Accessibility links

Жээнбеков биліктегі туыстары мен сатқындық туралы айтты


Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков баспасөз мәслихатында. 19 желтоқсан 2018 жыл.
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков баспасөз мәслихатында. 19 желтоқсан 2018 жыл.

Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков осы қызметтегі алғашқы баспасөз мәслихатында "президент сайлауы кезінде төленген ақша" дауы, биліктегі туыстары, өзін "сатқын" атайтындар мен экс-президент Алмазбек Атамбаев жайлы, елде түрмеде отырған саясаткерлердің ісі, Шыңжаңдағы этникалық қырғыздар мәселесі туралы және өзге де сауалдарға жауап берді.

"ЖЕМІСТІ ЖЫЛ"

Желтоқсанның 19-күні Бішкекте Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков осы қызметтегі алғашқы баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынға 80-нен аса бұқаралық ақпарат құралынан 170-тен астам журналист қатысып отыр деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Қырғыз президенті аяқталғалы отырған 2018 жылды жемісті жыл деп атады. Жээнбеков жыл ішінде көптеген елдерді аралап, маңызды проблемаларды шешуге талпыныс жасалғанын айтты.

"Мемлекет басшылары, үкімет жетекшілері деңгейінде экономика, әлеуметтік саладағы өзекті мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Ең күрделі мәселе - мүгедек балалардың ата-аналарына жәрдемақы төлеуге қатысты болды. Біз оған қол жеткіздік", - деген Жээнбеков.

Ол президенттік өкілет мерзімі аяқталғанға дейін аймақтарды дамыту бағдарламасымен айналысуға ниетті екенін айтқан.

Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы қазанның 15-інде өткен сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес Қырғызстан президенті болып сайланған. Осы сайлау қарсаңында, былтырғы қыркүйектің 19-ы күні Қырғызстан президенттігіне кандидат Омурбек Бабановты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қабылдап, оның атына жылы лебіз білдіргеннен кейін Қырғызстан мен Қазақстанның арасы ушығып кеткен. Сол кездегі қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев Астананы "көрші елдің ішкі шаруасына араласты" деп айыптаған.

Қазақстан Қырғызстанмен шекарадағы бақылауды қазанның 10-ынан бастап күшейтілген режимге көшіргеннен кейін көрші елден Қазақстан аумағына өту қиындап кеткен еді. Астана шекарада тексерудің күшейтілгенін "контрабандамен күрес шарасы" деп түсіндірген. Бішкек Қазақстан жағы шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп мәлімдеген. 2017 жылы қарашаның 30-ы күні Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қырғызстанның жаңадан сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков Минскіде кездесіп, шекара мәселесін талқылағаннан кейін шекарадағы жағдайды реттейтін "жол картасы" қабылданып, көп ұзамай шекара бекеттерінде жүк көліктерін өткізу бұрынғы қалпына келтірілген.

"САЙЛАУ КЕЗІНДЕГІ ТӨЛЕМ" ДАУЫ

Журналистер тарапынан президентке қойылған алғашқы сұрақтардың бірі 2017 жылғы президент сайлауында Жээнбеков кандидаты болған Қырғызстан социал-демократиялық партиясының сайлауалды штабында Алексей Василивецкий жұмыс атқарған я атқармағаны туралы болды. Саяси технолог ретінде белгілі бұл адам өткен айда өзінің шетел азаматы екені, соңғы президенттік сайлауда Сооронбай Жээнбековке кеңес бергені үшін ақша алғаны, кейінгі кездері аңду мен қорқытып-үркітулерден кейін сегіз жыл жұмыс істеген Қырғызстаннан кетуге мәжбүр болғаны туралы мәлімдеген. Василивецкийдін аты-жөні жақында қырғыз құқық қорғаушысы Нурбек Токтакунов "Жээнбековтің орталық штабының сайлауға жұмсағаны" деп көрсеткен қаражат туралы тізімде кездеседі.

Президент Жээнбеков Василивецкийді алғаш рет Ош губернаторы болып істегенде көргенін, оның шетел азаматы екенін білмегенін айтты.

"Василивецкий – Фаридтің (Фарид Ниязов) ең жақын кеңесшісі. Мен премьер-министр болғанымда ол да маған соны кеңесші етіп алуды ұсынған. Бірақ мен ондай кеңесшілерге мұқтаж емеспін. Жергілікті жерлерде не болып жатқанын білемін. Ол өзіне 170 мың доллар төлегенін айтады. Егер ақшаны алғаны рас болса, онда келіп жауап берсін. Қазір тергеу жүріп жатыр. Ал штаб бастығы Фарид Ниязов тазамын дейді, ол бірінші жауап беруі керек. Мен премьер-министр қызметінен кететінім туралы өтініш бердім де, сайлауға түстім, мен осылай еткен бірінші адаммын", - деді Жээнбеков.

ОМУРБЕК БАБАНОВ ТУРАЛЫ

Сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында Сооронбай Жээнбеков 2017 жылғы президент сайлауында бәсекелесі болған, Жогорку Кеңештің экс-депутаты, "Республика Ата-Жұрт" партиясының лидері Омурбек Бабанов туралы сұраққа жауап берді.

"Омурбек Бабановпен ешқандай екіжақты немесе үшжақты келіссөздер болған емес... Мен Бабановты Қырғызстанның қоғамдық телерадио корпорациясының эфиріндегі дебатта ғана көрдім. Ол бұрынғымен (экс-президент Алмазбек Атамбаевты айтады - ред.) сөйлескен, не жайлы екенін білмеймін", - деді Жээнбеков.

2017 жылы президент сайлауынан кейін Омурбек Бабанов Қырғызстаннан кетіп, саяси мансабын аяқтайтынын мәлімдеген.

Бүгінгі баспасөз мәслихатында Сооронбай Жээнбеков 2017 жылы Қырғызстан президенті сайлауына түсу туралы шешім қабылдаған кезде "болашақ" туралы ешқандай келісім болған жоқ деп мәлімдеген.

"Мен ешкімнен қаймыққан жоқпын және ондайлардың қатарынан шыққанымды айттым. Мен халықтың президенті болам деп уәде бергем... Менің сыртымнан не істеді, қандай сценарий құрастырды – онда шаруам жоқ", - деген Жээнбеков.

"Қазір Бабановқа қарсы қылмыстық іс қозғау дұрыс емес деп айтады. Біз - құқықтық мемлекетпіз. Бізде заңдар, жүйе жұмыс істеуі тиіс, ешкім заңды аттап кетпеуі керек. Сонда ғана мемлекет аяғынан тұрады. Егер іс қозғалған болса, оны аяғына дейін жеткізу керек", - деген президент.

"БҰРЫНҒЫ БИЛЕУШІЛЕРДІҢ ЖОЛЫМЕН ЖҮРМЕЙМІН"

Сооронбай Жээнбеков бүгінде кейбір адамдардың оны "сатқын" деп атайтындығына қатысты пікірін білдірді.

"Президент сайлауына түсерде бір адамның я топтың емес, бүкіл халықтың мүддесін қорғауға ант еткенмін. Егер бәзбіреулердің мүддесін басқалардан жоғары қоймағаным үшін мені сатқын десе, мейлі, олар үшін солай боп қалайын. Мен үшін ең бастысы – халық мүддесі. Елде болған екі революцияның себептері менің есімде, мен ешқашан бұрынғы билеушілдердің жолымен жүрмеймін", - деп мәлімдеген Жээнбеков.

Қырғыз президенті қазір парламентте қаралып жатқан экс-президенттің тиіспеушілік құқығы туралы заң жобасына қатысты ойын білдірді.

"Егер де бұл шынымен (экс-президент Алмазбек) Атамбаевқа қарсы жазылған заң болса, онда мен қарсы болмақпын. Бірақ 2003 жылы қабылданған заң Конституциямызға сәйкес келмегендіктен, оны сол негізгі заңға сәйкес келтіріп жатыр... Бұл заң маған да тиесілі. Мен де кейін (билікті) тапсырам да кетемін. Әр адам кейінгісін ойлауы керек. Әкем "мемлекеттің құрығы ұзын" деп айтушы еді. Бәріміз заң алдында бірдей болуымыз керек. Экс-президентті қандай жағдайда жауапқа тарту керектігі заңда нақты жазылуы тиіс. Мен ешкімді жауапқа тартпаймын, заң, тиісті органдар жауапқа тартады", - деген ол.

Желтоқсанның 13-і күні Қырғызстан парламенті бұрынғы президенттерді тиіспеушілік құқығынан айыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған.

Елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасы ушыққан сәтте талқылауға түскен заң жобасында "Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы" заңындағы бірнеше баптың күшін жою қарастырылған. Заң өзгеретін болса, президентке импичмент жарияланып, оған парламент пен Бас прокуратура қандайда бір айып тақса, ол заң алдында жауапқа тартылады. Бұған қоса, қырғыз депутаттары экс-президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беретін 18-бапты да өзгертуді бірінші оқылымда қолдаған.

Өзгеріс енгізілсе президент қызметінен кеткен соң ар-намысы мен абыройына нұқсан келген жағдайда сотқа өзі шағымданады. Қазанның басында Қырғызстан Конституциялық палатасы "Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы" заңның экс-президентке мүлде қол сұғуға болмайтыны жайлы 12-бабы азаматтардың барлығы заң алдында бірдей деп көрсетілген Конституциядағы қағидаға қайшы деп тапқан.

Постсоветтік Қырғызстанда қазір тек екі бұрынғы президент тиіспеушілік құқығын иеленіп отыр. Олар - Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев. Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев Қырғызстаннан шетке қашқанда бұл құқықтан айырылған. Екеуіне де "өкілетін асыра пайдаланды" деген айыппен сырттай ұзақ мерзімге түрме жазасы кесілген.

ПРЕЗИДЕНТ ТУЫСТАРЫНЫҢ БИЛІККЕ АРАЛАСУЫ ЖАЙЛЫ

Қырғызстан президенті қазір парламент депутаты болып отырған бауыры Асылбек Жээнбековті "елдегі кадр мәселесін шешетін негізгі адам" деген сынға қатысты да жауап беріп, оны жоққа шығарды.

"Ол артық сөз болады деп тіпті (парламент) сессиясына да көп бармайды. Егер оны елдегі барлық мәселелерді шешеді-мыс десеңіздер, маған нақты дерек беріңіздер. Сіз айтып отырғандай, ол барлық кадр мәселесін шешетін кеңселердің нақты мекен-жайын көрсетіңіздер. Егер расталса, мен ешкімді аямаймын", - деген Жээнбеков.

Президент елде отбасылық-кландық басқаруға жол бермейтіні туралы мәлімдеген. Жээнбековтің тағы бір бауыры Жусупбек Шарипов қазір Қырғыстанның Украина мен Молдовадағы елшісі қызметін атқарады.


ШЫҢЖАҢДАҒЫ ҚЫРҒЫЗДАР МӘСЕЛЕСІ

Желтоқсанның 19-ы күні баспасөз мәслихатында Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Қытайдағы этникалық қырғыздарды ұстауға қатысты пікірін алғаш рет білдірді. Ол Қырғызстан бұл мәселені шешкенде абай болғаны жөн деп санайды.

"Ең жоғарғы деңгейлі дипломатиялық шеберлікті қолдану керек. Қырғызстанда Қытайдың 10 азаматы сотталған, олардың бесеуі түрмеде отыр. Олар айғай шығарып жатқан жоқ қой. Қытайдағы этникалық қырғыздар – сол елдің заңдарына бағынатын Қытай азаматтары. Біз олардың ісіне қалай араласа аламыз? Өйте алмаймыз. Бірақ біз дипломатиялық арналар бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Әлде маған да көшеге шығу керек пе?" - деген Жээнбеков.

Бұған қоса ол Қырғызстанның өзі де көпұлтты ел екенін, сондықтан өзге елдерді сынамас бұрын ең әуелі өзіндегі жағдай туралы ойланған дұрыс болатынын айтты.

"Мен қорыққандықтан емес, қарым-қатынасты бұзбау үшін айтып отырмын. Қытай – әлемдегі екінші экономика, біз стратегиялық әріптестерміз. Проблемалар туралы айту керек, бірақ абай болған дұрыс", - деген ол.

Соңғы айларда Қытайдың Шыңжаң аймағында тұратын қазақ, қырғыз, ұйғыр тәрізді этникалық азшылық өкілдерін билік "білім орталығы" деп, ал құқыққорғаушылар "саяси тәрбиелеу лагері" деп атаған орындарға мәжбүрлеп жіберіп жатқаны туралы тараған ақпараттарға байланысты халықаралық қауымдастық бұл мәселеге жіті назар аударған. Түрлі деректер бойынша, Қытай билігі ол жерде ондаған мыңнан бірнеше жүз мың адамға дейін ұстап отырған болуы ықтимал.

ТҰТҚЫН ОМУРБЕК ТЕКЕБАЕВҚА РАҚЫМШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ

Сооронбай Жээнбеков қырғыз парламентінің экс-депутаты, қазір түрмеде отырған оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевқа рақымшылық беруге әзір екені туралы айтты. Жээнбеков Текебаевқа үкім өзі президент болып сайланғанға дейін шыққанын еске салды.

"Оның ісін сот инстанцияларының барлығы қарады, үкім шықты. Мен оған еш араласа алмаймын. Жалғыз жолы – егер ол өзіне рақымшылық жасауды сұрап өтініш берсе, оны орындауға әзірмін. Басқадай өкілеттігім жоқ", - деп мәлімдеген Жээнбеков.

"Ата-Мекен" партиясының лидері, Қырғызстан парламентінің экс-спикері Омурбек Текебаев "2010 жылы Ресей азаматы Леонид Маевскийден 1 миллион доллар алған" деген күдікпен 2017 жылы ақпанда ұсталған. Сол жылы қарашада сот үкімі бойынша Текебаев пен Қырғызстанның Оңтүстік Кореядағы бұрынғы елшісі Дүйшенқұл Чотонов сегіз жылға бас бостандықтарынан айырылып, дүние-мүліктері тәркіленген. Екеуі де өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарып, үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG