Accessibility links

Айыппұл төлемеген баптистің еркіндігі шектелді


Мінәжат кезінде христиан кітабынан діни әннің мәтінін оқып тұрған адам. Фотография Қазақстанда түсірілген. (Көрнекі сурет)
Мінәжат кезінде христиан кітабынан діни әннің мәтінін оқып тұрған адам. Фотография Қазақстанда түсірілген. (Көрнекі сурет)

Сот көшеде христиан баптистердің кітаптарын таратқаны үшін салынған айыппұлды төлемегені үшін Ақмола облысындағы Запорожье ауылы тұрғыны Юрий Беккердің еркіндігін бір жылға шектеуге үкім кесті. Қазақстан заңдарына сәйкес, діни әдебиетті билік бөлген арнайы орындарда ғана таратуға болады. Беккер жазығым жоқ деп санайды әрі "ар-ұжданыма сай әрекет еттім» дейді.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚУДАЛАУҒА ҰЛАСҚАН АЙЫППҰЛ

2015 жылғы қыркүйекте 53 жастағы Юрий Беккерді Қостанай облысы Арқалық қаласында діни кітаптар таратып жүрген кезде полиция ұстаған. Евангелие христиан баптистер шіркеулерінің халықаралық одағына қарасты араша түсу бөлімінің хабарлауынша, ол Құдайдың шапағаты туралы уағыз айту үшін Арқалыққа "бір топ бауырлармен" барған. Олар базар маңында жүріп, адамдармен сөйлесіп, "Өмір туралы сөз", "Ең маңызды ақиқат" («Слово жизни», «Самые важные истины») сияқты кітапшалар мен трактаттар таратқан. Оларды полицейлер ұстаған әрі кітаптарын тәркілеген, ертеңінде де көліктерін тоқтатып, бүкіл діни кітаптарын тартып алған.

Діни кітаптар таратқаны үшін былтыр наурызда Юрий Беккер мен қауымның тағы бір мүшесі екеуінің әрқайсысына 74 235 теңгеден (213 доллар) айыппұл салып, сараптама жүргізуге жұмсалған 13 197 теңге (38 доллар) шығынды төлеуге міндеттеген.

2016 жылғы қарашада айыппұлды төлеуден бас тартқан Юрий Беккерді Жақсы аудандық соты әкімшілік кодекстің 669-бабы талабын бұзды деп танып, "сот үкімін, сот шешімдерін немесе өзге сот актісі мен атқару құжатын орындамағаны" үшін 21 210 теңге (61 доллар) көлемінде айыппұл, ал биыл шілдеде оның жылжымайтын мүлкіне қамау салған.

Биылғы қазанның 31-інде Ақмола облысының Жақсы аудандық соты Юрий Беккерді "заңды күшіне енген сот актісі мен жазаны орындау құжатын орындамады" (Қазақстан қылмыстық кодексінің 430-бабы, 1-бөлімі) деп айыптап, оның еркіндігін бір жылға шектеді.

Сот үкімінде Юрий Беккер "бір жылға пробациялық бақылауға" алынады, бұған қоса, ол мамандандырылған мемлекеттік органға ескертпей тұрақты тұрып жатқан орнын өзгертпеуі, жұмысын ауыстырмауы тиіс, оның түрлі ойын-сауық жиындарға баруына тыйым салынады деп жазылған. Бұл талаптарды бұзған жағдайда Беккердің жаза мерзімінің қалған бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруы мүмкін.

Үкім кескен судья Ғалия Бақтығұловамен сөйлесудің сәті түспеді. Ақмола облысы Жақсы аудандық соты канцеляриясы мен қабылдау бөлмесінде телефон тұтқасын ешкім көтермеді.

"ЖАЗЫҒЫМ ЖОҚ"

Юрий Беккер Арқалық қаласынан 200 километр жерде орналасқан, халқының саны екі мың тұрғынға жетпейтін Запорожье ауылында тұрады. Әйелі, баласы бар. Беккер кәсіпкерлікпен - түсті және қара металл алып-сатумен айналысады.

