Accessibility links

Рауан Оқас: «Қазақ тілді спорт журналистикасына тың серпін керек»


Рауан Оқас, спорт тақырыбына арналған alaman.kz сайтының редакторы.
Рауан Оқас, спорт тақырыбына арналған alaman.kz сайтының редакторы.

Қазақстанда спортқа арналған 75 сайттың ішінде тек екеуі ғана қазақ тілінде. Солардың бірі, биыл Қазақстанның award.kz интернет байқауында қазақ тіліндегі ең үздік сайт атанған alaman.kz редакторы Рауан Оқас Азаттыққа сұқбат берген еді.


Қазақстанда спорт тақырыбына арналған 75 сайт бар. Олардың ішінде тек екеуі ғана қазақ тілінде – alaman.kz және aladop.kz сайттары.

Жақында Қазақстанның Award.kz интернет байқауында alaman.kz порталы – «Мемлекеттік тілдегі ең үздік сайт» номинациясын жеңіп алды.

ҮЗДІК САЙТ

Сайттың негізін қалаушылардың бірі жас журналист, спорт комментаторы Рауан Оқас көпшілік арасында сайт ашу қиындығы туралы жалған «мифтің» болуы – қазақтілді сайттардың көптеп ашылуына зиянын тигізіп, интернет ісін жандандырмай отыр деген пікірде.

– Бұған қоса, бізде сайтты ашып алып, оны жүргізбейді. Тұралап қалады. Жаңармайды. Оны күнделікті жаңартып тұру керек. Жаңа айтқанымдай, оған материал ғана жазу жеткіліксіз. Оны насихаттау керек. Газет арқылы, телеарналар арқылы. Әйтеуір жарнама жасаудың жолын табу керек, – дейді Рауан Оқас.

Спорт тақырыбына арналған alaman.kz сайтын Рауан осыдан екі жыл бұрын Руслан Меделбек есімді журналистпен бірігіп ашыпты. Содан әлі күнге дейін сайтты негізінен екеуі бірігіп жүргізіп келе жатыр екен. «Спорт дегенде іскен асты жерге қоятын сүйіспеншілігіміздің арқасында әйтеуір бұл сайттың жұмысын тоқтатпай ұстап тұрмыз» дейді 23 жастағы жігіт.

«ЖУРНАЛИСТЕР АЛҒЫР БОЛУЫ КЕРЕК»

Рауан Оқастың пікірінше, қазақтілді журналистикаға әлі де болса көп ізденіс, ерік-жігер керек екендігін айтады.

– Мәселен, шетелге шыққан кезде өзге ұлттың журналистерін қарап отырып таң қаласың. Сол жерден репортаждар жасап, стендаптар жазып жатады. Сол минуттарда материал жазып беріп үлгереді. Ал бізде жарыс біткеннен кейін ғана жазады. Бұл уақытта бүкіл жанкүйер қауым оның бәрін телеарнадан көріп, интернеттен оқып алады. Бұл біздің үлкен кемшілігіміз, – дейді Рауан Оқас.

Сонымен бірге қазақстандық телеарналардан спорт хабарларын бергенде қазақ журналистері белсенді болуы керек деп санайды.

– Репортаждар жүргізіп жатқан кезде орыстілді комментаторлар көп сөйлеп жатады. Ал қазақтар болса үндемей, тек арасында ғана «иә» немесе «жоқ» деп қосылып тұрады. Бұл да дұрыс емес. Спорттық журналистикада біз тізгінді өз қолымызға алуымыз керек, – дейді ол.

Әйткенмен, соңғы кездері қазақ журналистері басқа әріптестерінен кем жазбайтынын байқатып жүр дейді Рауан Оқас.

– Қазақ журналистері уақытында сараптамалық материал жаза алатынын дәлелдеді. Комментаторларды да мойындай бастады. Мәселен, қазір орыстілді комментаторлар біздің Есей Жеңісұлы, Ержан Көшкінбаев сияқты комментаторлардың аузына қарап отыр. Бұл үлкен жетістік, – дейді ол.

Қазіргі қазақ спорты туралы аз-кем тоқтала кеткен журналист Қазақстанда соңғы жылдары шеттен спортшыларды тарту дәстүрін хош көрмейді.

– Ауыр атлетиканы алатын болсақ, Зульфия Шиншанло сияқты спортшылардың келуі ішкі біріншілікте бәсекелестіктің пайда болуына түрткі болып жатыр. Өзіміздің спортшылардың соларға қарап, солардың нәтижесін қайталауға тырысып жатқаны байқалады. Яғни, легионерлердің бір салада пайдасы бар да, бірінде пайдасы да жоқ. Мысалы, футболда легионерлерге жүгінудің қажеті жоқ, – деп түйіндейді спорт комментаторы Рауан Оқас.

please wait

No media source currently available

0:00 0:13:50 0:00
Жүктеп алу
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG