Accessibility links

Stan.tv журналистері Назарбаевқа хат жазды


Stan.TV бейнепорталының журналисі Қасым Аманжолұлы. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.
Stan.TV бейнепорталының журналисі Қасым Аманжолұлы. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.

Қаңтардың 11-і күні Алматыда Stan.TV бейнепорталының журналистері жиын өткізіп, Маңғыстау облысындағы мұнайшылар ереуілі жайлы хабар таратуды бастағалы бері өздеріне құқық органдары тарапынан қысым күшейіп кеткендігін айтып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазғандарын жариялады.


Олар соңғы алты айда өз журналистеріне қатысты тексеру-тергеу әрекеті қатайғанын ескертіп, президенттен «Ұлттық қауіпсіздік комитеті және құқық органдарының күшейіп кеткен қысымын доғаруды» сұрайды.

«ЕСІРТКІ, ҚАРУ ЖӘНЕ ЭКСТРЕМИСТІК ҰЙЫМДАР»

– Қаңтардың 10-ы күні біздің кеңсемізге ҰҚК-нің алты қызметкері келіп, біздің үш қызметкерімізді (Шернияз Шағатай, Бауыржан Ыдырысов, Мұрат Белгібаев) алып кетті. Оларды күні бойы ұстап, тергеуге алған, – дейді бейнепортал журналисі Қасым Аманжолұлы.

Ол ел президентіне «ол мейірімді немесе қайырымды, қамқор болғандықтан емес, біздің құқықтарымыздың сақталуына кепіл болуға міндетті болғаны үшін» арнайы хат жазып отырғандарын айтады.

«Соңғы уақыттары күш құрылымдары тарапынан үкіметтік емес ұйымдарға қарсы әрекеттер мен тәуелсіз журналистерге қысым көрсету өсе түсті» деген журналистер көпшілік алдында мәлімдеме жасады.

– Stan.TV қызметкерлерінің есірткіге әуестігі жоқ, заңсыз қару ұстамайды, ешқандай экстремистік ұйымдармен байланысы жоқ. Сондықтан біздің қызметкерлерді бұл көрсетілген қылмыс түрлерімен айыптау арандатушылық деп бағаланатындығын ескертеміз, – дейді Қасым Аманжолұлы.

«ӨЗГЕЛЕРДЕН ӨЗГЕШЕЛІК»

Stan.TV бейнепорталының журналистері Маңғыстауда ереуіл басталған алғашқы күннен бастап ақпарат беріп келеді.

– Сол себепті желтоқсанның 16-сы – қанды оқиға болған күні сол алаңда жүрген тек біздің тілшілер еді. Олар, әрине, өз көрген-білгендерін тергеу барысында куәгер ретінде айтып беруге дайын. Бірақ тергеуге шақыртылған қызметкерлерге
Stan.TV бейнепорталы бас редакторының орынбасары Жұлдыз Төлеу. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.
Stan.TV бейнепорталы бас редакторының орынбасары Жұлдыз Төлеу. Алматы, 11 қаңтар 2012 жыл.
Жаңаөзенге мүлдем қатысы жоқ сұрақтар қойып жатыр. Мәселен, күні кеше ғана ұсталған режиссеріміз Мұрат Белгібаев Жаңаөзенде мүлдем болған емес. Одан «Қандай файлдармен жұмыс істейсіңдер? Сендердің өзгелерден қандай өзгешеліктерің бар?» деген сынды, Жаңаөзенге қатысы жоқ техникалық жайттарды сұрастырған, – дейді бейнепортал бас редакторының орынбасары Жұлдыз Төлеу.

Бейнепортал басшылығы «қазір құзырлы органдар Жаңаөзендегі оқиғаның себеп-салдарын анықтаудың орынына сол «оқиға жайлы ақпарат қалайша интернет арқылы тарап кетті» дегенге бас қатырып отыр» десті.

– Егер журналистерге оқиғадан өзге сұрақтар қойылып жатса, онда тергеу Жаңаөзендегі жаппай тәртіпсіздікке журналистердің өздерін кінәлі етпек ойы бар шығар, – дейді бұл жағдайға қатысты пікір қосқан заңгер Сергей Уткин.

Өткен жылдың қазан айында Ақтауда жүрген Stan.TV журналисті мен операторына шабуыл жасалған еді. Бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілер әлі күнге дейін табылған жоқ.

Stan.TV бейнепорталы – мұнайшылар ереуілін, 2011 жылы желтоқсанда Жаңаөзен мен Шетпеде халыққа оқ атылып, 17 адам (жергілікті халықтың айтуынша, одан да көп адам) мерт болған оқиғаны егжей-тегжейлі көрсеткен санаулы ақпарат құралдарының бірі.
XS
SM
MD
LG