Accessibility links

«Халыққа оқ атуды ақтайтын заңды жою керек»


Жаңаөзен оқиғасы туралы видео
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:49 0:00
Жүктеп алу

YouTube сайтындағы Жаңаөзен оқиғасы туралы видео.

«Биліктің өз азаматтарын атқанын ақтауға болмайды. Егер заң «қауіп төнді» деп, атуға мұрсат берсе, ондай заңды жою керек» дейді Жаңаөзен оқиғасына орай пікір айтқан адамдар.


Еуропа ғылым академиясының академигі Жанұзақ Әкімнің пікірінше, «өз халқына оқ атқан күш құрылымдарын ақтауға болмайды».

«ЖҰРТ АЙЫПТАП ОТЫР»

– Оқ атып, 15 адамның (14 адам Жаңаөзенде және бір адам Шетпеде) қаза тауып, жүздеген адамның жаралануы, бейбіт халыққа оқ атылуы – шектен шыққандық. Ол демократиялық немесе адами принциптердің ешқайсысына жатпайды. Оның үстіне олар «билікті құлатамыз» деп жатқан жоқ, террористер емес, үкіметке қарсы шығып жатқан жоқ. Ол – бейбіт адамдар. Өздерінің еңбекақыларын айлап ала алмай жүрген, жұмыссыз қалған адамдар, ашынған жандар. Сондықтан оларға оқ атуды ешқандай ақтау болмайды, - деді Жанұзақ Әкім.

«1986 жылғы көтерілісті басу үшін алдымен дубинка қолданды, одан кейін иттерді, одан кейін әлгі күректі қолданды, одан кейін өрт сөндіретін машинамен салқын су шашты. Бірақ оқ атылған жоқ. Ресми баспасөзде «жалданған» адамдар сөйлеп жатқанымен, былайғы жұрт Жаңаөзенде елдің қырылғанын айыптап отыр» дейді ол.

«БИЛІКТІҢ ҚАТЕЛІГІ»

«Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Рақым Айыпұлы Жаңаөзендегі оқиғаны «үлкен қасірет» деп атады.

– Жеті айдан бері қарай «еңбек дауын шешіп бер» деп алаңда тұрған халықты елең қылмау – биліктің үлкен қателігі, ол қасіретке ұрындырды. Екінші үлкен қателік – соншама боздақтардың оққа ұшуы. Полицейлердің арасында оққа ұшқанның болғаны жөнінде хабар естімедік. Керісінше «бұзақылар», тіпті 16-ға толмаған жастар опат болған. Қан төгуге жол берілмеуі керек еді. Енді биліктің мұны қалай тергеп-тексеретіні де белгілі болып қалды. Бұл мәселенің анық-қанығына үкіметтік комиссия жетеді деп ойламаймын. Мемлекеттік телеарналардан айтылған пікірлер ап-айқын болып қалды. «Бұлар – бұзақылар, елдің тыныштығын бұзушылар» деп көрсетіп жатыр. Демек, бірден осылай баға беруден оқиғаны қалай бұратындығын көруге болады, – дейді Рахым Айыпұлы.

«ӨЗ АЗАМАТТАРЫНА ОҚ АТУ – АСҚАН ҚАТІГЕЗДІК»

– Менің ойымша, бұл алдын алуға болатын-ақ шара еді. Тереңдетіп іздесек, әрине, қателік биліктен кеткен, бүлдіріп алған – өздері. Ғимарат өртенсін, бәлен машина өртенсін, бүлінсін – оның барлығы бір адамның өміріне тұра ма? Өзінің азаматтарына оқ ату деген – асқан қатыгездік. Жаңылыспасам, «оқ атуға кім бұйрық берді» деп әркім сұрап жатты, Олар «ешкім бұйрық берген жоқ, полиция ереже бойынша, тәртіп бойынша солай етуге мәжбүр болды, солай етуі керек еді» дейді. Ол қандай заң? Ондай заңды міндетті түрде өзгерту керек. Әрі-беріден кейін сол заңды қабылдаған адамнан қатаң сұрау қажет. Егер шынымен да «адамға оқ атуға болады» деген заң болса, ол заңмен ақталу деген мүлде болмайды, ол заң үшін парламент жауап берсін, - дейді тарихшы Бейбіт Қойшыбай.

«Мұның барлығы кедейлікпен күресудің орнына белгілі бір топты байытумен шұғылданған билікті әрекетінің салдары» дейді Бейбіт Қойшыбай.

please wait

No media source currently available

0:00 0:28:48 0:00
Жүктеп алу
XS
SM
MD
LG