Accessibility links

«Стратегиясы жоқ, табысы аз» зейнетақы жүйесі


Зейнеткер Фаина Шырбаева газ бағасының қымбаттағына наразы болып, коммуналдық қызметтерді төлегені жайындағы түбіртегін көрсетіп тұр. Шымкент, 15 мамыр 2009 жыл.
Зейнеткер Фаина Шырбаева газ бағасының қымбаттағына наразы болып, коммуналдық қызметтерді төлегені жайындағы түбіртегін көрсетіп тұр. Шымкент, 15 мамыр 2009 жыл.

Қазақ шенеуніктері зейнетақы жүйесіндегі есептеу тәсілдерін бірнеше рет өзгертті. Бірақ негізгі мәселелер сол күйі шешілмей келеді. Бұл жүйені Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «зейнетақы қорларының табысы төмен, формализм көп, стратегиясы анық емес» деп сынап келеді.


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа жолдауында зейнетақы қорларының инвестициялық саясатына салымшылардың мүлде ықпалы жоқтығын, мұның дұрыс емес екенін айтқан еді.

- Осы кемшілікке бола салымшылар зейнетақы қорына айлығынан аударатын ақшаны міндетті салық сияқты елестетін болды. Ал зейнетақы қорларының басшылары халықтың қаржысын өз ақшасындай жұмсайтын болып жүр, - деген еді президент Назарбаев.

«АЛДАУ»

Зейнетақы жүйесінде қордаланған, шешілмесе болмайтын мәселелер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпан айында өткен алқа мәжілісінде де талқыланды.

Bnews.kz веб-сайты вице-премьер Ербол Орынбаевтың зейнетақы жүйесіндегі түйткілді мәселелер жөнінде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықоваға қарата айтқан «Өкінішке қарай, тығырықтан шығар амалды әзір таппай отырмыз. Жағдайды түзетудің жолдарын түсіну үшін сіздер ұлттық банкпен бірлесіп талдау жасағандарыңыз жөн. Әйтпесе, ондаған жылдардан кейін үлкен қиындықтарға тап болуымыз мүмкін. Гүлшара Наушақызы, қол қусырып қарап отырдыңдар деп бәріңізді сол кезде еске алатын болады» деген сөзінен үзінді келтіріпті.
Зейнеткер Владимир Чариков қайыр сұрап отыр. Ақтобе, қараша 2009 жыл.
Зейнеткер Владимир Чариков қайыр сұрап отыр. Ақтобе, қараша 2009 жыл.

Биліктің бұл мәселеге назар аударуының себептері бар. Мәселен, ұлттық банктің қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау жөніндегі комитетінің деректеріне қарағанда, 2012 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, зейнетақы қорларының орташа кірісі соңғы бес жыл ішінде 30,04 пайыз болған да, осы мерзім ішіндегі инфляцияның жиынтық деңгейі бұл кірістен екі есеге асып, 59,95 пайызға жеткен.

Ал ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың бұл тұрғыдағы пікірі бөлек. «Нұр Отан» партиясының ақпан айында өткен кеңейтілген мәжілісінде ол Қазақстанның зейнетақы қорларының кірісі инфляцияның жиынтық деңгейінен, керісінше, бір жарым есе көп деп мәлімдеді.

- Біз мемлекеттік халықтық зейнетақы қорымен (МХЗҚ) бірге арнайы есептер жүргіздік. Өйткені бұл қор - Қазақстанда ең бірінші болып құрылған қорлардың бірі. 14 жыл ішінде инфляцияның жиынтығы 218 пайыз болса, МХЗҚ-ның жиынтық кірісі - 341 пайыз, яғни 1,5 есе көп. Сондықтан, соңғы 5 жыл көлемінде зейнетақы қорларында жинақталған жалпы сома аударылған жарна көлемінің үштен біріне де жетпейді деп байбалам салатындардікі дұрыс емес, бұл - алдау, - дейді Григорий Марченко (Бұл үзінді Bnews.kz сайтынан алынды).

Бірақ ресми сайттардағы цифрларды қайда қоямыз? Оларға қарасақ, экономист әрі банкир Марченконың Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевқа бәсекелес болып, көбінесе саясаткер-имиджмейкер ретінде сөйлей бастағанын байқаймыз.

ҚОСЫЛҒЫШТАРДЫҢ ОРНЫ ӨЗГЕРГЕНІМЕН...

