Accessibility links

Шығынды «халықтан қарыз алып» жабуды ұсынды


Қала тұрғыны Юрий Головченко қоғамдық тыңдауда сөйлеп тұр. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.
Қала тұрғыны Юрий Головченко қоғамдық тыңдауда сөйлеп тұр. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.

Теміртау тұрғындарына «коммуналдық қызмет ақысы бірден 200-300 пайызға қымбаттайды» деп жариялады. Ал тұтынушылар жаңа коммуналдық кәсіпорынның проблемаларын шешу үшін билікке «халықтан қарыз сұрауды» ұсынды. Билік жұртты «шу шығармауға» шақырды.

Теміртау қаласындағы негізгі қызмет көрсетуші, жуырда биліктің қарамағына өткен «Оқжетпес-Т» компаниясы коммуналдық қызмет тарифтері 200-300 пайызға қымбаттайтынын жариялады. Негізгі қызмет көрсетуші кәсіпорын монополияға қарсы комитетке жылу қуатының төлем ақысын 200 пайызға, ал суық су мен кәріз жүйесі тарифін 300 пайызға өсіруді сұрап өтініш жолдаған. Іле-шала Теміртауда тарифтерді қымбаттату мәселесін талқылаған қоғамдық тыңдау өтті. Тұрғындар Теміртау халқының көп бөлігінің мұндай тарифтерді төлеуге «шамасы келмейтінін» айтып, тарифтерді қымбаттату жоспарымен келіспейтінін мәлімдеді.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ҚАУПІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ

Қала тұрғындары «Қалаға әлі бір де күн жылу мен ыстық су бермеген жаңа кәсіпорын қазірден шығынға батқанын мәлімдеп жатыр. Жаңа қызмет көрсетушінің жобаланған тарифтері неліктен астанадан да қымбат?» деп наразы. Мысалы, Астана мен Қарағандыда жылу тарифының мөлшері – 1 текше метрге 110 теңге, ал Теміртаудағы кәсіпорын бұдан екі есе көп сұрап отыр. Бұған қоса тұрғындар жаңа қызмет ұсынушы келгеннен кейін биылғы жылу маусымында проблемалар туындауы мүмкін деп алаңдайды.

Теміртауда азаматтық белсенділігімен танылған әрі бұрын жылу саласында энергетик болып жұмыс істеген байырғы тұрғын Юрий Головченко жаңа коммуналдық кәсіпорынның шығындары мен әлі келтірілмеген зиянын тарифті қымбаттату арқылы тұтынушылар есебінен жауып, қызметкерлерінің жалақысын көбейткісі келетіні дұрыс емес деп есептейді.

– Мемлекеттік кәсіпорын болған соң оны мемлекет қолдауы тиіс қой. Егер жағдайларың қиын болса, несие алыңдар. Ал несие бермесе, жұрттан көмек сұраңдар, тарифтерді өсіру арқылы жұрттан қарыз алыңдар. Бірақ «бұл ақшаны кейін төлемді азайту арқылы немесе 10-15 пайызға азайтып қайта есептеу арқылы қайтарамыз» деп уәде беріңдер. Қалада [осы мәселе бойынша] референдум өткізу керек, – дейді Юрий Головченко.

Қоғамдық тыңдауға келген жұрт. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.
Қоғамдық тыңдауға келген жұрт. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.

Тұтынушылардың көбімен қызмет көрсету туралы келісім-шарт та жасалмаған. Оның үстіне Теміртауда ыстық су мен жылу беру жаңа коммуналдық кәсіпорын құрылған сәттен, яғни шамамен сәуірдің ортасынан бастап тоқтаған. Шенеуніктер «ыстық су шілденің 1-інен ерте берілмейді» деп мәлімдейді. Ыстық судың жоқтығынан қолайсыздыққа ұшыраған тұтынушылардың шағымдары ғана емес, су жылытатын құралдар сатып алу, пәтерлердегі су құбырына «титан» қосу, суық су мен электр қуаты (жұрттың көбі суды «ескі тәсілмен» жылытуға мәжбүр) үшін артық ақша төлеу сияқты күтпеген шығындары да көбейген.

Тұрғындар депутаттар мен биліктен «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен келісіп, металлургиялық комбинаттың қалдық су ретінде бәрібір каналға ағызып жатқан ыстық суын «арзанға» сатып алуды да сұрайды.

«ХАЛЫҚТЫ ДҮРЛІКТІРМЕЙІК»

Қоғамдық тыңдауда қызмет ақысын қымбаттатуға қарсы сөйлеген тұрғындар Теміртауда мыңдаған адам тұрақты жалақы алмайтын тұста тарифтерді өсіру «адамшылық емес» деп санайды.

Біздің аймақ әзірше тыныш, сондықтан халықты дүрліктірмейік.
Теміртау тұрғыны Юрий Головченко

– Біздің аймақ әзірше тыныш, сондықтан халықты дүрліктірмейік. Өйткені халық мына тарифтеріңе қарсы «көтеріліп кетсе», кейін сендер (қызмет ұсынушылар) жауап бересіңдер ғой, әкімге де, президентке де зияндарың тиеді ғой, – дейді Юрий Головченко.

Қазір әлеуметтік желілерде тарифтерді қымбаттату тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Жұрт қымбаттатуға ғана қарсы пікірін жазып қана қоймай, билікке де, тұтынушыларға да ұсыныс айтып жатыр.

Теміртаулық Игорь Хомутов әлеуметтік желілерде: «Мұның ең оңтайлы жолы – қызмет сапасы стандарттарын прокуратура немесе сот арқылы бекітуді талап ету. Келісім-шартқа сапа ұғымы енгізілуі тиіс. Көрсеткен қызметі сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмесе, оған 0,0 теңге төлейтіндей етіп жасау керек. Ал қызметті нашар көрсетіп әрі бұдан зиян келсе (мысалы, электрмен жылытатын құралдарды қосуға тура келсе), оны билік өтеуі тиіс. Тек осылай ғана. Сол кезде қандай тариф болсын, жарты қыс тегін жылумен отырамыз әрі ақша қосып төлейтін болады» деген ұсыныс айтқан.

«Мемлекет неге дотация бөлмейді, «Оқжетпес-Т» мемлекеттік кәсіпорын емес пе? Ал біздің депутаттар АМТ (Арселор Миттал Теміртау – ред.) «Оқжетпес-Т» компаниясына субсидия бөлуді 2016 жылдан бері тоқтататынын біле тұра ақша неге қарастырмаған? Енді оны қала тұрғындары мойнына алуы тиіс пе?» деп жазады Ирина Яроцкая деген пайдаланушы.

БОЛЖАМДЫ ШЫҒЫН

Билік «реттелетін қызмет түрлерінің бәрінің қазіргі тарифтері шығынды өтемейді» деп мәлімдейді. «Оқжетпес-Т» жаңа коммуналдық кәсіпорны «егер кәсіпорын тоғыз ай бойы ескі тарифпен жұмыс істесе, шамамен 500 миллион теңге зиян шегеді» деп, болжамды шығын сомасын тіпті жариялап та қойды.

Биліктің айтынша, тарифті өсіру кәсіпорынның қаржылық және техникалық ахуалын, көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жобаланған тарифте коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің жаңа жалақысы да қарастырылған, «тәжірибелі мамандарды жоғалтпас» үшін оны 24 мыңнан 163 мың теңгеге дейін көбейткісі келеді. Ал әзірше кәсіпорында жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жалақы төлеуге ақша жоқ, сондықтан бар үміт – жұрттың төлейтін ақшасында.

– Қазір Теміртау ғана емес, бүкіл елдегі негізгі өнеркәсіп ошақтары салалық емес активтерін жеке меншікке беріп жатыр. Былтыр «Арселор Миттал Теміртау» бізге «Оқжетпес-Т» компаниясын алыңдар деп ұсынған. Біз оған дайын болмадық та, қала әкімі бұл ұсыныстан бас тартқан. Екі жақ та дайындалу үшін бірнеше ай бойы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясымен келіссөз жүргіздік. Сосын «Оқжетпес-Т» кәсіпорнын құрып, олар бізге бүкіл құрал-жабдық, техникасымен қоса 600-ден аса адамды өткізіп берді, – дейді жұртты «шу көтермеуге» шақырған Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай.

Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.
Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Владислав Цай. Теміртау, 13 мамыр 2016 жыл.

Енді шешімді монополияға қарсы комитет қабылдауы тиіс.

– Антимонополиялық комитет тұтынушы мен субъект арасындағы балансты реттейді. Субъект те банкрот болып қалмауы тиіс, өйткені ол банкрот болса, сіздерге кім қызмет көрсетеді? Ал тұтынушы сапалы қызмет алуы тиіс, – дейді Қарағанды облыстық табиғи монополиялар мен бағаны реттеу бөлімінің бас маманы Рахым Қасенов.

«Оқжетпес-Т» жаңа коммуналдық кәсіпорны директоры Ерлан Өтешев тарифтерді қанша қымбаттатуға рұқсат беретінін болжаммен де айта алмаймын дейді.

– Жылуға қатысты қандай жағдай қалыптасып отырғанын көріп отырсыздар. Біз қазірдің өзінде минусқа кіріп кеттік, шығынға батып сатып алып жатырмыз. Сондықтан жылу бойынша екі тарифті теңгеру қажет, яғни кемі ноль зиянмен жұмыс істеу үшін біз қымбаттатуымыз керек немесе жылу көзінің тарифын арзандату қажет, – дейді Ерлан Өтешев.

Ерлан Өтешев 2011 жылдың қаңтарынан қарашасына дейін Қарағанды облысы Приозерск қаласының әкімі болған. Ол бұл қызметке қала қазандығындағы ірі апаттан кейін жұмыстан шығарылған Қайрат Смағұловтың орнына тағайындалған. Ол кезде – желтоқсанның аяғы мен қаңтардың алғашқы күндері Приозерскіде жылу жүйесі бұзылып, үйлер мен әлеуметтік нысандар жылусыз қалып, қалада төтенше жағдай режимі жарияланған еді.

Теміртауда тарифтерді өсіруге қатысты ашық тыңдау қайта өте өтпек.

XS
SM
MD
LG