Accessibility links

Әйелдің саясаттағы орнын орта таптың дамуымен байланыстырады


Қазақстан парламентінің мәжіліс сайлауынан кейінгі алғашқы пленарлық отырысы. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.
Қазақстан парламентінің мәжіліс сайлауынан кейінгі алғашқы пленарлық отырысы. Астана, 25 наурыз 2016 жыл.

Қазақстандық әйелдердің елдің саяси өміріне аз араласуының сырын кейбіреулер өмір салты мен ойлау ерекшелігімен байланыстырады. Енді бір пікір: олардың енжарлығы -орта тап болмауының нәтижесі.

Жуырда БҰҰ-ның Қазақстандағы үйлестірушісі Норимас Шимомур «Қазақстан әйелдері елдің саяси өміріне онша араласпайды» деп мәлімдеді.

Әйелдің белсенділігі
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:39 0:00
Жүктеп алу

Министр Тамара Дүйсенова (ортада) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 26 ақпан 2014 жыл.
Министр Тамара Дүйсенова (ортада) журналистерге сұхбат беріп тұр. Астана, 26 ақпан 2014 жыл.

Қазақстанда 17 министрдің екеуі ғана – әйел, олар: денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова. Мемлекеттік хатшы қызметінде Гүлшара Әбдіхалықова отыр. Бір әйел премьер-министрдің орынбасары, екеуі – премьер-министр кеңсесі басшыларының орынбасарлары, алтауы - вице-министр, алты әйел – жауапты хатшы, ал тоғыз әйел – облыс әкімдерінің орынбасарлары. Жаңадан шақырылған мәжілісте 26 әйел бар, сенаттың 47 депутатының үшеуі - әйел.

БИЛІКТІҢ «ЕР МІНЕЗДІЛІГІ»

Бірақ саясаттанушы Эдуард Полетаев биліктің сот және заң шығарушы буынында әйелдер жеткілікті деп санайды.

- Үкімет құрамының 50 пайызы әйелдерден жасақталмаса да, парламенттік биліктің 20 пайыздан астамы - әйелдер. Ал атқарушы билікте ер адамдар көп, бірақ елде «әйел әкім» деген ұғым мүлде жоқ. Меніңше, президенттік республиканың атқарушы билігіндегі адамдарға төзімділік сияқты ер адамға тән қасиеттер қажет, олар облыс, аудандарды аралауға шыдауы тиіс, - дейді Эдуард Полетаев Азаттыққа.

Саясаттанушының айтуынша, қазір елде гендерлік теңдік бар, билікке әйелдердің келу мәселесі біртіндеп шешіліп келеді, сондықтан уақыты жеткенде жағдай өзгереді. Полетаев «Проблема әлі бар, бірақ жағдай жақсарып келе жатқаны байқалады» дейді.

Тағы бір қазақстандық саясаткер Досым Сәтпаевтың пікірінше, Қазақстан әйелдердің саяси белсенділігі жағынан Қырғызстаннан артта қалды. Ол «ер адамдар әйелдерді саясатқа араластырмауға тырысады» деп санайды.

- Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырсақ, көрші Қырғызстан бұл жағынан көш бастап тұр, бұл мәселеде бізден көп озып кетті. Мысалы, президент болған Роза Отунбаева - Қырғызстанда жоғары қызмет атқарған әйел. Ал Қазақстан бұл жағынан бір саты төмен тұр. Екінші жағынан, феминист қыз-келіншектер қалаған қарқынмен болмаса да, кейінгі жылдары саясаттағы әйелдердің саны ептеп артып келеді, - дейді Досым Сәтпаев Азаттыққа.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Оның айтуынша, үкіметте ер адамдар көп, әкім әйелдер мүлде жоқ, бірақ бизнес саласында жағдай біраз тәуірлеу - елде талай бизнесвумен, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығы бар. «Бірақ әйелдерді Қазақстанның саяси өміріне тартқан жөн екенін көрсететін кез келеді. Әйелдерді жалақы төлеу жағынан да, қызметін өсіру жағынан да кемсіту бар екенін ешкім жасырмайды, сондықтан БҰҰ өкілі дұрыс айтады» деп түйіндейді қазақстандық саясаттанушы.

- Мұның себебі көп: мысалы, менталитеттік тәсіл, мәдени дәстүрлер бұрынғы советтік республикалардың көбіне ортақ. Саяси мәдениет, ер адам мен әйелдің рөліне қатысты дәстүрлі пікірлер орныққан Қазақстанда әлеуетті орта тап онша дамымаған. Ер адам үстем болса, әйел оған қаржылай тәуелді болады, - дейді Досым Сәтпаев.

ӘЙЕЛ ЖӘНЕ ДАҒДАРЫС

Саясаттанушы бала-шағасы мен жұмыссыз қалған күйеулерін әйелдер асыраған 1990-жылдардағы құбылысты «парадокс» деп атайды. Отбасының қаржыдан тарықпауының маңызы зор, ал әйелдердің арқасында, мысалы, олар коммерциялық бизнеспен айналысқандықтан, шаңырақ шайқалмай, жұрттың көбі дағдарыстан онша жадап-жүдемей шықты. Саясаттанушы «отбасын сақтап қалу тұрғысынан алғанда, 1990-жылдары әйелдердің рөлі біраз артты» дейді.

Қазақстан мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.
Қазақстан мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

Сәтпаевтың пікірінше, «қазір әйелдердің рөлі кеміген». Жағдай нашарлап, жұмыссыздар көбейіп бара жатқанын дағдарыс көрсетіп отыр. Ал мұндай кезде жұмыстан әуелі әйелдерді шығарады, бұл да маңызды жайт. Саясаттанушы «Қазақстанда әйелді көбінесе халықтың өсіп-өнуі үшін қажет құрал ретінде қабылдайды» деп есептейді.

- Жұмысқа әйелдерден гөрі ер кісілерді көбірек алады, өйткені әйел тұрмысқа шығып, декреттік демалысқа кетуі мүмкін, оның мүмкіндігі шектеулі. Мысалы, Скандинавия елдерінде ер кісілерге бала күтіміне арналған демалыс береді, ол жақта арнайы ережелер бар, әйелдерге мансабымен де, отбасымен де айналыса алатындай жағдай жасалған. Ал бізде әйел отбасы мен мансаптың бірін, яғни екі мүмкіндіктің бірін таңдауы тиіс. Кәсіби өсу жағынан әйелдердің өз амбициялары бар. Бірақ олардың жолында жасанды кедергілер көп, оларды бұл таңдауға ер адамдар мәжбүрлейді, - дейді Досым Сәтпаев.

ӘЙЕЛДЕР ПІКІРІ

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы президенті Бақытжан Төреғожина қазақстандық әйелдер саясатқа араласады және азаматтық белсенді позиция ұстанады деп санайды.

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы президенті Бақытжан Төреғожина.
«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы президенті Бақытжан Төреғожина.

- Мұқият қарасаңыз, оппозициялық ортадағы жетекшілердің көбі әйелдер екенін байқауға болады. Ал биліктегі ахуал өзгеше. Өкініше орай, саяси өмірде әлі күнге дейін советтік менталитеттің сарқыншағы қалған. Қоғамдық және саяси өмірге араласу үшін әйелдердің өздері белсенділік танытуға мәжбүр, - дейді Бақытжан Төреғожина Азаттыққа.

«Білім және мәдениет» телеарнасының журналисі Құралай Сатыбалдиева саясатта әйелдер санының аз болу себебін шығыс менталитетімен байланыстырады. Бірақ ол Орталық Азия аймағының өзге елдерінде тұратын әйелдермен салыстырғанда, қазақстандық әйелдер белсендірек екенін мойындайды.

- Бізде әлі талай депутат, әкім әйелдер шығады, көресіз - дейді Сатыбалдиева.

Мәжілістің экс-депутаты Светлана Романовскаяның пікірінше, мәжілісте де, үкіметте де, сенатта да әйелдер көп. Олар көптеген маңызды қызметтер атқарып, белгілі бір заңды талқылап, қабылдауға қатыса алады. Депутат коммерция саласында жүрген әйелдер де көп деп санайды.

Ақтөбе облысында тұратын Сәлима Атаманова. 20 наурыз 2016 жыл.
Ақтөбе облысында тұратын Сәлима Атаманова. 20 наурыз 2016 жыл.

Ал Ақтөбе облысында тұратын Сәлима Атаманова тұрақты жалақы төлейтін жұмысқа талай жылдан бері орналаса алмай жүргенін айтады.

- Қайда барсам да алмайды, жұмыс берушілер көбінесе ер кісілерді қабылдайды. Жалақыны да кем төлейтінін үнемі байқаймын. Қазақстанда әйелдерді құрметтемейді, олардың дәрежесі бір саты төмен. Меніңше, егер билікке әйел адамдар келсе, жағдай өзгерер еді. Әйелдің проблемасын әйел ғана түсінеді ғой, сондықтан оларды ер адамдардай емес тезірек шешер еді, - деді Сәлима Атаманова Азаттыққа.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG