Accessibility links

Киев соты журналист Наталья Садықоваға қарсы сот ісін қарауды кейінге қалдырды

Журналист Наталья Садықова
Журналист Наталья Садықова

Киевтің Шевченко аудандық соты қазақстандық бизнесмен әрі Қазақстанның ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиевтің "Бәсе" жобасының негізін қалағандардың бірі, журналист Наталья Садықоваға қарсы берген арызы бойынша қозғалған істі қарауды 7 тамызға қалдыру туралы шешім қабылдады.

Дүйсенбі, 8 маусымдағы сот отырысынан белсенді Тұрарбек Құсайдың жүргізген трансляциясына сәйкес, талапкердің өкілі Владлен Орлов өзінің басқа қылмыстық іс бойынша шұғыл тергеу әрекеттеріне қорғаушы ретінде қатысатына байланысты судьядан сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады. Жауапкер тарапы отырысты кейінге қалдыруға қарсы болмаған.

Гаджиев "Бәсе" компаниясының негізін қалағандардың бірі Айдос Садықовтың өліміне өзінің қатысы болуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығаруды және жауапкерден шамамен 2500 доллар өтемақы өндіріп алуды талап етіп отыр.

Бизнесмен Гаджиев "Бәсе" арнасын неге сотқа берді? Бизнесмен Гаджиев "Бәсе" арнасын неге сотқа берді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:25 0:00

Бұған дейін Freedom for Eurasia ("Еуразия үшін еркіндік") халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл сот ісін журналистер мен қоғам қайраткерлеріне қысым қалай жасалатынының бір мысалы ретінде қарастыратынын мәлімдеген.

Журналист Наталья Садықова – Киевте қастандықпен өлтірілген қазақстандық оппозициялық журналист Айдос Садықовтың жесірі және Қазақстанға аса танымал тәуелсіз медиалардың бірі – "Бәсе" YouTube-арнасының редакторы.

Ерлі-зайыпты Айдос пен Наталья Садықовтар балаларымен бірге Қазақстаннан кетіп, Украинада босқын мәртебесін алған. Сол елде олар YouTube арнасын құрып, Қазақстан билігін сынаған видеолар, деректер жариялады. Қазақстан билігі Наталья мен Айдос Садықовтарға іздеу жариялаған.

Айдос Садықовты 2024 жылғы маусым айында белгісіз біреулер Киевте атып өлтіріп кеткен. Өлімші болып жараланған Садықов аурухананың жансақтау бөлімінде бірнеше күн ес-түссіз жатып қайтыс болды.

Наталья Садықова бұл қылмысқа Қазақстан билігін айыптап, оның өлімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "пайдалы болды" деген. Астана кісі өлтіруге қатысы жоғын мәлімдеді.

Украина тергеушілері Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты журналист Айдос Садықовтың өліміне күдікті деп таныды. Киев ол екеуі 2 маусымда Украина астанасына келіп, жалға алынған пәтерде тұрған, Айдос Садықовты аңдыған және "белгісіз адамнан" кісі өлтіру туралы алған тапсырысты орындауға дайындалған деп хабарлады. Кейінірек Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, полицияға өз еркімен берілді деп мәлімдеді.

Былтыр көктемде Наталья Садықова "Республика" газетіне Қазақстан Алтай Жақанбаевты ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып, қамаудан босатқанын айтқан. Садықованың сөзінше, Қазақстан билігі Жақанбаев пен Қаратаевты қастандық әрекетімен байланыстыратын дәлелдер жоқ деген сылтаумен істі тергеуден бас тартқан. Биыл сәуірде Қазақстанның Бас прокуратурасы Айдос Садықовтың өліміне қатысты Азаттықтың сауалына берген жауабында "кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын" хабарлады, бірақ қосымша ақпарат бермеді.

Гаджи Гаджиев – Қазақстанда жүріп байыған дағыстандық кәсіпкер. 2024 жылы оның аты-жөні журналист Айдос Садықовтың өліміне байланысты аталған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінде Украинаның "Миротворец" дерекқоры оны санкциялардан жалтаруға және Ресейдің Украинаға қарсы гибридті агрессиясына қатысы, сонымен бірге Ресей барлау қызметтерімен байланысы бар тұлға ретінде тізіміне қосқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG