Accessibility links

Жаңаөзенге жеткен Еуропарламент депутаты тәуелсіз тергеуге шақырды


Жаңаөзен оқиғасы кезінде түсірілген видеодан көрініс. 21 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Жаңаөзен оқиғасы кезінде түсірілген видеодан көрініс. 21 желтоқсан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ақпанның 21-і күні Жаңаөзенге Еуропарламенттен – депутат Петр Борис, Алматыдан – қоғамдық комиссияның бес мүшесі барды.


Маңғыстау облысына келген Польшадан сайланған Еуропарламент депутаты Петр Борис әуелі облыс әкімі Бауыржан Мұхамеджановпен кездесіп, жұмыссыз қалған мұнайшыларды жұмыспен қамтуды және оқиғаның ашық тергелуін сөз етті.

«ТЕРГЕУ БАРЫНША ӘДІЛ ЖҮРІП ЖАТЫР»

– Куәгерлер өз көзімен көргенін қорықпай ашық айтуға мүмкіндік алуы керек. Біз үшін бұл өте маңызды, – деді ақпанның 21-і күні облыс әкімімен кездесуден кейін журналистерге түсініктеме берген Петр Борис.

Еуропарламент депутатымен бірге жүрген тәуелсіз журналист Жұлдыз Төлеудің
Еуропарламент депутаты Петр Борис.
Еуропарламент депутаты Петр Борис.
айтуынша, Петр Борис «Жаңаөзен оқиғасын тергеу жұмыстарына көмектесуге өздерінің де дайын екенін» айтқан.

– Депутат Петр Борис халықаралық тергеу жүргізуге мүмкіндік беруін сұрады. «Бұл оқиғадан бүкіл әлем хабардар, сондықтан тәуелсіз сарапшыларды біз Еуропадан жіберейік» деген ұсыныс айтқан. Бірақ облысы әкімі Бауыржан Мұхамеджанов «Қазақстандағы заңдардың мұндайға мүмкіндігі жоқ екенін», «қазіргі тергеу барынша әділ жүріп жатқанын» айтыпты, – дейді журналист.

Жұлдыз Төлеудің айтуынша, Еуропарламент депутаты Петр Борис «бұл тергеуді бәрібір бақылауда ұстаймыз» деп ескерткен.

Еуропарламент депутатының сапары ертең, ақпанның 22-сінде аяқталады. Ол Жаңаөзен әкімшілігі, құқық қорғау органдары және жергілікті тұрғындармен кездесуді жоспарлап отыр.

«ЖАҢАӨЗЕНДЕ ШТАБ-ПӘТЕР АШАМЫЗ»

Ақпанның 21-і күні Алматыдан шыққан қоғамдық комиссияның бес мүшесі – «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, жазушы Мереке Құлкенов,
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайұлы. Алматы, 11 ақпан 2012 жыл.
Аймұхан Таужанов, «Жас Алаш» газетінің тілшісі Елнұр Әлімова, Guljan.org сайтының тілшісі Мирас Нұрмұханбетовтер де Жаңаөзенге барды.

– Түсте жеттік. Жолда үш-төрт жерде полиция тоқтатты, тек біздің көлікті ғана. Соған қарағанда, біздің сапарымыз жайлы біліп отырған болуы керек, – деді «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай.

Бұл – желтоқсанның 17-сінде құрылған қоғамдық комиссияның Жаңаөзенге үшінші сапары.

Алғаш желтоқсанның 21-інде Жаңаөзенге жете алмай, Жетібайдан қайтуға мәжбүр болған.

Екінші жолы Жаңаөзенге кіргенімен, төтенше жағдай режиміне байланысты тек ресми органдардың қадағалауымен жүріп, тергеу жүргізе алмаған еді.

– Комиссия бірнеше бағытта – қаза болғандар, жараланғандар мен қудалауға ұшырағандарды анықтау бойынша жұмыс істейді. Қазір интернетте, басқа да
«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.
«Азат» ЖСДП бас хатшысы Әміржан Қосанов. Алматы, 28 қаңтар 2012 жыл.
дереккөздер арқылы тарап жатқан мәліметтер көп. Сондықтан оларды бір жүйеге келтіру үшін біз Жаңаөзенде штаб-пәтер, яғни тұрақты кеңсе ашпақпыз. Кез-келген азамат сол жерге келіп, өзіне қатысты жайтты айта алады, – деді комиссия мүшесі Әміржан Қосанов.

Әміржан Қосановтың айтуынша, Жаңаөзенге «комиссия мүшелері жеке график бойынша, кезекпен, алмасып барып тұрады».

– Әркімнің жұмысы бар, шаруалары бар дегендей, сондықтан бір-бірімізді әр үш-төрт күн сайын ауыстырып тұрамыз, – дейді ол.

Қоғамдық комиссия құрамында 11 адам (Әміржан Қосанов, Болат Әбілов, Рысбек Сәрсенбай, Темірхан Медетбек, Зәуреш Батталова, Гүлжан Ерғалиева, Өтеген Ықсанов, т.б.) бар.
XS
SM
MD
LG