Accessibility links

Йеменде ұрланған тәжік әйелі босатылды


Гүлрухсор Рофиеваның (сол жақта) бірнеше айлық кепілден босағаннан кейінгі сәттері. 10 ақпан, 2015 жыл.
Гүлрухсор Рофиеваның (сол жақта) бірнеше айлық кепілден босағаннан кейінгі сәттері. 10 ақпан, 2015 жыл.

Йеменде тәжік мейірбикені ұрлап, құн төлеп босату мақсатында тұтқында ұстаған. Азаптан аман қалған әйел басынан өткен оқиғаны баяндап берді.

Гулрухсор Рофиева алты жылдан бері Йемен ауруханасына күн сайын жаяу қатынайтын еді. Бірақ қазанның 29-ы күні тәжік мейірбикесі күтпеген сұмдық жағдайға душар болды. Рофиева мен әріптестері жұмыс орнына жақын жердегі мешітке жеткенде алдарынан бір көлік тоқтап, ішінен алты ер адам шығады. 36 жастағы Рофиеваны ұрып, есінен тандырып, көлікке салып әкетеді.

«Айғайлап, автокөліктің есігіне кірмеуге тырысып, қарсыластым» деп еске алады ол. Оны ұрлаушылардың бірі әйелді басынан тапаншамен ұрады. Есін жиған кезде түс ауған екен, адамдарды көмекке шақырған әйелді «тыныш отырмасаң, ұрып-соғамыз» деп қорқытады.

ЙЕМЕНДЕГІ 6 ЖЫЛ ЖӘНЕ 3 АЙЛЫҚ КЕПІЛДІК

Йемен орталығындағы Мариб қаласында алты жыл мейірбике болған Рофиева қызметі аяқталуға бірнеше күн қалғанда осындай сұмдық оқиғаға тап болады. Солайша үш айдан астам уақыт тұтқында жатады. Оны азаптап, ұрып-соғып, тергеуге алады, осының бәрі жергілікті билік пен тәжік билігі араласқан соң, ақпанның 10-ы күні аяқталып, әйел еркіндікке шықты.

Йеменде әйелдер қолды болған Гүлрухсор Рофиеваны босатуды талап етіп акция өткізген болатын. Мариб. 25 қараша, 2014 жыл.
Йеменде әйелдер қолды болған Гүлрухсор Рофиеваны босатуды талап етіп акция өткізген болатын. Мариб. 25 қараша, 2014 жыл.

Әзірге оны кімдердің ұрлап кеткені белгісіз. Тек жергілікті тайпа өкілдері деген жорамал ғана айтылады. Рофиева олар өзін қателесіп ұрлады деп ойлайды. «Олар мені дәрігер деп ойласа керек» дейді ол Азаттықтың Тәжік қызметіне. Рофиева қазір Марибтегі ауруханада ем қабылдап жатыр.

- Менің жалақым көп деп ойлапты (қай кезеңді айтып отырғаны белгісіз – ред.). Бес мың АҚШ долларын аласың деді, бірақ оларға дәрігер емес, мейірбике екенімді айттым, ондай ақша алмаймын дедім, - дейді ол.

Бірақ олар әйелдің сөзіне сенбеген.

- Мені азаптады. Аяқ-қолымды кісендеп тастады. Еркектер мені ұрды, - деген әйел түрлі азапты сипаттайды. Айтуынша, оған ас-су бермеген кездері болған. Кейде тіпті әжетханаға жібермей қойған екен.

Рофиеваның айтуынша, ақшадан бөлек оны ұрлағандар бес жыл түрмеге қамалған «бауырларын» босату үшін әйелді пайдаланғысы келген.

- Олар оны маған айырбастауды талап етті. Оны босатпасаңдар, сені жібермейміз деп қорқытты, - дейді ол.

БОСТАНДЫҚ

Сөйтіп жүргенде ақпанның 9-ы күні Рофиеваны ұрлағандардың «бауырласы» түрмеден шығып, олар әйелді де босатқан. Уәде еткендей, ертеңінде таңертең бір әйел келіп Рофиеваны шығарып жібереді.

Гүлрухсор Рофиеваның қызмет істеп жүрген кездері.
Гүлрухсор Рофиеваның қызмет істеп жүрген кездері.

Әйелді тауып алмас үшін оны күшпен әкеткендер апта сайын тұрағын ауыстырып тұрған. Жанға батқан сырқат пен соққыдан азап шеккен ол өзіне қол жұмсамақ та болады.

Бірақ отбасы – ата-анасы, балалары туралы ойлап, өмірді қия алмайды.

- Намаз оқыған кезде әркез отаныма оралсам, бөгде елде емес, отбасымның қасында өлсем деп ойладым, - дейді ол.

Азаттық тілшісінің денсаулығы туралы сауалына Рофиева «Құдайға шүкір, бәрі жақсы» деп қысқа жауап берді. Болашағы туралы жоспарын сұрағанда ол визасының мерзімі өтіп кеткенін айтты. Бір қызығы визасының соңғы күні оны ұрлап кеткен. Ол сол кезде үйіне қайтуға билет те сатып алған екен. Бірақ Йемен астанасы Санадан қатынайтын ұшақ тоқтағалы біраз болған.

(Салими Аюбзодтың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG