Accessibility links

Қырғыз экс-президенті Бакиевтің немересі ата тегін ауыстырды


Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев (ортада) отбасы мүшелерімен бірге. 2009 жылы түсірілген сурет.
Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев (ортада) отбасы мүшелерімен бірге. 2009 жылы түсірілген сурет.

Қырғызстанның шетелге қашқан бұрынғы президентінің немересі Руслан Бакиев ата тегін "Петров" деп өзгерткені жайлы Беларусь басылымы хабарлады. Қазір ол атасы Құрманбек Бакиев тәрізді сол елде тұрып жатыр.

Беларусьтің Naviny.by басылымының хабарлауынша, 2010 жылы сәуірде Қырғызстанда болған халық наразылығынан кейін шетелге қашқан экс-президент Құрманбек Бакиевтың немересі Руслан ата тегін "Петров" деп өзгертіп алған. Қазір қашқын атасы сияқты Беларусь Республикасында тұрып жақтан 25 жастағы Руслан Петров – Минск қаласында Centropol көпфункциялы кешен құрылысын салуға қатысушы компанияның меншік иелерінің бірі.

Centropol қала орталығында орналасқан. Ғимарат 2020 жылы ашылады деп жоспарланған. Онда казино, медицина орталығы, балаларға арналған және ойын-сауық орталықтар, сауда орындары, бар мен мейрамханалар, жазғы кафе болады. Жобаға 80 миллион доллар көлемінде инвестиция салынған.

Naviny.by журналистері кешен құрылысын салып жатқан "Гермес Констракшн" компаниясы мен Forpaton Resource LP компаниясы арасында байланыс барын анықтаған. Басылым дерегінше, Forpaton Resource LP компаниясы үлесінің 75 пайызы 25 жастағы Беларусь азаматы Руслан Петровқа тиесілі.

Naviny.by жинаған ақпаратқа қарап, Руслан Петров Құрманбек Бакиевтің немересі деген қорытынды жасауға болады. Қырғызстаннан қашқан бұрынғы президент Құрманбек Бакиевтің отбасы мүшелерімен түскен суреттегі адамның түрі Руслан Петровтың Facebook парақшасындағы, (оның достарының арасында қуғындағы экс-президентінің кіші ұлымен аттас Максим Бакиев деген қолданушы бар), Linkedin желісіндегі және өзі бітірген Беларусь мемлекеттік университетінің сайтындағы суретке ұқсайды.

2010 жылы Руслан Маратұлы Бакиев Беларусь мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар факультетінің «әлем экономикасы» мамандығына оқуға түскен. Оның аты-жөні студенттер тізімінде бар. Бірақ келесі жылы дәл сол факультетте Руслан Маратұлы Петров деген студент оқыған. Ол университетте экономикалық викторинаға, дзюдо жарысына қатысқан.

Naviny.by редакциясының Беларусьтегі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың бірыңғай мемлекеттік тіркеу реестрінен алған анықтамасында Руслан Маратұлы Петров "Белхантер-Инвест" компаниясы құрылтайшыларының бірі ретінде көрсетілген. Реестрге биыл наурыз айында тіркелген компания жеке, жалдамалы пәтерлерді жалға берумен айналысады.

Naviny.by журналистері Руслан Петровпен байланысуға тырысып көрген. Бірақ ол қарамағындағы қызметкерлер арқылы Centropol кешені құрылысына қатысы жоғын айтып, жауап берген. Басылымның дерегінше, Centropol жобасымен оның әкесі Марат Бакиев айналысады.

2018 жылы шілде айында Беларусь басылымдары Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсенов аты-жөнін Даниил Урицкий деп өзгертіп, Беларусьте бизнес ашқаны туралы жазған еді. Қырғызстан соты Үсеновті 2010 жылы елде наразылық шеруіне шыққан бейбіт азаматтарды жаппай атуды ұйымдастырғаны үшін өмір бойына бостандығынан айыру туралы үкім шығарған.

Құрманбек Бакиев 2005-2010 жылдары Қырғызстан президенті болған. Ол билікке Асқар Ақаевтың үкіметіне қарсы "Қызғалдақ революциясының" арқасында келген. Бірақ 2010 жылы сәуірдің 7-15 күндері болған жаңа революция кезінде оппозиция Бакиевті биліктен тайдырған. Саясаткер елден қашып, бірнеше жылдан бері отбасымен бірге Беларусьте саяси эмиграцияда тұрып жатыр.

Қырғызстанда Құрманбек Бакиев пен оның бауыры Жаныбек Бакиевке қарсы оннан астам қылмыстық іс қозғалған. Оларға тағылған айыптардың арасында Бішкекке жақын маңдағы 262 гектар ауылшаруашылық жерін құрылысқа заңсыз беру, британ кәсіпкері Шон Дэйлидің өміріне қастандық ұйымдастыру да бар.

Бішкектің Октябрь ауданы соты 2010 жылы желтоқсанда Құрманбек Бакиев пен оның ағасын сырттай 10 жылға бостандығынан айырған. Жаңа сот үкіміне сәйкес, бұрынғы президентке 30 жыл, ал ағасына өмір бойына түрме жазасы берілген.

Қырғызстан әскери соты 2010 жылғы сәуір оқиғаларына байланысты Құрманбек Бакиевті өмір бойына бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Бірақ 2016 жылы Жоғарғы сот үкімді өзгертіп, оған 30 жыл түрме жазасын берген.

Бұрынғы президенттің ұлы Максим Бакиевті де жемқорлық және қылмыстық жолмен келген ақшаны заңдастыру айыптары бойынша өмір бойына бас еркіндігінен айыру туралы сырттай сот үкімі шыққан. Қырғызстан оған халықаралық іздеу жариялаған. Түрлі ақпарат құралдарының дерегінше, ол Лондонда және Беларусьте тұрады. Минскінің түбіндегі Раубичи ауылында үйі бар.

Бұған дейін "Настоящее время" басылымына берген сұхбатында Құрманбек Бакиев ұлының бюджеттен ақша жымқырғанын жоққа шығарған.

- Ұлы Максимнің қолында билік болды, бизнеспен айналысты деп айтады. Иә, ол кәсіпкер болды. Бірақ оның қандай активтері болғанын әкесі мен де білмеймін. Олар елден миллиондаған, миллиардтаған доллар алып шыққан, қазір шетелде шалқып өмір сүріп жатыр дейді! Неге олар Лондонның жоғарғы сотына шағым түсіріп, сол сөзді дәлелдемейді? Сәуірдің 7-сінен кейін бұл ақшаның қайда кеткенін жаңа биліктен сұрау керек, - деген Құрманбек Бакиев.

Бакиевпен бірге Беларуське қашқан Қырғызстанның экс-премьері де атын өзгертіп, бизнес ашқан.

"Настоящее время" сайты материалынан аударылды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG