Accessibility links

Қытайда оқудың қыр-сыры


«Болашақ» бағдарламасымен Шанхай қаласындағы Тончжи университетінде оқып жатқан Тілектес Адамбеков. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
«Болашақ» бағдарламасымен Шанхай қаласындағы Тончжи университетінде оқып жатқан Тілектес Адамбеков. Сурет Facebook парақшасынан алынды.

Қытай университеттеріне түсуге ынталы жастар бұл елдегі техникалық білім беру жүйесін мақтайды. Бұл жүйенің сыншысы кейбір жастардың диплом емес, куәлік алып қайтатынын айтады.

Қазақстанда Қытайдың тауарлары ғана емес, сонымен бірге соңғы уақытта бұл елге барып жоғары білім алу да танымал боп барады. «Неге?» деген сұраққа көпшілік арасында «арзан да, сапалы білім» деп жауап беру әдетке айналған.

Қытайда оқып жатқан жастардың өздері қытай тілінің болашағы зор деп сенеді. Әйткенмен ондағы студенттердің тыныс-тіршілігімен таныс азаматтар «Қытайдың білім алып жатқан студенттеріне шәкірт алдындағы жауапкершілікпен емес, клиент ретінде қарайтынын, ол да барған сайын Қазақстандағы оқу орындары сияқты «диплом зауытына» айналып бара жатқанын» айтады.

25 жастағы Тілектес Адамбеков «Болашақ» бағдарламасымен Шанхай қаласындағы Тончжи университетінде байланыс саласы бойынша білім алып жатыр. Үш жарым жылын қытай тілін меңгеруге арнаған Тілектесті қытай тілін білетін адамдардың сиректігі, оған уақыт озған сайын сұраныстың еселеп өсуі қызықтырған.

​Телекоммуникация саласында әлем бойынша жетекші орындардың біріне шыққан Қытайда байланыс саласын игеріп жатқан ол Қазақстан қоғамы үшін сирек маман иесі болайын деп тұр.

«Қытай техникалық мамандықтарды дайындауда өте мықты. Мен оқитын университет - Азия бойынша ең мықты оқу орындарының бірі. Өткен жылы әлемдегі ең мықты қытайлық компанияның Қазақстандағы өкілдігінде практикадан өттім. Сол жерде істейтін шығармын деген ойдамын» дейді Тілектес Адамбеков Азаттық тілшісіне.

«ТАЛАПКЕРЛЕР САНЫ ӨСІП БАРАДЫ»

Қытайда оқығысы келген қазақ студенттері әдетте әуелі тіл курсын оқиды. Тілектес Адамбековтың айтуынша, күрделі қытай тілін меңгеру қиын, қазақ студенттерінің табандылығы көп жағдайда жете бермейді.

«Өкінішке қарай, қазақ жастары ең мықты, сапалы Қытай университеттеріне түсе алмайды. Өйткені, көбі тілді бір-ақ жыл оқиды, ал бұл жеткіліксіз. Бұған қоса, өздерінің күш-қауқары жетпейді. Қытайда өте танымал он шақты мықты университет бар. Олар Пекин, Шанхай және Нанкин қаласында» дейді ол.

Қытайдағы қазақ студенттерінің қауымдастығына жетекшілік ететін Тілектестің айтуынша, қазіргі кезде Қытайда 10 мыңнан астам қазақстандық студент біліп алып жатыр.

Шанхай қаласында оқып жатқан Тілектес Адамбеков. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
Шанхай қаласында оқып жатқан Тілектес Адамбеков. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
«Пекинде – 2 мың 500, Шанхайда – 600-ға жуық, Үрімжіде – 1 мың 400, Сиань қаласында – 600, басқа қалаларда жүз-жүзден студент бар» дейді ол.

Шанхайда оқып жатқан студенттердің бірі Олжас Сүлейменовтің осында білім алып жатқанына жеті жылдан асқан. Болашақ инженер-құрылысшы ең алғаш Қытайға 2007 жылы келген кезде бұл елге келіп оқу қазақстандықтар арасында қазіргідей танымал болмағанын айтады.

Алғашқы студенттерге білім жүйесінің ерекшеліктері мен қоғамға бейімделу қиынға соққан. Олжастың айтуынша, қазір студенттер көбейіп, түрлі агенттіктердің арқасында Қытайда білім алу да оңайлаған.

«Алғашқы кездерде бұл жақта тілді толық меңгермей, бірден мамандыққа түсіп, оқи алмай кеткендер де болған. Бірақ қазір студенттер мән-жайды алдын-ала біліп, әбден шыныққаннан кейін Қытайда білім алу жеңілдеді. Бұрындары ҰБТ сияқты пән бойынша емтихандардан қазақ студенттері өте алмайтын. Қазір бір-біріне көмектесудің арқасында, ынталарының арқасында қазақ жастары көптеп оқып жатыр» дейді ол.

Олжастың сөзінше, Тончжи университетінде оқып жатқан шетелдік студенттер саны жағынан Қазақстан 5-орын алады. (бірінші орында – немістер, екінші орында – италиялықтар, үшінші орында – француздар, төртінші орында – кәрістер – О.С.)

Қытайдағы оқу орындарына түсіру бойынша көмектесетін Қазақстандағы «Study in China» агенттігінің бас директоры Айгүл Дигрененің айтуынша, жыл сайын агенттік Қытайға шамамен 100-150 студент жібереді және бұл көрсеткіш барған сайын өсіп барады.

Қытайда жүрген шетелдік студенттер. 26 сәуір 2014 жыл.
Қытайда жүрген шетелдік студенттер. 26 сәуір 2014 жыл.
«Мектеп түлектерін қызықтыратын көптеген себептер бар. Қытайда халықаралық рейтингке кірген оқу орындары бар. Онда білімді қытай және ағылшын тілінде де оқуға болады. Қытайда оқығанмен студенттер Ұлыбритания, АҚШ-тағыдай халықаралық үлгідегі диплом алады. Бұған қоса, ата-аналар балаларының қауіпсіздігіне алаңдамай-ақ қойса да болады. Оның үстіне географиялық жағынан да өте жақын, жол шығыны арзанға түседі» дейді Айгүл Дигрене.

Тағы бір агенттік маманы Азаттыққа Қытайда оқығысы келетін қазақ жастарының көбіне ақпараттық технология, мұнай-химия, жастар саясаты, саясат және құқықтану саласын жиі таңдайтынын айтты. Мұндай агенттіктердің Азаттыққа берген мәліметі бойынша Қытай университеттерінде бір жылдық оқу бағасы 1,5 – 15 мың АҚШ доллары көлемінде болады.

ДИПЛОМ МЕН КУӘЛІКТІҢ АЙЫРМАСЫ

Астана тұрғыны, белсенді әлеуметтік желі қолданушысы, блогер Серік Керей Қытайда жиі болып тұрады және онда оқып жатқан қазақ студенттерінің тіршілігімен таныс. Қытайда орта мектеп бітіріп, Қазақстанға көшіп келген этникалық қазақ Серік Керейдің пікірінше, «оқытушылары пара алмайды», «оқымасаң диплом бермейді» деген сияқты мифтер жиі айтылатын Қытайдағы оқу орындарының барлығын сапалы деп айтуға келмейді. Ол «шәкіртке тек клиент ретінде қарайтын ақша қуған кейбір оқу орындары Қазақстандағыдай «диплом зауытына» айналып барады» деп санайды.

«Қытай оқу орындары да қазір ақы төлесе, кез келген адамды оқыта беретін болып алды. Қытайдың мемлекеттік оқу орындары түлектеріне екі түрлі құжат береді. Толымды болып, барлық сабақтан өткен адамға диплом береді. Ал жай ақшасын төлеп оқып, бірақ кейбір сабақтардан немесе оқу үлгерімі мүлде нашар
Блогер Серік Керей. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
Блогер Серік Керей. Сурет Facebook парақшасынан алынды.
студенттерге тек «оқу бітіру куәлігін» береді. Қытай елінде бұл екі куәліктің айырмасы жер мен көктей. Ал біздің кейбір студенттер көбіне соңғысын алып келеді де оны диплом деп аудартып алады. Бес жыл оқыған жігіт-қыздарды білемін, қытай тілінде амандасудан ары аса алмайды» дейді Серік Керей.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігінің дерегі бойынша, Қытаймен жасалған арнайы келісім-шартқа сәйкес жыл сайын бұл елге 120 студент грантпен жіберіліп, тегін оқиды. Бұған қоса, Шанхай ынтамақтастық ұйымы бойынша жасалған келісімдерге сәйкес, Қытай университеттері қазақ студенттеріне арнап жыл сайын 10 грант бөледі. Одан бөлек, жүздеген студент мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша да Қытай университтеріне түсе алады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG