Accessibility links

Құқық қорғаушылар қамаудағы өзбек босқындарымен кездесті


Тимур Касымов, қамаудағы өзбек босқыны Аброр Касымовтың ұлы әкесінің суретін ұстап тұр. Алматы, 2 желтоқсан 2010 жыл
Тимур Касымов, қамаудағы өзбек босқыны Аброр Касымовтың ұлы әкесінің суретін ұстап тұр. Алматы, 2 желтоқсан 2010 жыл

Жұма, ақпанның 18-і күні құқық қорғаушылар Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторында жатқан екі өзбек босқынымен жүзбе-жүз сөйлесті. Бұл кездесуді «изоляторда жатқан өзбек босқындарының бірі қатты соққыға жығылды» деген ақпарат тарағаннан кейін Алматының әскери прокуратурасы ұйымдастырды.


Ақпанның 18-і күні Алматыдағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында жатқан екі өзбек босқыны – Аброр Касымов пен Маруф Юлдашевпен кездесу өтті. Кездесуге екі құқық қорғаушы мен Азаттық радиосының тілшісі ғана қатыстырылды. Оның өзінде, қатысушыларға өзімен бірге тек қағаз бен қалам алып кіруге рұқсат берілді.

Алматы қаласының әскери прокуратурасы ұйымдастырған кездесуге ҰҚК департаментінің тергеу изоляторы басшылығы, әскери және қалалық прокуратура өкілдері, адам құқығын қорғау бюросының қызметкері Денис Живаго мен адвокат Әсия Темірбекова қатысты.

Азаттық радиосына изоляторда жатқан өзбек босқыны Аброр Касымовтың әйелі хабарласып, күйеуінің соққыға жығылып, қабырғасы сынғаны жайлы хабарлаған еді. Алайда, бұл ақпаратқа құзырлы органдар жауап бермеген болатын. Өзбек босқынының әйелінің мәлімдемесінен кейін әскери прокуратура қозғалғанға ұқсайды.
Кездесуге қатысушылар оның сол жақ бүйрегі тұсында көгерген ізді көрді.

Кездесу барысында адвокат Аброр Касымовтың сырт киімін шешіп, денесін көрсетуді өтінді. Кездесуге қатысушылар оның сол жақ бүйрегі тұсында көгерген ізді көрді. Алайда, оның әйелі айтқандай емес, қабырғасы сынбаған болып шықты. Касымовтың өз сөзінше, әйеліне тек «қабырғам сынып қалған сияқты» деп айтқан. Себебі таяқ жегеннен кейін біразға дейін тыныс алуы қиындап, жата алмаған. Ал медициналық көмектен әдейі бас тартыпты, тіпті көгерген жерін изолятор басшылығына білдіртпеуге тырысқан көрінеді. «Өйткені көгерген орынды халықаралық құқық қорғаушыларға көрсеткім келді» дейді Касымов.
Денемдегі көгерген жерді халықаралық құқық қорғаушыларға көрсеткім келді.

Оның сөзінше, өзін ақпанның 3-і күні өзі отырған изолятордың кезекші-күзетшілері ұрып соққан. Алайда, кездесуде болған изолятор басшысы Касымовтың өзі жанжалдың туындауына жиі себепші болатындығын атап өтті. Қамаудағы босқынның денесіне зақым келгенін изолятор басшысы тек бірнеше күннен кейін, ол аштық жариялаған кезде білген.

«Біз оны сот-медициналық сараптама орталығына алып бардық. Ішкі органдарына УЗИ жасалды. Ешқандай сынық, сызат анықталмады. Бірақ ол қандай да бір ем-дом қабылдаудан бас тартып отыр, себебін түсіндірмейді», -дейді изолятор басшылығының өкілі.
Маргуба Худойберди-Ахунова, қамаудағы өзбек босқыны Аброр Касымовтың әйелі Азаттық радиосында. Алматы, 30 қараша 2010 жыл

Бас-аяғы бір сағаттан аса уақытқа созылған кездесу соңында, өзбек босқыны Аброр Касымов бірнеше талабын айтып үлгірді. Оның алғашқысы, өздеріне Франциядағы құқық қорғаушы Надежда Атаева мен Мутабар Тәжібаеваның келуін сұрады. Одан бөлек, сотқа қатысып, өзін қорғауға мүмкіндік беруді өтінді. Және өздерін басқа да 14 мұсылман босқыны отырған №1 тергеу изоляторына көшіруді талап етті.

Былтыр жазда Алматы полициясы «Мигрант» операциясы барысында 28 өзбек азаматын қамауға алған еді. Олар қазір Алматыдағы қамау изоляторында жатыр. Өзбекстанда террористік-экстремистік ұйымдарға қатысы бар деген күдікке іліккен бұл адамдар өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады.
XS
SM
MD
LG