Accessibility links

Жолдағы жөнсіздікті реттеуде камера да көмек


Жол полициясы. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
Жол полициясы. Алматы, 12 қыркүйек 2010 жыл.
Көлікке орнатылған камера (видеорегистратор) Ресей мен Қазақстанда өте танымал. Бірақ әзірге мұндай камераларға қатысты статистикалық мәліметтер жоқ.

КАМЕРАНЫҢ ҚАЖЕТТІЛІГІ

Камера арқылы жазылып интернетке түскен бейнежазбаларға барған сайын көптің қызығушылығы артып келеді. Көлікке орнатылған камера көлік алдындағы барлық көріністі жазып отырады. Осылайша ол жүргізушілерге өте керек құрал екенін іс жүзінде дәлелдеп шықты.

- Мен камераның бәріне қажет екенін айтып жүрмін. Камера талай мәрте ақшамызды қайтаруымызға көмектесті. Құдай сақтасын, бірақ кенеттен авария бола қалса немесе өрескел түрде жол жүру ережесі бұзылса, жүргізуші көлігіңізден айырылу-айырылмау мәселесі сөз болады. Егер жағдайдың бәрі камераңызға жазылса, ақшаңызды үнемдейсіз. Ресейде мұндай нәрсе ауадай қажет, - дейді Ресейдегі жүргізушілер құқығын қорғау комитетінің белсендісі Алексей Дозоров.

Жақында ғана оның камерасы жол полициясының негізсіз тоқтатып, айыппұл салуынан құтқарып қалған.

- Ол мені қызыл жарық жанып тұрғанда өтіп кетті деп айыптады. Мен «сізбен дауласқым келмейді, камерадан көрелік» дедім. Осы сәтте инспектор өзінің қателесуі мүмкін екенін айтты. Ол камераға қарауды да қиынсынған жоқ. Мұнан кейін кешірім сұрады де кетті, - дейді Алексей Дозоров.

Оның екі камерасы бар екен: бірі көлікке, екіншісі мотороллерге арналған. Бұл екі құрылғыға кеткен ақшасын ол баяғыда «өтеп алған».

Өткен жазда Мәскеудегі айналма жолдан өте бергенде оның көлігі басқа көлікке соғылған. Әуелі оған өзі кінәлі боп көрініпті. Сол үшін 30 мың рубль төлеуге міндеттенген. Бірақ сәлден соң жағдайды камерадан қарап отырып Дозоров соқтығысушы көліктің жүргізушісі кінәлі екенін дәлелдеген. Осылайша ол сынған мотороллері үшін 33 мың рубль (шамамен 1050 доллар) көлемінде компенсация алған.

АЛАЯҚТАРМЕН КҮРЕС

Камералар - негізсіз айыппұлдар мен шығындардан бөлек, алаяқтармен күресте де жүргізушілердің сенімді серігі.

Дозоровтың айтуынша, қазіргі кезде аварияны қолдан ұйымдастыратын алаяқтар пайда болған және олар топ болып жұмыс жасайды.

Осындай алаяқтық туралы YouTube-тағы танымал видеода алаяқ жүргізушіні қуып жетіп, көлігін әдейі оның алдына тоқтата қалады. Жүргізуші тоқтатам дегенше көліктің тұмсығы алаяқтың көлігіне кішкене соғылып үлгереді.

Алаяқ көліктен түсе қалып, жүргізушіге қоқан-лоққы жасай бастайды. Сәлден кейін ол жүргізушінің көлігінде оқиғаны жазып жатқан камераның барын біледі. Инспектор келгенше қашып кетуге тырысқан.

ВИДЕО: Жаяу жүргіншінің көлікке соғылуы



САҚ ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ЫНТАЛАНДЫРУ

Қазіргі кезде көлік жүргізушілері әртүрлі жол оқиғаларына қатысты бейнежазбаларды YouTube порталына жүктеп жатыр.

Жол полициясы қызметкері мен жүргізуші. Көрнекі сурет
Жол полициясы қызметкері мен жүргізуші. Көрнекі сурет
Ондағы кейбір видеоларда көлік камерасының жүргізушілерді түрме мен ақша бопсалау әрекеттерінен құтқарып қалғанын көруге болады. Мысалы, Теміртау бағытындағы жолда түсірілген бір роликте жаяу жүргінші тоқтамақшы болған көліктің арт жағына жабысқан. Осы кезде авария орнына сақшылар келіп, «зардап шегуші» жүргізушіден ақша талап еткен. Камераның арқасында жүргізуші өзінің кінәсіздігін дәлелдеп қалған.

Қазан айында Қарағандыда көліктің жаяу жүргіншіні басып кеткені туралы оқиға камераға түсірілген. Кінәлі жүргізуші жалма-жан оқиға орнынан қашып кетпек болып, өзге тағы екі машинамен соқтығысқан. Жолдың қарама-қарсы жағына өтіп кетіп, өзге бір машинамен соқтығысқан. Оқиға салдарынан төрт адам жарақат алып, кінәлі жүргузішінің өзі ауруханада қайтыс болды деп жазды Bnews.kz сайты.

Екі күн бұрын Алматыда да қарсы бағытқа шығып кеткен көліктің оқушы баланы жаяулар өткелінде соққаны басқа көліктің видеорегистраторына тіркелген еді.

ВИДЕО: Полицей мінген көлік баланы басып кетті



Бүгін ақпарат құралдары сол көлікті жүргізіп келе жатқан полицейдің жұмысынан шығарылғанын, ал оқушы баланың аман-есен екенін хабарлады.

Интернетке күн сайын жүктеліп жатқан осындай видеоларға барған сайын көптің қызығушылығы артып келеді. Ролик астында жазылған пікірлер де көп жағдайда жүргізушілер үшін өте пайдалы. Соның арқасында кейбір жүргузішілер камерасын көмекке жаратып, негізсіз айыппұлдардан аман қалады.

Қазақстанның жол полициясы жақында жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалысқан белсенді азаматтардың әрекеттерін қолдайтынын мәлімдеді.

Қараша айының басында «Казпотребнадзор» ұйымы жол ережесін бұзу фактілерін видеоға түсірген жүргізушілерді ақшалай түрде ынталандыру туралы ұсыныс айтқан. Бұл ұсыныстың іске асар-аспасы әзірге белгісіз.

(Мақаланы жазуда Азаттық тілшісі Том Бэлмфорттың материалдары пайдаланылды)
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG