Accessibility links

Қазақстанда билікте әйел неге аз?


"Нұр Отан" партиясының съезі. Ортада - президент Нұрсұлтан Назарбаев, оң жақта шетте тұрған - Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова. Астана. 11 наурыз, 2015 жыл.
"Нұр Отан" партиясының съезі. Ортада - президент Нұрсұлтан Назарбаев, оң жақта шетте тұрған - Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова. Астана. 11 наурыз, 2015 жыл.

Қазақстанда саяси-мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 10 пайыздан сәл асады. Бірақ жоғары лауазымды басшы қызметкерлер арасында олардың саны бұдан да аз.

«ОБЛЫС ӘКІМІ БОЛҒАН ӘЙЕЛ ЖОҚ»

Биыл сәуірдің соңында Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі қызметіне Нұргүл Мауберлинова, Ұлттық экономика вице-министрлері болып Дана Жүнісова мен Мәдина Жүнісбекова тағайындалды.

Әсіресе, екі вице-министрдің бір күнде тағайындалуы әлеуметтік желіде жиі талқыланған жайттардың біріне айналды. Facbook әлеуметтік желісін қолданушылардың кейбірі жаңадан тағайындалған вице-министрлердің салыстырмалы түрде жастығына назар аударса, журналист Айгүл Омарова «әйелдердің билік басына келгені дұрыс» деп санайтынын жазды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Айгүл Омарова «Қазақстанда әйел көп болғанымен билікте жүргендері аз» екенін айтады.

- Қазақстан «әлемнің дамыған елу елінің» қатарына кіргісі келсе, онда әйелдерді билікке көбірек тартуы керек. Еуропа елдерінің үкіметтеріндегі маңызды қызметтерді әйелдер атқарып отыр. Мемлекет басқаратындары да жетерлік. Қазақстанда премьер-министр, Сенат төрағасы, Мәжіліс төрағасы неге әйел болмауы керек? Мысалы, Қазақстанда әйелдер ешқашан облыс әкімі болып тағайындалған емес, - дейді ол.

Айгүл Омарова «облыс әкімі белгілі бір деңгейде өз бюджеті бар аймақтағы жоғары лауазым. Сол себепті ондай жауапты қызметті әйелдерге тапсыруға сенбейді» деп біледі. Ол сонымен қатар Қазақстан билігінде белгілі бір лауазымдарға көбіне әйелдер тағайындалатынына назар аударады.

Гүлшара Әбдіхалықова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезінде. Aстана. 27 қаңтар, 2011 жыл.
Гүлшара Әбдіхалықова Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезінде. Aстана. 27 қаңтар, 2011 жыл.

- Мысалы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі қызметіне көбіне әйел тағайындалады. Бірақ бұл халықтың әлеуметтік жағдайымен тікелей жұмыс істейтін министрлік, - дейді ол.

Айгүл Омарованың пікірінше, әйел адам қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті тез шеше алады, конфликтіге жол бермейді. Оған мысал ретінде көрші Қырғызстандағы тәжірибені келтіреді. «Құрманбек Бакиев биліктен тайдырылғаннан кейін Уақытша президент қызметін атқарған, биліктегі конфликтіні тоқтатып, өз еркімен қызметінен кеткен Роза Отунбаева – Орталық Азияда да әйелдердің жоғары билікті атқара алатындығының айқын мысалы» дейді ол.

«ӘЙЕЛ БЕЛСЕНДІЛІГІНЕ КЕДЕРГІ»

2000 жылдардың бас кезінде Павлодар облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақыт Түменова да Қазақстанда билікті әйелдерге тапсыруға сенбейді деген пікірде. 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қосылып, билікке оппозициялық көзқарасын айтқаннан кейін қызметінен алынған ол «әйел болған соң ғана қызметке тағайындау керек» деген көзқарас советтік кезеңдегі әлеуметтік топтарға бөлінетін квотаға ұқсайды» деп санайды. Түменованың ойынша, «әйелдер билікке келу үшін сайлау туралы заңды өзгерту керек».

- 1990 жылдары екі рет сайлауға қатыстым. Бір округтен екі әйел, үш ер адам бәсекелестік. Сонда екі әйел алға шықты. Ол кезде сайлауда әділдік бар болатын. Оның үстіне қазір азаматтардың өзін-өзі ұсыну құқығы жойылып жатыр. Бұл да әйелдердің азаматтық белсенділігіне кедергі, - дейді ол.

Бақыт Түменова «депутаттарды ғана емес, әкімдерді де толық мәнінде сайлау керек. Тек ашық сайлау болса ғана әйелдер билікке келе бастайды. Ал қазір билік кімді ұнатса соны тағайындайды» деп санайды.

- Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «сіз шаршаған сияқтысыз» деген сөзінен соң іле-шала қызметінен босатты. Дүйсенова облыс әкімінің орынбасары да болған, бірнеше министрлікті де басқарған адам. Министр ретінде бірнеше бастама көтерді. Сол бастамаларын жүзеге асыру үшін облыс әкімі қызметіне тағайындауға болатын еді. Бірақ оны партиялық жұмысқа жегіп қойды, - дейді ол.

Тамара Дүйсенова биыл ақпан айында министр қызметінен босап, "Нұр Отан" партиясының хатшысы болып тағайындалған еді.

ТЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезінде Тамара Дүйсенова журналистерге сұхбат беріп тұр. Шымкент, 5 сәуір 2017 жыл.
ТЕңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі кезінде Тамара Дүйсенова журналистерге сұхбат беріп тұр. Шымкент, 5 сәуір 2017 жыл.

Қоғам белсендісі Ерлан Қалиев «Қазақстанда гендерлік саясат жемісін беріп жатыр» деген ресми мәлімдемелерге сенбейтінін айтады. Оның сөзінше, «әйелдерді жоғары қызметке тағайындау арқылы билік шет мемлекеттерге өзін әйел құқығын сақтайтын ел ретінде көрсеткісі келеді».

- Бірнеше вице-министр әйелдерден тағайындалды. Олар көптің ішінен іріктеліп, сайланған әйелдер емес, - дейді ол.

Қалиевтің пікірінше, «мәселе әйел немесе ер адам болуында емес. Өйткені, билікте отырғандардың барлығы – тапсырманы орындаушылар ғана».

- Әйелдерді жоғары қызметке көбірек қоюға мүмкіндік бар. Парламентте қазіргі облыс әкімдерінен кем түспейтін әйелдер бар. Бірақ әйел бастық қойғаннан өзгеріс болады деп айта алмаймын, - дейді Ерлан Қалиев.

БИЛІКТЕГІ ӘЙЕЛДЕР ҮЛЕСІ

Қазақстанда отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 1998 жылы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссия құрылған. Комиссияға жоғары қызметте жүрген және қоғамдық ұйымдарда қызмет ететін әйелдер кіреді.

Комиссияның хатшылық қызметі өздерінде бар статистикалық мәліметтермен бөліскенімен басшылықтың рұқсатынсыз Азаттық тілшісіне қандай да бір пікір айтудан бас тартты. Ол мәліметтерге қарағанда, қазір Қазақстан парламентіндегі депутаттардың 22 пайызы – әйелдер, яғни 2011 жылы мерзімінен бұрын тараған парламент құрамына қарағанда екі есеге көбейген. Ал барлық деңгейдегі мәслихаттардың құрамында әйелдердің саны 22 пайызға жеткен. «Қазақстан бұл межені 2030 жылы 30 пайызға жеткізуді көздеп отыр» дейді комиссия хатшылығы.

Хатшылық ұсынған статистикалық деректер бойынша, 2017 жылы саяси-мемлекеттік қызметкерлер арасындағы әйелдердің үлесі 10,1 пайызды құраған. Оның ішінде «А» корпусындағы мемлекеттік әйел қызметкерлердің үлесі 14,8 пайыз, «Б» корпусында – 55,9 пайыз болған.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген кездесуге келген адамдармен сөйлесіп тұр. Астана. 7 наурыз, 2013 жыл.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық әйелдер күніне орай өткізілген кездесуге келген адамдармен сөйлесіп тұр. Астана. 7 наурыз, 2013 жыл.

Бұл деректер бойынша елдегі облыс әкімдерінің орынбасары қызметіндегі 80 адамның 9-ы әйел. Қазақстан бойынша 201 аудан әкімінің бесеуі - әйел. Республикада аудан әкімінің орынбасарларының саны 600-ге жетеді. Оның 87-сі әйелдер. 2389 ауыл және кент әкімдерінің 348-і әйел.

Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар Астана мен Алматы қалаларында әйелдерден әкім тағайындалмаған.

Қазақстан 2009 жылы желтоқсанда «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» арнайы заң қабылдаған.

2009 жылы жүргізілген ұлттық санақ бойынша, Қазақстанда ер адамдар саны 7 млн. 722,8 мың, әйелдер – 8 млн. 282,0 мың болған. Статистика комитетінің биылғы есебінде Қазақстандағы халық саны 18 миллион 195 мың адамға жеткені айтылған.

XS
SM
MD
LG