Accessibility links

Белсенділер Жаңаөзеннің 100 күндігін еске алуға шақырды


Жаңаөзенде қайтыс болған азаматтар туралы прокуратураның хабарландыруы жарияланған "Жанаозен" (21 қаңтар 2012 жыл) газеті.
Жаңаөзенде қайтыс болған азаматтар туралы прокуратураның хабарландыруы жарияланған "Жанаозен" (21 қаңтар 2012 жыл) газеті.

Алматыда бас қосқан қоғам белсенділері «әлеуметтік араздықты қоздыру туралы бапты билікке қолдану керек» деген ұсыныс айтып, 24 наурызды «Жаңаөзенді жалпыхалықтық еске алу» күні ретінде атап өтуге шақырды.


Наурыздың 24-інде Жаңаөзен оқиғасына 100 күн толады.

Бүгін Алматыда «Алға» оппозициялық партиясының дөңгелек үстелінде бас қосқан азаматтық қоғам белсенділері сол оқиғаны талқылап, тергеу барысын сөз етті.

ЕСКЕ АЛУ КҮНІ

«Еліміздің барлық қалалары мен ауылдарындағы бас алаңдарда бір мезетте күндізгі сағат 12.00-де жалпыхалықтық еске алу күнін өткізуге – бір минут үнсіздік жариялап, мезгілсіз қаза болғандардың аруағына Құран бағыштауға шақырамыз» деп жазды белсенділер жиынның қарарына.

Жиналғандар «17 адамның қазасына байланысты қаралы күнді осыған дейін жариялауы тиіс еді, алайда олай жасаған жоқ» деп билікті сынады.

«...Билік мұнымен қазақтың қасиетті дәстүрін бұзды. Қайтыс болған адамның туыстарына көңіл айтпау – ұят қылық, намысқа сын. Бұл адамгершіліктің ежелгі дәстүрі, жақындарға қамқор болу, қайғыны тең бөлу, халықтың бірлігі, бізге ата-бабамыздан мирас болып қалған жүз жылдық дәстүріміз – ешкім бұзуға қақысы жоқ заң болып табылады» дейді қарар.

Қарар авторлары наурыздың 24-і күні «бүкіл елде ұлттық байрағымыз түсіріліп, мемлекеттік мекемелердің төбесіне қаралы қара туды іліп, азаматтарға қаралы күн белгісі ретінде кеуделеріне қара лента тағуды ұсынамыз» дейді.

Қарар «қазақтың салты бойынша тойға келмеуге де болады, ал жерлеу мен еске алуға әркім келуге міндетті!» деп аяқталады.

«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН АДАМЗАТҚА ҚАРСЫ ҚЫЛМЫС»

Жиында сөз алған саясаткер Жасарал Қуанышәлин «Жаңаөзен оқиғасы қазақ тарихындағы қара әріппен жазылатын оқиға» екенін айта келе «сондықтан әділ тергеу өтіп, оған жауапты адамдар жазасын алуы керек» деді.

Жаңаөзен оқиғасын тергеу барысында бірқатар қоғам және оппозиция
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.
белсенділеріне «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылғаны да жиында айтылды.

– Әлеуметтік араздықтықты қоздырған Владимир Козлов, Серік Сапарғали, Айжангүл Әмірова немесе оппозицияның басқа мүшелері емес. Әлеуметтік араздықтың қоламтасын қоздатқан – жеті ай бойы жұмыс берушілерді үнсіз жақтап, мұнайшылар ереуілін заңсыз деп атаған билік. Ал Козлов, Сапарғали, Әмірова мен басқалар мұнайшыларға жандары ашып, тұтанып келе жатқан әлеуметтік араздықтың отын өшірмек болды, – деді Жасарал Қуанышәлин.

Әлеуметтік белсенді Ринат Кибраевтың ойынша, қылмыстық кодекстің әлеуметтік араздықты қоздыру жайлы 164-бабын «қазақ оппозиционерлеріне қолдануы орынсыз, керісінше бұл бап бойынша өз халқына бейбіт күнде оқ атқан билік жауап беруі тиіс».

– Бұл баптың тарихына, оның ішінде әлемдік тарихқа үңілсек, ол бап бойынша саяси
Әлеуметтік белсенді Ринат Кибраев. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.
Әлеуметтік белсенді Ринат Кибраев. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.
қылмыскерлерді соттағаны белгілі: мәселен, Югославиядағы Милошевич, [Иракта] Саддам Хусейн. Қазір Норвегияда Брейвикті де дәл осы бап бойынша жауапқа тартып жатыр. Менің түсінбейтінім, қазақ билігі осылар мен Козловтың арасынан қандай ұқсастық тауып отыр. Бұл баппен әдетте саяси диктаторларды жауапқа тартады, – деді Ринат Кибраев.

«Халық майданы» қозғалысының белсендісі Раушан Барлыбаева да «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айыптың қарапайым азаматтарға тағылуына сын айтты.

– Демократияның саяси-экономикалық негізі – капитализм. Капитализмде, классиктердің айтуынша, адамды адамның қанауы болады. Мұндай қоғамда әлеуметтік араздық – оның ажырамас сипаты, қоғамдық мәні. Бірақ демократия дамыған, біз өркениетті деп атайтын елдерде әлеуметтік проблемалар демократия
«Халық майданы» қозғалысының белсендісі Раушан Барлыбаева. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.
«Халық майданы» қозғалысының белсендісі Раушан Барлыбаева. Алматы, 20 наурыз 2012 жыл.
жолымен өркениетті түрде шешіледі. Сондықтан әсіресе Швеция, Германия сияқты елдерді капиталистік мемлекет деп атайды. Біреулердің айтысынша, біздің елде де капитализм орнап жатыр. Бірақ бұл демократиялық және өркениетті емес, қарақшылық капитализм деседі. Жаңаөзендегі қайғылы оқиғадан кейін әлеуметтік мәселелердің де өркениетті жолмен емес, қарақшылық амалмен шешілетінін көрдік. Сондықтан Жаңаөзенде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген бапты билікке қолдану керек, – дейді Раушан Барлыбаева.

17 адам қайтыс болған (ресми есеп бойынша) Жаңаөзен және Шетпе оқиғаларынан кейін бес адамға – тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының жетекшісі Владимир Козловқа, осы партияның белсендісі Айжангүл Әміроваға, қоғам белсендісі Серік Сапарғалиға, «Рух пен тіл» ұйымының белсендісі Жанболат Мамайға, режиссер Болат Атабаевқа және ереуілші мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаеваға «әлеуметтік араздықты қоздырды» деген айып тағылды.
XS
SM
MD
LG