалына шыққан және халықаралық жарыста алтын алған алғашқы спортшы.

- Мәскеудегі «Воронин кубогында» 15,100 ұпай жинадым. Бұл – жеке рекордым. Қазақстан атынан Токио олимпиадасына барғым келеді. Ол үшін көп жаттығу керек. Жаттығуға дайынмын, - дейді Дәулет.

Қазір спортшы ұлттық құрамамен бірге Пензада (Ресей) бір айлық жаттығуда жүр. Дәулет Нарметов мамырдың 18-і мен 25-і аралығында Бангкокта өтетін Азия чемпионатына, тамыздың 19-ы мен 30-ы аралығында Тайпейде болатын жазғы универсиадаға қатысады. Одан кейін қазанның 2-сі мен 8-і аралығында Монреальдағы (Канада) өтетін әлем чемпионатына барады.

Спорттық гимнастикадан Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға барып жүрген спортшылар бес-алтау ғана. Ернар Ерімбетов 2003 жылы Гуанджоуда (Қытай) өткен Азия чемпионатында екі алтын алған. 2008 жылы Дохадағы (Катар) Азия біріншілігінде Тимур Құрбанбаев пен Илдар Валиев чемпион атанды. 2010 жылы Илдар Валиев пен Станислав Валиев Гуанчжоудағы Азия ойындарында қола жүлделер алды.

Осыдан кейін Қазақстан халықаралық жарыстарда жеті жыл бойы медаль ала алмады. 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен олимпиада ойындарына спорттық гимнастикадан Қазақстаннан өкіл қатысқан жоқ. Ал 2017 жылы наурызда Дохадағы әлем кубогы кезеңінде қазақстандық Милад Карими еденде (floor) жаттығу бойынша алтын жүлдеге ие болды. Бұл – Қазақстанның әлем кубогында алған алғашқы алтыны.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG