Accessibility links

Шенеуніктердің қымбат көлігін іздеу


Зеленов ауданы 24, 5 миллион теңгеге сатып алған Toyota Land Cruiser 200 көлігі. Батыс Қазақстан облысы.
Зеленов ауданы 24, 5 миллион теңгеге сатып алған Toyota Land Cruiser 200 көлігі. Батыс Қазақстан облысы.

Батыс Қазақстан облысының журналистері аудандық әкімдікке тиесілі, бірақ белгісіз себеппен бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне ауысқан жол талғамайтын көлікті бірнеше ай бойы іздеді. Джиптің өзін шенеуніктер ұзақ уақыт журналистерге көрсете алмады.

Ресми деректер бойынша, Батыс Қазақстан облысының (БҚО) Зеленовс ауданының әкімдігі 2017 жылы ауыл әртістеріне арнап джип сатып алады. Алайда бірнеше айдан соң көлік облыстық әкімдіктің қарауына өтеді, кейін ішкі істер департаментіне барады, ол жерде «өндірістік қажеттіліктерге пайдаланамыз» деген көмескі дәлел айтылды.

АУЫЛ ӘРТІСТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДЖИП

Бір жыл бұрын «Уральская неделя» газетінің журналистері tenderplus.kz мемлекеттік сатып алулар сайтына мониторинг жасап отырып, аймақтағы ең қымбат қызметтік көлікті (құны 24,5 миллион теңге) Зеленов ауданының әкімдігі алатынын байқайды. Автокөліктің техникалық талаптары Toyota Land Cruiser 200 жол талғамайтын қымбат көліктің сипаттамаларына толық сай келеді.

Қарапайым аудан әкімдігіне соншалықты қымбат көліктің не үшін керектігін білу үшін газет редакторы Лұқпан Ахмедияров Зеленов ауданы әкімінің блогына сұрау салады (2017 жылдың ақпанында аудан әкімі Кәрім Жақыпов болатын, қазір ол БҚО Теректі ауданының әкімі - Азаттық).

Зеленов ауданы әкімдігі сатып алған Toyota Land Cruiser 200 көлігінің салоны. Батыс Қазақстан облысы.
Зеленов ауданы әкімдігі сатып алған Toyota Land Cruiser 200 көлігінің салоны. Батыс Қазақстан облысы.

Әкімдіктің жауабы бірнеше күннен соң жарияланды. Онда «аталған баға санаты мен класына жататын автокөлікті алу туралы шешім «Демалыс орталығы» МКҚК іс-әрекетімен байланысты, олар аудан, облыс және Ресей Федерациясының шекаралық аудандарына шығу мақсатында қажет етті» делінген.

Ресми жауапқа сүйенсек, аудан әкімі Кәрім Жақыпов сол кезде мемлекеттік нөмірі 040 WK 07 Toyota Land Cruiser Prado 150 маркалы сәл «жұпынылау» көлікпен жүрген екен. Әкімдік хабарламасы бойынша, «соңғы 15 жылда аудан әкімдігіне жаңа қызметтік және кезекші көлік алуға қаржы бөлінбегендіктен, автопарк техникалық тұрғыда ескірген... Ескі автокөлікті пайдалану тиімсіз болғандықтан мемлекеттік мекемелер мен Зеленов ауданының әкімдігі ұйымдарына автокөлік алуға қаржы бөлу туралы шешім қабылданған».

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, джипке қатысты жағдай біртүрлі көрінеді, себебі «бұған дейін ешкім қарапайым аудан әртістерінің жол талғамайтын көлікпен жүргенін» көрмеген, сондықтан бір жылдан соң «Уральская неделя» журналистері джиптің қайда екенін анықтауға тырысады.

– Машинаны сатып алған соң Переметныйдағы (Зеленов ауданының орталығы - Азаттық) таныстарым демалыс орталығы емес, аудандық әкімдік қасында тұрған жаңа автокөлікті көреді, - дейді Лұқпан Ахмедияров. – Биыл таныстарымыз джипті көрмегені біраз болғанын айтты. Бірақ бұл - көзге бірден шалынатын көлік, БҚО мемлекеттік мекемелерінде қолданыста жүрген жалғыз Land Cruiser 200. Содан соң біз оны мақсатты түрде іздей бастадық.

VIP-ТҰЛҒАЛАРҒА АРНАЛҒАН ДЖИП

Жол талғамайтын қымбат көлікті іздеу үшін журналистер Зеленов ауданының орталығына барып, сол жердегі демалыс орталығы және аудандық мәдениет бөлімі басшысымен кездеседі, олар көлікті өздерінен әлдеқашан алып кеткенін айтып, аудандық әкімдікке хабарласуларын сұрайды.

Зеленов ауданының экономика бөлімінде джип туралы ақпаратты растады: машина ауданда екі ай тұрған соң оны қалалық әкімдік алып кеткен. Аудандық шенеуніктер оның қазір қайда екенін білмейді. Сондықтан журналистер БҚО қаржы басқармасына аттанады.

Сол жердегілер жоғалған көлікке қатысты былай дейді: «Аудандық әкімдік мемлекеттік нөмірі 284АО07 Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін басшылықпен келіспей сатып алғандықтан оны алып, облыстық коммуналдық меншікке беріп, кейін ресми делегациялар келгенде пайдалану және басқа да өндірістік қажеттіліктерді шешу туралы шешім қабылданды».

Оған мекеме «аталған көлікті басқарма жалға бермегенін айтты».

- Ең қызығы: облыстық қаржы басқармасы басшысы, Зеленов ауданының экономика бөлімінің басшысы және демалыс орталығы басшыларынан: «Бізге джипты көрсетіңіз» деп сұрадық. Олардың ешбірі қазір оның қайда екенін айта алмады. Ал облыстық қаржы басқармасы басшысы (Дулат Имашев): «Джиптың қайда екенін білмеймін» деді, - дейді Лұқпан Ахмедияров.

ПОЛИЦИЯЛАРҒА АРНАЛҒАН ДЖИП

Джип кейінірек кездейсоқ Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті маңынан көзге түсіп қалды. Полиция қызметкері Ербол Әлімбекеров Азаттық пен «Уральская неделя» журналистеріне ішкі істер департаментінің гаражында тұрған қара түсті Toyota Land Cruiser 200 автокөлігін көрсетті. Көлікті фотоға түсіруге рұқсат етті, тіпті тіркеу куәлігін көрсетті (полицияның кезекші қызметкері құжатты қолға ұстатпады, қабылдау бөлмесінің терезесінен ғана көрсетті).

Полиция қызметкері Toyota Land Cruiser 200 көлігінің тіркелгені туралы құжатты көрсетіп тұр.
Полиция қызметкері Toyota Land Cruiser 200 көлігінің тіркелгені туралы құжатты көрсетіп тұр.

Алайда көліктің мемлекеттік нөмірі (0052 07) бастапқы нөмірге (284 АО 07) сай келмеді. Сол күні журналистер көліктің нөмірі неліктен өзгергенін біле алмады. Азаттық тілшісімен сөйлескен Ербол Әлімбекеров «полиция қызметінің гаражында тұрған автокөліктердің барлығы ішкі істер департаментіне қарайтынын» айтты.

Екі аптадан соң ғана полиция қызметкерлері осы ақпаратты растады: Ішкі істер департаменті басшысының орынбасары Талғат Ахаевтың ресми хатында «мемлекеттік нөмірі KZ 0052\07 Toyota Land Cruiser 200 көлігі Батыс Қазақстан облысының ішкі істер департаментінің балансында тұр» делінген. «Динамикалық сипаттамасы жоғары және өтімділігі жоғары аталған көлік құралы өндірістік қажеттіліктер мен қызметтік қажеттілікке қолданылады» деп жазылған хатта.

ҚОҒАМҒА АРНАЛҒАН ДЖИП

«Уральская неделя» апталығының редакторы Лұқпан Ахмедияров джипке қатысты жағдай қоғамдағы өзгерістің біртіндеп болатынын көрсетті дейді: осы джип арқылы көбіне көзделген мақсатқа жұмсалмайтын бюджеттік шығынның негізділігі туралы мәселе қойылды.

Батыс Қазақстан шенеуніктері бұған дейін де қымбат көлікке қатысты көзге түскен болатын.

- Біздің ойымызша, осы қымбат көлікті сатып алу – бюджеттік қаржыны мүлдем негізсіз пайдалану болып саналады, мемлекеттік сатып алулардың заңдылығы туралы мәселе туындайды,- дейді Ахмедияров. – Осы джипті мысалға ала отырып билікті бақылайтынымызды көрсеттік. Бір жылдан соң оған қайта оралып, мемлекеттік сатып алу туралы ұмытпағанымызды ескерттік. Журналистер осылай билікті бақылап, біздің салығымызды олардың қалай жұмсайтынын қоғамға көрсетуіміз керек.

Батыс Қазақстан шенеуніктері бұған дейін де қымбат көлікке қатысты көзге түскен болатын. Былтыр «Уральская неделя» журналистері БҚО әкімі Алтай Көлгіновтің құны 56 миллион теңге тұратын Audi A8 L бизнес-класс автокөлігімен жүретінін анықтады.

Облыстық әкімдік бұған берген жауабында «Audi маркалы көлікті тест-драйв шартымен айына 50 мың теңгеге алып, кейінгі айларда төлемді 250 мың теңгеге создырғаны» туралы және «бұл шығынның жаңа көлік сатып алғаннан әлдеқайда төмен екенін» айтқан еді.

Алайда Батыс Қазақстан облысының әкімдігі автопаркты жаңа автокөліктермен және бағасы қымбат джиптермен толтырып жатыр. Мемлекеттік сатып алулар сайтында жазылғандай 2018 жылы әкімдік 16 автокөлік алуды жоспарлап отыр (оның ішінде сегіз бизнес-класс көлік пен жол талғамайтын жоғары үш джип бар) және қала орталығында 3880 шаршы метр аумақты алатын гараж салмақ. Шығынның жалпы сомасы 78 628 571,43 теңгені құрайды.

ВИДЕО: Үкімет үйі маңындағы көліктер.

Шенеуніктер көлігі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:48 0:00

XS
SM
MD
LG