Зейнетақы қорларының орташа жылдық кірісінің инфляция қарқынынан да төмендеп кетуі 2004 жылдан басталды. Осы кезде зейнетақы реформасын ақсатып алмау үшін және абыройдан айырылып қалмау мақсатында шенеуніктер коэффиценттік көрсеткішті есептеу әдістемесін өзгерту амалына жүгінді.
Ондаған жылдардан кейін үлкен қиындықтарға тап болуымыз ғажап емес. Гүлшара Наушақызы, қол қусырып қарап отырдыңдар деп бәріңізді сол кезде еске алатын болады.

Бұрынғы қаржылық қадағалау агенттігі 2004 жылдың 27 желтоқсанында қабылдаған №378 қаулыда коэффиценттік көрсеткішті есептеудің жаңа жүйесі енгізіліп, енді есептеу бір жылды емес, үш жылды қамтитын болды.

Алайда бұл жаңалық өткен жылдардың жоғары көрсеткіштерін пайдалануға, кіріс коэффицентін инфляция қарқынынан асырып жіберуге мүмкіндік бермеді.

Қаржылық қадағалау агенттігінің деректеріне сәйкес, 2006 жылдың қаңтарында зейнетақы қорларының үш жылдық номиналды кірісі 18,92 пайызға жеткен. Ал осы үш жыл ішінде инфляция 22,62 пайызға өскен. 2006 жылдың 27 қазанында қаржылық қадағалау агенттігі өзінің №223 қаулысы негізінде коэффицентті есептеу ережесін тағы өзгертті. Енді коэффиценттің үш түрі – «12,36» коэффициенті және 60 айдың кірісі, содан соң бес жылдық коэффицент енгізілді. Алайда бұл жаңалық та жемісті нәтиже бермеді.

Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау жөніндегі комитеттің (бұрынғы қаржылық қадағалау агенттігі – ред.) деректеріне сүйенсек, жағдай былай қалыптасып отыр:

2002, желтоқсан –
2007, желтоқсан
(пайызбен)
2003, желтоқсан –
2008, желтоқсан
(пайызбен)
2004, желтоқсан –
2009, желтоқсан
(пайызбен)
2005, желтоқсан –
2010, желтоқсан
(пайызбен)
2006, желтоқсан –
2011, желтоқсан
(пайызбен)
Зейнетақы қорларының номиналды кірісі 46,15 36,61 47,52 43,55 30,04
Инфляцияның жиынтық деңгейі 57,90 61,90 61,14 61,44 59,95

Көріп отырғанымыздай, есептеу әдістерін қанша өзгерткенімен, жағдай түзелмеген. Ұлттық банктің қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды бақылау және қадағалау жөніндегі комитетінің цифрларды сапырылыстырып, осындай амалға жүгінуіне не түрткі болды?

Ал 2006 жылы саны 20-ға жеткен зейнетақы қорларының биыл 11-і ғана қалды. Мұны қалай түсінеміз?

ҚАУІП ПЕН ПОПУЛИЗМНІҢ ЖАРЫСЫ

Зейнетақы қорлары зейнетақы жүйесінің тағы бір проблемасы ретінде Қазақстан ұлттық банкінің оларды бақылау тәсілдерін атайды. Зейнетақы салымдарының пайдасы төмен.

Өйткені ұлттық банк оларға еркін қимылдауға мүмкіндік бермей отыр. Осыдан кейін зейнетақы қорлары бір салаға инвестиция құюдан тартынады. Себебі қорлардың портфелінде мемлекеттің құнды қағаздары - 40 пайыздан жоғары. Ал олардан түсетін табыс мардымсыз.

2012 жылдан бастап портфельдер консервативті және «ұстамды» деп екіге бөлінген. Ал, еркін қимылдауға мүмкіндік беретін агрессивті портфельдерге 2015 жылдан бастап қана рұқсат берілмек.
Григорий Марченко, Қазақстанның ұлттық банкінің төрағасы. Алматы, 23 сәуір 2009 жыл.
Григорий Марченко, Қазақстанның ұлттық банкінің төрағасы. Алматы, 23 сәуір 2009 жыл.

Бірақ зейнетақы салымдарын агрессивті тәсілмен басқару табыс әкеле ме, жоқ па - ол жағы әзірге белгісіз. Соған қарамастан, бұл туралы популистік мәлімдемелер де айтылып қалып жатыр. Мәселен, ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко зейнетақы қорларын комиссиялық алымдарды төмендетуге шақырды.

Зейнетақы қорлары салымшылар аз деген де шағым айтады. Олар «салымшылар зейнетақы қорларына жалақыларының 10 пайызын адарудан жалтарады» дейді. Олардың айтуларынша, жұмыс істейтін азаматтардың барлығы зейнетақы қорларымен келісім шартқа отырғанда, жаңа жүйе іске қосылған осы 14 жыл ішінде салымшылардан қазіргідей 18 миллиард доллар емес, 60 миллиард долларға дейін қаражат жиналатын еді. Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченконың пікірі де осындай.

Бұған қосарымыз, бұл жоспар жұрттың қаржысын тиімді басқарған кезде ғана іске асады.

ӘЙЕЛ ТЕҢДІГІН ІСКЕ АСЫРУДЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ТӘСІЛІ

Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша, Қазақстанда әйелдер өмірінің ұзақтығы – 73,4 жыл, ер адамдардікі – 63,5 жас. Ал әйелдер зейнетке 58 жасында, ерлер 63 жасында шығады. Әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп 63-ке жеткізу қаржылық тұрақтылық пен қаржы нарығын дамыту кеңесінің наурыз айында өткен отырысында талқыланды.

Григорий Марченко кейбір мемлекеттердің үлгісін мысалға келтіре отырып, бұны гендерлік теңдікке әкелетін қажетті қадам ретінде түсіндірді. Бұған қоса ол дүниежүзілік банк мәліметтерін де алға тартты. Ол мәліметтер бойынша, әйелдер зейнетке шыққаннан кейін орта есеппен 20,5 жыл, ерлер 12 жыл өмір сүреді екен.

Бірақ Марченконың бұл пікірімен келіспейтін адамдар да бар. Мәселен, тележүргізуші әрі қоғамдық белсенді Аружан Саин Facebook әлеуметтік желісінде осы мәселені көтерді. Әлеуметтік желіде болған бұл талқылауға қатысқан адам өте көп болды.

- Менің түсінбейтінім, неге әйелдердің зейнетке шығу жасын ұзарту мәселесін ұлттық банк төрағасы көтеріп отыр. Марченконың айтқан сөздерінен мен кәдімгідей қауіптеніп қалдым. Марченко жасаған девальвациядан әлі есімді жиып үлгермедім, енді менің шешем және басқа да әйелдер 63 жасқа дейін шаршап-шалдығып жұмыс істеуі керек пе? Оның үстіне 63 жасқа келгенде барып зейнетке шығатын еркектердің көпшілігі осы жасқа жетпей қайтыс болады. Қайтыс болып кеткендер өмір бойы жиған зейнетақысының қызығын көре алмайды. Ер адамдар өмірінің ұзақтығы 60,5 жас деген мәліметтің өзі жеткілікті. Ал Марченконың ұсынысын тыңдасаңыз, әділетті сияқты болып көрінеді - әйелдер 71 жасқа дейін өмір сүреді, бірақ зейнетке 58 жаста шығады, - дейді Аружан Саин.
Зейнеткер Мейірман Жазылбеков үйінің ауласында Қазақстан конституциясын көміп жатыр. Астана, 25 желтоқсан 2010 жыл.
Зейнеткер Мейірман Жазылбеков үйінің ауласында Қазақстан конституциясын көміп жатыр. Астана, 25 желтоқсан 2010 жыл.

Айтпақшы, зейнетке шығу жасын ұзарту Ресейде де талқыланып жатыр. Бірақ ресейлік сарапшылар мәселені жан-жақты қарастырып, барлық дәйектерді ескерген. Мәселен, олар Ресейдің зейнетақы жүйесі классикалық қаржы пирамидасына ұқсап бара жатқанын алға тартып, әр буынның алдыңғы толқыннан көп төлейтінін және зейнетақыны да салған қаржысынан көп алатынын айтады.

Осы мәселені шешу үшін ресейлік сарапшылар зейнетке шығу жасын ұзарту керек дейді. Қазақстанда болып жатқан жағдай да осыған ұқсас. Бірақ зейнетке шығу жасын ұзарту мәселесі Қазақстанда зейнет салымдарын басқару тұрғысынан қойылып отыр. Қазір зейнетақы қорларында жиналған 18 миллиард доллар - ішкі жиынтық өнімнің 10 пайызы. Ал бірнеше жылдан соң салымдар Чилидегідей ішкі жиынтық өнім көлемінен асып кетсе не болады?

Жағдай осылай жалғаса берсе, мемлекет 20-30 жылдан кейін инфляция жеп қойған зейнетақы қорларының шығындарын жабу үшін қыруар қаржы жұмсайтын болады. Сол кезде бұл жағдайға кім кінәлі болады? Ол кезде шенеуніктердің жаңа буыны бар бәлені өзіне дейінгі шенеуніктерге жабатыны айдан анық. Ол кезде қазіргі Қазақстанның басшылары зейнетке шығып та кетеді.
XS
SM
MD
LG