Accessibility links

«Аңыз адам» редакторына әкімшілік іс қозғалды


«Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының шығарушысы, әрі редакторы Жарылқап Қалыбай.
«Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының шығарушысы, әрі редакторы Жарылқап Қалыбай.

Гитлер туралы даулы нөмір шығарған журнал редакторы қылмыстық жазаға тартылмайтын болды, бірақ оның үстінен жаңа әкімшілік іс қозғалды.

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының шығарушысы, әрі редакторы Жарылқап Қалыбай өзіне қатысты Алматы қалалық ішкі істер департаментінің әкімшілік басқармасы «іс қозғағалы жатқанын» хабарлады. Шілденің 3-і күні оның сөзін Азаттыққа Алматы қаласының ішкі істер департаменті растады.

«ТАҒЫ ДА ТЕРГЕУ»

Жарылқап Қалыбайдың айтуынша, оның үстінен әкімшілік іс қозғауға Алматы қаласы ішкі істер департаменті жасаған сот-психологиялық-филологиялық сараптама себеп болған.

«Сот сараптамасы бойынша қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ екені көрсетілген, бірақ сараптамада «Гитлер фашист емес» дейтін мақалада «экстремизмді ақтау белгілері бар» деген тұжырым бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартуды көздеп отыр, жақында тергеуге шақыратыны хабарланды» дейді Жарылқап Қалыбай.

"Аңыз Адам" журналының Гитлерге арналған саны газет-журнал сататын орында тұр. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.
"Аңыз Адам" журналының Гитлерге арналған саны газет-журнал сататын орында тұр. Алматы, 18 сәуір 2014 жыл.

Биылғы сәуір айында «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналы Германиядағы нацизм жетекшісі болған Адольф Гитлер туралы мақалалар топтамасын жариялап дауға қалған еді. Алматылық бір топ екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері журнал редакторының үстінен сотқа шағым түсіріп, «Гитлерді дәріптегені үшін» одан моральдық шығын төлеуді талап еткен. Жарылқап Қалыбай аталмыш нөмірінде Гитлердің «қанқұйлы саясатын» қазақ аудиториясына жан-жақты сараптап көрсетпек болғанын, оны дәріптеуге шақырмағанын айтумен келеді. Маусым айында Алматының Алмалы аудандық соты Жарылқап Қалыбайды ардагерлерге 13 миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеген. Осы сот процесінде жауапкер Жарылқап Қалыбайдың өтінішімен судья Әсет Боранбаев Алматы қалалық ішкі істер департаментінен журнал нөмірінің мазмұнына қатысты сот-психологиялық-филологиялық сараптама алдырған болатын. Бұл сараптама Қалыбайдың жағдайын жеңілдетпей, керісінше оның үстінен жаңа әкімшілік іс қозғалуына түрткі болған сияқты.

«Сараптамадағы қорытындылар біріне-бірі қайшы келеді. Тергеу орындары қылмыстық жауапкершіліктен босатқанымен, мені қайткенде әкімшілік жауапқа тартуды көздейтін сияқты» дейді Жарылқап Қалыбай.

«ЭКСТРЕМИЗМДІ АҚТАУ БЕЛГІЛЕРІ БАР»

Азаттық тілшісі көрген Алматы қалалық ішкі істер департаментінің сараптамасында «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған сәуір айындағы нөміріне қатысты қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы қаулы қабылданғаны айтылған.

"Аңыз Адам" журналының Гитлерге арналған санының бір парағы.
"Аңыз Адам" журналының Гитлерге арналған санының бір парағы.

​Аға тергеуші Н.Н. Чакемовтің сараптама бойынша жасаған қорытындысы бойынша «Адольф Гитлерге қатысты мақалаларда әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыру, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімін қорлау белгілері, сондай-ақ азаматтардың діни көзқарасына, ұлттық, рулық, немесе нәсілдік белгілері бойынша олардың айрықшылығын, артықшылығын немесе кемшілігін айтатын сөздер, сондай-ақ экстремизмді насихаттау немесе экстремизм актісін жасауға жария түрде шақыру белгілері жоқ».

Алайда сараптаманың жалғасында «Адольф Гитлер фашист емес» дейтін мақалада экстремизмді ақтау белгілері бар» деп көрсетілген.

Осыған орай аға тергеуші Н.Н. Чакемов «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналына қатысты құжаттарды әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 2-бөлігі бойынша іс қозғау мәселесін шешу үшін Алматы қаласы ішкі істер департаментінің әкімшілік басқармасына жолдайтынын хабарлаған.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің әкімшілік басқармасының аты-жөнін жарияламауды өтінген өкілі аталған бап бойынша Жарылқап Қалыбайдың үстінен әкімшілік іс қозғалып, істің Алмалы аудандық ішкі істер бөліміне жолданғанын, әрі қарай әкімшілік сотқа баратынын растады.

Биылғы сәуір айындағы нөмірін Адольф Гитлерге арнаған «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам» журналы осыған дейін екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді.

"Аңыз адам" журналының сотына келген ақпарат құралдары. Алматы, 11 мамыр 2014 жыл.
"Аңыз адам" журналының сотына келген ақпарат құралдары. Алматы, 11 мамыр 2014 жыл.

Мамыр айының 11-і күні Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Алматы қаласы әкімдігі ішкі саясат басқармасының талап арызы бойынша, «Отбасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) мен оған қарасты «Жұлдыздар отбасы – Аңыз адам», «Жұлдыздар отбасы» және «Жұлдыз жорамал» журналарының бас редакторы Жарылқап Қалыбайға жиыны 120 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған. Ол кезде редактор Гитлер жайлы қарама-қайшы мақалалар шыққан журналдың «тіркеу деректерін көрсетпегені үшін» жазаланған еді.

Ал маусымның 30-ына аяқталған Алматының Алмалы аудандық соты Жарылқап Қалыбайды «Аңыз адам журналы Гитлерді мадақтап, фашизмді насихаттағаны үшін қорланған» 13 соғыс ардегірінің әрбіріне бір миллион теңгеден моралдьдық өтемақы төлеуге және жария түрде кешірім сұрауға міндеттеген болатын.

«Жұлдыздар Отбасы – Аңыз адам» журналының Адольф Гитлерге арналған нөмірі биыл сәуір айының ортасында жиі талқыланып, Ресей сыртқы істер министрлігінің реакциясын тудырған еді. Қазақстанның сыртқы істер министрлігі «Аңыз адам» журналының Адольф Гитлер туралы нөмір шығаруын «мүлдем орынсыз және өрескел жайт» деп санаған. Сәуірдің 21-і күні Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында ауған соғысы ардагерлері мен өздерін НОД (ұлттық азат ету қозғалысы - ред.) деп атаған ұйымның НКВД мен совет әскері киімін киген ондаған белсендісі осыған қатысты наразылық акциясын өткізіп, журнал санын өртеген болатын. Бұл оқиғадан соң Жарылқап Қалыбайдың «жазықсыздығын» айтып жүзден астам белсенді Қазақстан президентіне арыз жазып, сотта куәлік беріп, әлеуметтік желілерде оны қолдау топтары пайда болған еді.

XS
SM
MD
LG