Бірақ айыппұл төлесем, кінәлі болғаным ғой, ал мен кінәлі емеспін. Құдайдың "әлемді аралаңдар, Інжілді уағыздаңдар» деген өсиетін орындап, ожданыма сәйкес әрекет еттім деп санаймын. Құдай сөзін тәрк ете алмаймын.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Юрий Беккердің айтуынша, ол өзін жазықсыз санайды, сондықтан айыппұлды төлеуден бас тартқан, бұл пікірін әлі де өзгертпейді. Бұған қоса, оның сөзінше, билік жүргізген сараптама олар таратқан діни кітаптардың мазмұнынан заңға қайшы ештеңе таппаған. Ол екі жыл бұрын Арқалықта "Иса пайғамбар – тағдырымыз" ("Иисус — наша судьба") кітаптарын, әлемді құтқару туралы трактаттар, Иоаннаның Інжіл кітабын таратқанбыз деп түсіндіреді.

- Олар төлей салыңыз, сонымен болды деген болатын. Бірақ айыппұлды төлесем, мен кінәлі болғаным ғой, ал мен кінәлі емеспін. Мен Құдайдың "бүкіл әлемді аралаңдар, Інжілді уағыздаңдар» деген өсиетін орындап, ар-ұжданыма сәйкес іс жасадым деп санаймын. Құдайдың сөзін тәрк ете алмаймын. Олардың өз заңдары, ал біздің өз заңдарымыз бар. Сондықтан біз онша қатты таңданбаймыз, - дейді Юрий Беккер.

"Құдай заңдарын" мемлекет заңдарынан жоғары қоятын көзқарастары тіркеу талаптарына қайшы деген уәжбен Қазақстан мемлекеттік органдарында Евангелие христиан баптистері қауымын тіркеуден бас тартқан.

Юрий Беккер "тағдырымды Құдайдың еркіне салдым, соған ғана сенім артамын" дейді.

"БІРІНШІ ОҚИҒА"

Евангелие христиан баптистері шіркеуінің қызметшісі Юрий Руденко Азаттыққа айыппұл төлемеген діндарлардың үстінен бұрын да істер қозғалған, бірақ Беккер – қылмыстық жауапқа тартылған бірінші «бауырымыз» дейді.

Шіркеу қызметшісі "діндестерім тыйым салынған әдебиеттерді таратпайды әрі кітаптарымызда әлдебір заңсыз әрекеттерге немесе араздықты қоздыруға шақыратын үндеулер жоқ" дейді. Руденконың айтуынша, қауым соттың Беккерге қатысты үкіміне шағымданбақ.

Әдетте біз айыппұлды өз еркімізбен төлемейміз, өйткені бұл кінәңді мойындау дегенді білдіреді. Ол [Беккер] әлгі үкімді сол себепті орындамаған. Бізде бәрі солай істейді, яғни айыппұлды төлемейді.

- Әдетте біз айыппұлды өз еркімізбен төлемейміз, өйткені бұл кінәңді мойындау дегенді білдіреді. Ол [Беккер] әлгі үкімді сол себепті орындамаған. Бізде бәрі солай істейді, яғни айыппұлды төлемейді. Олар сот орындаушыларына береді, ал олар зейнетақы немесе жалақы болса, айыппұл сомасын ұстап қалады - сонымен бітті, немесе мүлкін тәркілейді. Бірақ біз қашпаймыз, тығылмаймыз, алдамаймыз, шақырту қағазы келсе барамыз. Тек өз еркімізбен төлемейміз, - дейді Юрий Руденко.

ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУ

Қазақстанда діни кітаптарды тек діни ғимараттарда, жергілікті билік белгілеп берген арнайы орындарда және діни оқу мекемелерінде ғана таратуға рұқсат етіледі. "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заңға сәйкес, бұдан өзге орындарда діни кітаптарды таратуға тыйым салынған. Тыйымды бұзғаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Егер діни сараптама кітап мазмұнынан экстремистік идеялар тапса, оны таратқан адам қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Биыл тамызда АҚШ-тың мемлекеттік департаменті әлемдегі діни еркіндік туралы есебінде Қазақстанда "дәстүрлі емес діндерді" қудалау күшейіп келе жатқаны байқалады деп көрсеткен. Бұған қоса, есепте былтырғы жылдың аяғында қабылданған "Қазақстанның кей заң актілеріне экстремизм мен террорзимге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен түзетулер енгізу" туралы заң дін еркіндігін тіпті шектей түсті деп көрсетілген.

Бұл заңда діни әдебиеттерге қойылатын талаптар күшейтілген. Мысалы, кітаптарды (жеке пайдалануға арналған бір данадан өзгесін) "діни сараптаманың оң ұйғарымын алғаннан кейін тіркелген діни бірлестіктер ғана әкеле алады" делінген. Заңға сәйкес, діни кітаптарды сараптама оң ұйғарым бергеннен кейін ғана әзірлеп, шығаруға және таратуға болады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG