Accessibility links

Матаевтар үкіміне болмашы өзгеріс енгізілді


Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаев сотта тұр. 2016 жылдың тамызы.

Астанада Қазақстан журналистер одағы төрағасы Сейітқазы Матаев пен оның ұлы, ҚазТАГ ақпарат агенттігінің директоры Әсет Матаевтың апелляциялық шағымы бойынша сот шешімі шықты. Апелляциялық алқа Матаевтар шағымын қанағаттандырмады.

2016 жылы желтоқсанның 9-ы күні Астана қалалық соты апелляциялық алқасы судьясы Алма Есімова алқа шығарған шешімді бір сағатқа жуық оқыды. Сот алқасы Матаевтардың апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тарта отырып, алдыңғы сот шешіміне болмашы өзгеріс енгізді.

ЖАЛҒЫЗ ӨЗГЕРІС

Мүлкі тәркіленіп, алты жылға сотталған Сейітқазы Матаев пен мүлкі тәркіленіп, бес жылға сотталған Әсет Матаевқа шыққан алдыңғы үкімнің мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда материалдық мүлікті басқаруға қатысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салу туралы бөлімі ғана өзгерді. Бұл тыйым енді «10 жыл» деп белгіленді.

Апелляциялық алқа шешімінде бірінші инстанция соты Матаевтардың ісін қараған кезде заңды бұзбағаны, ал «аса ірі қаржы жымқыру фактісі» куәлер сөзі мен іс материалдары арқылы дәлделенгені де айтылған.

Апелляциялық алқа шешімін оқыған судья Алма Есімова «Үкімнің қалған бөліктері өзгеріссіз қалсын» деп қорытындылады. Сот залында әкелі-балалы Матаевтардың өздері болмады.

Азаттықтың сот залынан жасаған трансляциясы:

Матаевтардың адвокаттары апелляциялық арыздарында сот тергеуін қайта бастауды, куәлерден жауаптарды қайта алуды, экспертиза қорытындыларын істен алып тастауды, дәлел ретінде санамауды талап еткен еді. Адвокаттар Андрей Петров пен Мадина Бакиева апелляциялық сотта алғашқы сот істі жан-жақты қарамағанын, іс жүргізу тәртібін бұзғанын мәлімдеп, Матаевтардың мүлкін тәркілеу шешімін жоюды сұраған. Олар үкімде көрсетілген мүліктердің бір бөлігі Сейтіқазы Матаевтың әйелі Баян Рамазановаға тиесілі екенін айтқан.

Оқи отырыңыз: Сейітқазы Матаев - 6 жылға, Әсет Матаев 5 жылға сотталды

Судья айыпталушы тарап апелляциялық сот шешімімен келіспесе, Жоғарғы сотқа шағымдана алатынын мәлімдеді.

"ЖОҒАРЫДАН БЕРІЛГЕН ТАПСЫРЫС"

Сейітқазы Матаевтың жұбайы, сотта қоғамдық қорғаушы болған Баян Рамазанова Азаттыққа сот шешіміне шағымдана беретінін, істі БҰҰ-ға дейін жеткізетінін айтты. Ол "Қазақстан заңдары тек журналистерге, қарапайым азаматтарға ғана жүреді, ал уәждерді қабыл алмаған, тіпті жалған қорытынды жасаған тергеушілерге, соттарға, прокурорларға жүрмейді. Керісінше оларды сол үшін марапаттайды" деп мәлімдеді. Баян Рамазанова журналистерге:

- Менің ойымша, Қазақстан - полицейлік, феодалдық мемлекет. 21-ғасырға ешқандай қатысымыз жоқ... Жоғарыдан тапсырма берілді, оларды алаяқ деп жариялау керек болды. Бұл тапсырысты бергендер - заң шығарушы органда өте жоғары лауазым иелері, - деп мәлімдеді.

Бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде Сейтіқазы Матаев Қазақстан парламенті мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматуллиннің өзіне қысым жасағанын айтқан еді.

Қазанның 3-і күні Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болды.

Матаевтар сотында отырған "Қазақтелеком" компаниясы өкілдері. Астана, 9 желтоқсан 2016 жыл.
Матаевтар сотында отырған "Қазақтелеком" компаниясы өкілдері. Астана, 9 желтоқсан 2016 жыл.

Бұдан өзге, үкімде Матаевтардың жылжымайтын мүліктері (бірнеше пәтер мен жер телімдері), оның ішінде Ұлттық баспасөз клубы мен бірнеше көліктері тәркіленетіні айтылды. Матаевтар өздеріне тағылған айыптарды мойындамайды және істі "тапсырыспен жасалған" деп біледі.

Бұған дейін ЕҚЫҰ, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі, Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) Матаевтардың сотталуын айыптап, Қазақстан үкіметін барлық азаматтың ой-пікір еркіндігін білдіру құқығы мен заңды тұрғыдан қорғану құқығын құрметтеуге шақырған.

XS
SM
MD
LG