Accessibility links

Маңғыстауда ереуілшілер мен журналистерге қару жұмсау жиілеп барады


Маңғыстаудағы ереуілші мұнайшылар. 2011 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)
Маңғыстаудағы ереуілші мұнайшылар. 2011 жылдың мамыры. (Көрнекі сурет)

Бірнеше айдан бері мұнайшылар ереуілі тарқамай тұрған Маңғыстау облысында травматикалық тапаншамен кем дегенде үш рет шабуыл жасалды.


Шабуылдың бәрі ереуілге шыққан мұнайшылар мен олардың белсенділеріне, ереуіл туралы хабар беріп жүрген оппозициялық тележурналистерге қарсы бағытталды.

Алғаш рет травматикалық қару 8 қазанда ереуілшердің белсендісі Жанар Сақтағановаға қарсы жұмсалса, 26 қазанда ғана әлгіндей қару бірден үш адамға қарсы қолданылды: Stan.tv бейнепорталының 2 тілшісі - журналист Өркен Бисенов пен телеоператор Асан Амилов, ереуілшілердің бірі Естай Қарашаев Жаңаөзенде резеңке оқтан жарақат алды.

«Халық майданы» оппозициялық қозғалысы Ақтаудағы кеңсесі маңында белгісіз біреулер екі белсендісін аяусыз соққыға жығып кеткенін айтады.

Бұл қылмыскерлер неліктен тек ереуілшілерді, ереуіл жайлы хабар беріп жүрген журналистерді ғана нысанаға алады? Бұл оқиғалардың астарында кімдердің мүддесі жатыр?

Азаттық радиосының дөңгелек үстелінде осы мәселер талқыланды. Дөңгелек үстелге Stan.tv бейнепорталының Маңғыстауда соққыға жығылып, пневматикалық тапанша оғынан жараланған тілшісі Өркен Бисенов, «Халық майданы» қозғалысының Маңғыстаудағы өкілі Айжангүл Әмірова, «Қатердегі журналистер» қорының президенті Розлана Таукина, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы полковник Жұма Шоңбасов қатысты.

«БҰЗАҚЫЛАР МЕН ТӘРТІП БҰЗУШЫЛАР»

Полковник Шоңбасов соңғы кезде Маңғыстау облысында ереуілшілерге қарсы шабуылдардың көбейгенін мойындап, оларды «ойланарлық жайт» деп бағалады. Бірақ бұл үш қылмыстың бір-бірімен байланысы жоқ деп есептейді.

– Себебі, бұл жерде жай бұзақылар, тәртіп бұзушылар пайдақорлық ниетпен бөтеннің мүлкін иемдену мақсатында жасалған қылмыс деуге болады. Бұл жерде саяси астары бар қылмыс деп нақты есептеуге де ертелеу деп ойлаймыз. Себебі, соңғы үш қылмыс, сонымен қатар екі кісі өлтіру дерегі бойынша уақтылы қылмыстық кодекстің тиісті баптары бойынша қылмыстық істер қозғалып, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті мен Ақтау және Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармаларының тәжірибелі қызметкерлерінен тергеу топтары құрылып, осы қылмыстарды жасаған күдіктілердің ізін кесіп, істерді ашу мақсатында тергеу жұмыстары жүріп жатыр, – дейді полковник Жұма Шоңбасов.

«НАҚТЫ ТАПСЫРЫС»

Журналист Өркен Бисенов полковник Шоңбасовтың пікірімен келіспей, оған қарсы өз уәжін айтты:

– Естай бауырымның айтқан сөздерін тыңдап қарасам, оған да, бізге де шабуыл жасағандардың жас шамалары 20-25-те болған. Сондықтан, меніңше, осы қылмыстарды істеп талтаңдап-тайраңдап жүргендер – бір
Stan.TV ақпараттық бейнепорталының журналисі Өркен Бисенов.
Stan.TV ақпараттық бейнепорталының журналисі Өркен Бисенов.
азаматтар деп ойлаймын. Егер бізді тонау мақсатында шабуыл жасайтын болса, онда олар сондай қымбат көлікпен [«Тойота Прадо», номері 708] келмес еді, бізді бірнеше күн бойы аңдымас еді. Олардың алыста тұрып бізді аңдығанын мен терезеден өз көзіммен көрдім.

Сондықтан менің өз басым: олар менің қолымдағы ары кетсе 100 мың теңгеден сәл қымбат тұратын құрал-жабдықты алу үшін, бізді тонау үшін жасалған жоқ. Мұның артында адам бар. Ал келіп жүрген жас жігіттер нақты тапсырысты орындау үшін келді деп айта аламын.

Өркен Бисенов журналист ретінде 1,5 миллион тұрғыны бар Алматы қаласы полициясының түнгі рейдтеріне қатысқанын, қылмыс болғаны туралы 5-10 минуттың ішінде хабар келіп түссе, полицияның күдіктіні ізін суытпай қолға түсіретінін мысалға келтірді.

Журналист Ақтауда өздеріне қастандық жасалғаны туралы полицияға дереу хабарласа да, полицияның шағын қалада нөмірі белгілі «Тойота Прадо» сынды үлкен джип автокөлігін таба алмағанына аң-таң болады.

«ҚЫЛМЫСКЕР – БІР АДАМ»

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы полковник Жұма Шоңбасовтың уәждерімен Айжангүл Әмірова да келіспеді. Ол «Жанар Сақтағанова мен Stan.tv бейнепорталының екі тілшісіне, Естай Қарашаевқа травматикалық қару қолданған – бір адам» дегенді айтады

– Өркендерді [Өркен Бисенов пен Асан Амиловты – Азаттық] соққыға
«Халық майданы» қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.
«Халық майданы» қозғалысының белсендісі Айжангүл Әмірова. Алматы, 7 маусым 2011 жыл.
жыққан күннің ертеңіне олар [Алматыға] қайтып бара жатқан кезінде мен қасында болдым. Оларға шабуыл жасағандардың фотороботын салып жатқан кезде. Бірінші фоторобот дайын болған кезде мен: «Мына бала бізге оқ атқан баланың түріне өте ұқсайды» деп бірден айттым. Содан мен сол екі фотороботты суретке түсіріп алып, түнде Өзенге [Жаңаөзен қаласына – Азаттық] бардым. Ертеңіне Естаймен кездесіп, екі фотороботтың суретін көрсетіп, «қайсысын танисың?» деп сұрағанымда, дәл мен күдіктенген баланың суретін Естай да көрсетті. «Мынаның түр-сипаты дәл соған ұқсайды» деді. Одан соң бұл қылмыстар бір-бірімен байланысты емес деп қалай айтасыз!? Әрине байланысты! – дейді «Халық майданы» қозғалысының өкілі Айжангүл Әмірова.

Айжангүл Әмірова мен полицияның тергеу жүргізіп, қылмыскерлерді іздестіріп жатқанына да үлкен күдікпен қарайды.

– Олар іздеп жатырмыз дейді. Бізге 8 қазан күні оқ атылды. 9-ы күні қылмыстық іс қозғадық деді. 10-ы күні бізден жауап алды. 11-іне экспертиза тағайындалады. Ал 9-ы күні «Лада» интернет-газетінде «по сведениям ДВД, по показаниям экспертизы [резеңке оқ] ниже пояса тиген» деп ішкі істер департаментінің мәліметін хабарлап жазды.

«Лада» интернет-газеті бұл мәліметтерді ішкі істер департаментінен алғанын хабарлады. Алайда, егер экспертиза 11-іне тағайындалса, департамент ондай мәліметті баспасөзге 9-ында қалай бере алады?! – дейді Айжангүл Әмірова.

«БҰЛ – ТЕРРОР»

Ал 26 қазанда травматикалық тапаншаның оғынан басы жараланған Естай Қарашаев бұл шабуылдардың тасасында «үлкен кісілер тұруы мүмкін, бұл қылмыстар халық арасында үрей туғызу, ереуілді тарату үшін істеліп отырған арандатушылық болса керек» деп есептейді.

Ол өзіне қарсы қастандық жасалардан бұрын Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерінің телефон соғып, қорқытпақ болғанын есіне алды.

– Guljan.org сайтына сұхбат бергенмін. Сол кезде қауіпсіздік комитетінің капитаны телефон шалып: «Сен не деп жүрсің, не жазып жүрсің – басыңды кесіп аламын ғой!» деген әңгімелер айтты. Мен оған: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, телефонды қоя салған едім. Мен «жай айтқан сөзі шығар» дедім де, онша елегенім де жоқ, – дейді Естай Қарашаев.

«Қатердегі журналистер» қорының президенті Розлана Тәукина Маңғыстаудағы қастандықтардың барлығын бір сөзбен – «террор» деп сипаттады.

– Турасын айтар болсам, бұл – биліктің оппонеттеріне қарсы, мұнайшылар ереуілін жариялап жүрген журналистерге қарсы террор. Біздегі құқық қорғау орындарына жұрт сенбейді, қарақшылардан емес полициядан өлердей қорқады. Құқық қорғау орындарының күдікті істерге араласатыны бұрыннан белгілі, - дейді Розлана Тәукина.

Дөңгелек үстелдің толық аудио нұсқасын тыңдаңыз:

Маңғыстауда ереуілшілер мен журналистерге қару жұмсау оқиғасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:30:01 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG