Accessibility links

«Ұлтаралық қақтығыс» туралы жазған тілші елден кетті


Қырғыз журналисі Ұлықбек Бабақұлов.

Қырғызстандық журналист бас бостандығынан айрылмау үшін елінен кетуге мәжбүр болды. Ал Қырғызстан соты Орталық Азия туралы мақалалар жариялайтын мәскеулік сайтты жауып тастау туралы үкім шығарды.

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті (ҰҚМК) Fergananews сайтының журналисі Ұлықбек Бабақұловты мамырдың 23-і күні жариялаған мақаласында «ұлтаралық араздықты өршітті» деп айыптайды. Бабақұлов пен Fergananews сайты Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған пікірлерді келтіріп, «қауіпсіздік қызметіне көмектестік» дейді.

Мақаласында Бабақұлов мамырдың 18-і күні Қырғызстанның оңтүстігіндегі Жалалабат облысының Ноокен ауданында қақтығыс болғанын, төбелеске шыққандардың пышақпен қаруланғанын жазған. Бірнеше адам жараланған.

«Жапа шеккендер – қырғыздар, күдіктілер – өзбектер екені белгілі болды» деп жазады Бабақұлов. Қырғызстанның оңтүстігінде қырғыз-өзбек қарым-қатынасы жайсыздау мәселеге айналған.

2010 жылы екі ұлттың арасында болған этносаралық қақтығыс талқыланбайды, бірақ оны ешкім ұмытқан жоқ. Ұлты қырғыз Бабақұлов мамырдың 18-інен кейін Facebook бетінде қырғызша жазылған пікірлерді аударып берген.

Бабақұловтың аудармасына қарағанда, өзбектерге қарсы жазылған пікірлер шынымен де этникалық жеккөрініш қоздыратын тәрізді. Пікір жазғандар өзбектерді «құрту керек», «тірідей өртеу керек» дейді, 2010 жылғы қақтығыс кезінде біраз адамның өртенгенін ескерсек, бұл - өте жағымсыз пікір.

Өзбектерді Қырғызстаннан «қуып шығу керек» дегендер де бар. Бабақұлов мақаласында Қырғызстанның құқық қорғау мекемелерінің назарын аударуды мақсат еткенін айтады. Бірақ олай ойламайтындар да бар. Маусымның 1-і күні депутат Мурадыл Мадеминов парламентте «Журналистің [Бабакұлов] бұл мақаласын арандату санаймын» деп мәлімдеген.

«МӘСЕЛЕГЕ НАЗАР АУДАРДЫМ»

Мадеминовтің пікірінше, «құқық қорғау мекемелері мақала мен оның авторын тексеруі, ал этносаралық шиеленісті қоздырғандар азаматтықтан айрылуы керек». Азаттықтың қырғыз қызметі маусымның 2-сі күні Бабақұловтан сұхбат алды, журналист «Мәселені мен шығарғаным жоқ, мен тек оның бар екеніне қоғам назарын аудардым» дейді.

ҰҚМК Facebook бетіндегі шулы посттарды тексеріп, маусымның 6-сы күні арандатушы посттар жазған бірнеше адамның аты-жөнін анықтағанын мәлімдеді. Мамырдың 18-і күні сол ауылдың адамдары арасында қақтығыс болғаны анықталды, бір адам төрт адамды пышақтап, қашып кеткен, кейін ол қырғыз-тәжік шекарасы маңынан табылған.

Олардың ұлты туралы сөз болмады. Маусымның 9-ы күні ҰҚМК баспасөз қызметі «ұлтаралық араздық қоздырған» деген айыппен алты адамның ұсталғанын мәлімдеп, олардың аты-жөнінің бас әріптерін ғана келтірді. Бес адамның бас әрпі Бабақұловтың мамырдың 23-і жарияланған мақаласында келтірген есімдерге ұқсайды, көбі әйелдер болса керек.

Маусымның 9-ы күні ҰҚМК Бабақұловқа қарсы қылмыстық іс қозғады, Бішкектегі Октябрь соты «Фергана» вебсайтын жабуға бұйрық берді. Журналистерді қорғау комитеті (ЖҚК) сол күні мәлімдеме жасады.

Еуропа және Орталық Азия бойынша ЖҚК бағдарламасының үйлестірушісі Нина Огнянова «Депутаттар мен үкіметке тәуелді БАҚ ұлтшылдық қаупін ескерткен Бабақұловты сатқын әрі оңбаған етіп көрсетті» деп мәлімдеді.

Огнянова журналисті қудалауды тоқтатып, «Фергана» вебсайтын қайтадан ашуды талап етті. Вебсайт өкілдері маусымның 11-і күні мәлімдеме жасап, соттың сайтты құлыптау туралы шешімінен хабардар болмағандарын айтты.

Мәлімдемеде «Соңғы аптада баспасөз бен телеарналарда біздің тілші мен агенттігімізді «Қырғызстан халқының жаулары» деп көрсеткен мақалалар көп болды» деп жазылған. Маусымның 12-сі күні Бабақұловтың Қырғызстаннан кеткені белгілі болды.

Бабақұлов Facebook парақшасына «Фергана» вебсайтымен жұмыс істеуді «өз еркімен» тоқтатқанын жазды. Мамырдың 23-і күнгі мақаласында ол әлеуметтік желідегі пікірлерге биліктің назарын аударғысы келетінін айтқан еді.

Алайда мақаладағы пікірлер, әсіресе қауіпсіздік қызметі «президенттің саяси қарсыластарын қудалаумен әуре» және «интернетте адамдар президентті сынаған кезде қауіпсіздік қызметі тез шешім қабылдайды, айыптыны ұстауға тырысады, ал ұлтаралық араздықты өршітетін пікірлерге мән бермейді» деген сөздер Бабақұловтың мәселесін ушықтыра түсетін тәрізді.

Қырғызстан билігі соңғы айларда БАҚ бетінде сын айтқандарға төзімсіздік көрсетіп отыр, кейбір журналистер жазаланып жатыр, қудалау шараларының саяси астары бар деп болжайтындар да бар.

Брюс Панниердің блогы ағылшын тілінен аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG